Инновациялық революция дәуірі басталды
«Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев Атырау мұнай және газ университетінде кездесу өткізді. Жоғары оқу орындарының оқытушылары, мектеп директорлары мен студенттер қатысқан шарада Елбасы Жолдауындағы бірінші басымдық – экономиканың технологиялық жаңғыртылуы мәселесі жан-жақты қозғалды.
Робототехниканың маңызы ерекше
Адамзат баласы төртінші өнеркәсіптік революция табалдырығын аттаған тұста технологияның маңызы айтпасақ та ұғынықты. Сол себепті оны дамыту, жастарды бұл салаға тарта білу – бүгінгі күннің маңызды мәселесі.
Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Айдарбек Айтбөкешевтің айтуынша, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыруда халықтың ақпараттық сауаттылығы маңызды рөл атқарады. Ал, оның бастауы білім беру ошақтарынан негіз алады. «Біріншіден, педагог қызметкерлердің ақпараттық құзыреттілігін арттыру. Бүгінгі таңда облыс бойынша Назарбаев Зияткерлік мектептерінің деңгейлік бағдарламалары шеңберінде 2327 педагог «Оқыту мен оқуда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану» модулін игеріп шықты. Сонымен қатар, оқушылардың зерттеу және бағдарламалау дағдыларын жетілдіруде «Робототехника» үйірмелерінің алар орны зор» деді ол.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Саламат Ідірісов технологиялық жаңғыру, үш тілде білім беру мәселелері күн тәртібінен түспейтінін айтты. «Бүгінде Қазақстанның биоресурсы, энергияның баламалы көздері, су ресурстарын интегралды басқару, эко-менеджмент, IT басқару, Big Data (ауқымды мәліметтер) мен сараптама, киберфизикалық жүйелер сияқты пәндер білім бағдарламаларына салааралық зерттеулер негізінде енгізілді. Сандық технологияларға негізделген екі жоба Португалия және Греция жоғары оқу орындарымен бірлесіп, «Эразму+» бағдарламасы бойынша конкурсқа тапсырылды. Оқу орны облыстың 10 мектебіне робот жасау зертханасын сыйға тартты» деген ол бұл бағытта университетте жүргізілген басқа да жұмыстарға тоқталды.
Зертханалар жетіспейді
Десек те, мәселе жоқ емес. Оның айтуынша, IT технологиялар бойынша зертханалар жетіспейді. Магистратура ашу бағытындағы ұсыныстар да түрлі ескертулермен жүзеге аспай келеді. Бұл орайда партия хатшысы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің әлеуеті зор білім ордасы болғандықтан, ғылыми жобаларға басымдық беру қажеттігін сөз етті. «Техникамен жабдықтау ісі әсіресе, ауыл мектептерінде мәз емес. Сондықтан, университет ғалымдары мектептермен байланысты дамыту қажет. Оқу орындарыңыздан бізге көрсеткен «принтер» техникасы 2001 жылы шыққан. Яғни, бұл технология дамуынан 15 жылға кейінге қалғанымызды көрсетеді. Жолдауды сапалы жүзеге асыруды осындай істерден бастау керек. Мамандарымыз технологияны жетік меңгеріп, оны өндіріспен байланыстыра білуі тиіс. Сонда бұл жерде мыңдаған жұмыс орны ашылып, технология да дамитын болады» деді ол.
Енді наурыз айынан бастап Атырау қалалық жастар ресурстық орталығында тегін ағылшын тілін оқыту курстары ұйымдастырылады. Бұл туралы мәлімдеген орталық басшысы Рафхат Бозбалиев робототехника үйірмесін ашу да жоспарда барын айтты.э
Көркем БОЛАТҚЫЗЫ,
Атырау қалалық мектептен тыс оқушылар орталығы
робототехника үйірмесінің жетекшісі:
— Оқушыларға қосымша білім беру орталығында робототехника үйірмесі былтырғы наурыздан жұмыс жасауда. Бүгінде үйірмеге 70-ке тарта оқушы қатысуда. Балалар бұл үйірмеге алғашында шетелдік кинолардан көрген түрлі робот кейіпкерлеріне қызығу арқылы келеді. Мұнда оларға роботтардың түрлерін таныстырып, олардың маңыздылығын түсіндіреміз.
Робототехника өмірдің барлық саласында қолданылады. Өздігінен ашылып-жабылатын есіктерден бастап, нанотехнологияларға дейін робототехника пайдаланылады.
Жанна ҒАББАСОВА,
Атырау мұнай және газ университеті «Автоматтандыру
және ақпараттық технологиялар» кафедрасының меңгерушісі,
техника ғылымдарының кандидаты, профессор:
— Біріншіден, «Ақылды қала Атырау» (Smart City Atyrau) тұжырымдамасын дамыту «Smart City Atyrau» тиімді жұмысы үшін терең интеграцияланған жүйенің көптеген ішкі жүйелері қажет. Екіншіден, университеттің әлемдік цифрлы көшбасшы болып табылатын SAP университеттік альянсының құрамына (SAP/ТМД) енуі тиіс. Үшіншіден, ІТ мамандықтарының студенттерін, «User» әлеуметтік жоба аясында Атырау қаласының тұрғындарын компьютерлік сауаттылыққа және ақпараттық-компьютерлік технологияларды оқыту үшін ерікті ретінде қолдану керек. Төртіншіден, бизнес-инкубаторы көмегімен ҰБТ-ға дайындалу мақсатында «Foundation» бағдарламалық қосымшасын және «Цифрлық мектеп» жобасы аясында «Цифрлық кітапхана» бағдарламалық қосымшасын әзірлеу маңызды. Бесіншіден, университеттің барлық мамандықтарына «Робототехника негіздері және мехатроника» курсы бойынша блог енгізу керек.
Мәлике Қуанышева