Жарнама
Жаңалықтар

«ИННОВАЦИЯЛЫҚ АВТОБУС» АТЫРАУҒА КЕЛДІ

Бұған дейін еліміздің 14 қаласында болып қайтқан «инновациялық автобус» байқау шарттарын түсіндіріп, болашақ бизнесмендерді шақырған. Біздің өңірде бір күндік акция Атырау мұнай және газ институтында жалғасын тапты. Ресми топты «Технологиялық дамыту жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ басқарушы директоры Серік Маратов бастап келді. 
-Бұл шара үдемелі индустриалды инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырылып отыр. Мұндай байқауды өткізудегі басты мақсат – халықтың инновациялық белсенділігін арттыру, жаңа технологияларда әлеуметтік маңызы бар жобаларға қолдау білдіру. Басқа аймақтардағыдай, Атырау облысында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бірақ, оны әлі де дамыта түсу қажет. Біз акция жаңа идеялар мен бизнес-жоспарларды анықтауға септігін тигізеді деп сенеміз,-деді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Лариса Жұмағалиева.
Айта кету керек, ағымдағы жылдың 14 мамырынан бастап республикалық инновациялық бизнес-жоспарлар «NIFS50К» байқауына өтініштерді қабылдау басталып кетті. Бүгінгі таңда ол еліміздегі инновациялық белсенділікті насихаттау бағытындағы үздік жобаға айналды. Биыл сегізінші рет ұйымдастырылып отырған шара 2010 жылдан бастап «Инновациялық форсаж» атауымен интеллектуалдық реалити-шоу ретінде көрсетілуде. Бұл жолы байқау республикалық телеарналардың бірінен қазан айында көрермен назарына жаңаша сипатта ұсынылады деп жоспарланып отыр. Ұйымдастырушылардың пікірінше, соңғы жылдары тележобаның сапасы айтарлықтай жақсарған.
Байқау шарты бойынша келіп түскен өтініштердің ішінен 15 үздік жоба таңдалып алынады. Авторлары бірден телешоу қатысушысы атанса, ұйымдастырушылар жобалардың жүзеге асыуына жәрдемдеспек. Жалпы, жас бастамашыларға қиындық келтіретіні – бизнес-жоспар құру, жобаның тиімділігін қарапайым түрде түсіндіру, өз кәсібіне инвесторлардың қызығушылығын ояту десек, кәсіби бизнес-жаттықтырушылар оларға үнемі кеңестерін беріп отырады. «Үздік төрттік» қатарына кіретін шетелдік консалтингтік компания сайыскерлерге бизнесті жоспарлауға қатысты арнайы оқу шарасын жүргізеді. Сөйтіп, қызу сайыстың қорытындысымен жеңімпаздарға 7,5 млн.теңге, ІІ және ІІІ орын иегерлеріне сәйкесінше 2,5 млн. теңге және 1 млн.теңге көлемінде грант табысталады.
Акция барысынан ұққанымыз, жыл сайын қарапайым халықтың байқауға қатысуға деген қызығушылығы арта түсуде. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын небары 191 өтініш түссе, былтыр оның саны 298-ге жеткен. Ағымдағы жылы Атырау аймағының өзінен 25 бизнес-жоспар таныстырылды. Жаңашыл идеялардың басым бөлігі мұнай-газ және химия салаларына қатысты болды. Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің өкілдері қаракөл қойын дамыту бағытында жоба ұсынды. Осылайша, «инновациялық автобус» көптеген кәсіпкерлер мен ғалымдарға мүмкіндік берді. Оның үстіне, енді инноваторлар өтініштерін www.nif50k.kz сайты арқылы жолдауына болады.

Айбөпе САБЫРОВА.
Суретті түсірген Ә. ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button