Жарнама
Жаңалықтар

Инклюзивті театр «Күшік күйеу» спектаклін сахналады

Атыраудағы «Талшын» инклюзивті театрының жаңа маусымы «Күшік күйеу» спектаклімен ашылды. Бұл қойылым – театр ұжымының екінші сахналық туындысы. Алғашқы спектакль — көрермендер жүрегін жаулаған отбасылық драма «Бір түп алма ағашы» жазда үлкен ықыласқа ие болған еді.

«Күшік күйеу» — отбасындағы қарым-қатынастар мен аға және жас буын арасындағы мәселелерді сатиралық комедия түрінде бейнелейді. Бұл спектакль арқылы өмірдің шынайы көріністері мен әлеуметтік мәселелерді көтеру көзделген. Қойылымда басты рөлдерді мүгедектігі бар актерлар сомдап, өнердің шекарасын кеңейтуде, инклюзиялық қоғам құру идеясына терең қолдау көрсетуде.

Шығармашылық ұжым бұл қойылымға үш айдан астам уақыт дайындалды, әр актер өз рөлін терең меңгеріп, сахнадағы шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік алды.

–Мен бұл арманыма жету үшін көп күш салдым. Кішкентай кезімнен түрлі сериалдарды көріп, олардағы талантты актерларға қызыға қарайтынмын. Енді осы мүмкіндікті беріп отырған театрға шын жүректен алғысымды білдіремін. Мен үшін бұл — үлкен қуаныш, — дейді спектакльде басты рөлдердің бірін сомдаған Жұлдыз Кәрімова.

Инклюзивті спектакльге алғаш рет келген көрермендер де өз пікірлерін білдірді.

–Бұл менің инклюзивті театрға алғашқы рет келуім. Шынымды айтсам, осыншама қызықты болады деп күтпеппін. Бәріне тең қоғам идеясын қолдап келген көрермендердің көп болуы мені қуантты, — дейді Азина Жәнібекова.

Премьерадан кейін театр труппасы Жылыой ауданында «Бір түп алма ағашы» спектаклімен келесі қойылымға дайындықты бастайды.

Айта кету керек, «Талшын» театры «Біз де адамбыз» қорының ұйымдастыруымен және «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен жұмыс істеуде. Бұл компания өңірдегі әлеуметтік бастамаларды қолдап, инклюзивтік қоғамның дамуына үлес қосуда.

Жайна МӘЛІМҚОЖА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button