Инфляцияның Атырау экономикасына әсері қандай?
Статистикалық мәліметтерге қарағанда, республикада биылғы қаңтар-тамызда инфляция деңгейі 3,9 пайызды құраған. Қазіргі әлемдегі аумалы-төкпелі шақта аса жоғары көрсеткіш емес. Әйтсе де, осы аралықта азық-түлік тағамдары 3,6 және күнделікті тұтынатын тауарлар 4,2 пайызға көтерілген. Бұған ақылы қызмет бағасының төрт пайызға өскенін қоссақ, біраз қымбатшылыққа жол берілгенін байқаймыз.
Міне, инфляция дегеніміз – бағаның өсуінен туындайтын құбылыс. Демек, қай нәрсенің құны да қолжетімсіз дерлік биікке көтеріледі. Кәсіпорындар дайын өнімдерін біртіндеп өткізуді көздеп, өндіріс қуатын төмендетеді. Ал, аз заттың қашанда қымбатқа сатылатыны белгілі. Яғни, тауар тапшылығы да – инфляцияны тудыратын себептердің бірі.
Тұтынушының таңдау құқы шектелген соң қызмет сапасы да нашарлайды. Жұрт өзіне ұсынғанды қанағат тұтуға тура келеді. Халықтың сатып алу қабілеті төмендейді. Тәуелсіздігіміздің бастапқы жылдарындағы ахуал аға буын жадында шығар. Адамдар қаражатын жұмсайтын тетік таба алмаған. Дүкен сөрелері бос, газ бен су берілмеді. Сонда қолындағы ақшаға не сатып алмақ?
Осы орайда Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтың айтуынша, алдымыздағы жылы елімізде инфляция деңгейі 5-7 пайыз шамасында болжанып отыр. Одан әрі оны төрт пайыздан да төмендету көзделген.
Жалпы, инфляция – кез келген экономикалық даму үлгісіне тән объективті құбылыс. Оның тарихы 1775-1783 жылдары Солтүстік Америкадағы тәуелсіздік үшін болған соғыс салдарынан доллардың құнсыздануынан басталады. Кейін Франция валютасы да 1784-1794 жылдарғы революция кезінде әбден әлсіреген. Демек, әскери шығындардың өсуі, тұрақсыздық әсерінен әлеуметтік ахуалдың асқынуы – инфляцияға апаратын төте жол.
Ұлттық банк таратқан мәліметке қарағанда, биылғы 21 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында теңгеміз долларға шаққанда 2,6 пайызға әлсірепті. Мамандар мұндай жағдайдың орын алуын шетел валютасына сұраныстың артуымен және әлдекімдердің тағы да девальвация болу қаупін таратуымен түсіндіреді. Соңғы болжамның ықтималдығын кейбір сарапшылар алдында-ақ ескерткен. Әрине, мұндай жайды теріске шығармағанның өзінде, ол – нарықтық экономика жағдайында қалыпты құбылыс. Әйтсе де, оны әркімнің көріпкелдікке салынып, болжам түрінде жариялауы елде толқу туғызып, теңгенің одан әрі құнсыздануына соқтырады. Әрі, шетел ақшаларын сатып алу барысында тауар айналымына қажеттіліктің үстіне ұлттық валютаның эмиссиялануы да – инфляцияға бастайтын тетік.
Ұлттық валютаның құлдырауын болдырмау үшін тамызда айналымға 70 млн. доллар шығарылды. Қыркүйектің бірінші аптасында да осындай интервенция жасалды. Бұл шараның нәтижесі қазанда белгілі болады. Бірақ, мұндай жағдай жалғаса бере ме? Мемлекет қазынасын осындай оралымсыздықтардың орнын толтыруға жұмсай беруге болмайды. Яғни, о баста қолға алынған долларсыздану бастамасы соңына жетуі керек еді. Әттең, отандастарымыздың шетел валютасына қызығушылығы басылмай тұр. Ал, мұның ақыры мемлекетте бюджет тапшылығы мен ішкі қарыздардың өсуіне соқтырады. Бұл да – инфляция тудыратын себептердің бірі.
Ұлттық банк 5-6 қыркүйекте жағдай қалыптасқанын айтқанымен, теңгенің долларға қатысты өзгеруі дүниежүзілік додада «қара алтын» құнына қатысты болмақ. Яғни, егер ол әр барреліне 50 доллардан төмендемесе, онда қазіргі деңгейді ұстап тұруға мүмкіндік бар.
Таңғаларлық жай секілді көрінгенімен, ауыр өнеркәсіп саласына өте көп мөлшерде инвестиция жұмсау да сұраныс инфляциясын тудыратын көрінеді. Бір қарағанда, елімізде индустрияландыру бағдарламасы жүзеге асуы тиіс. Ал, екіншіден, бұл салаға нөпір ақша салу қаржы айналымына кері әсер етеді. Өйткені, «алмақтың да салмағы бар» дегендей, әр жобаның қайтарымы болуы шарт. Мәселен, Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғыртуға жұмсалған қыруар қаражат кәсіпорын қарызын көбейтіп отыр.
Байқасаңыз, жалақының өсуі де – инфляциялық құбылыстарға бастайтын факторлардың бірі. Яғни, оны орынсыз өсіру адамдардың қолында көп мөлшерде қаражат жинақталуына соқтырады. Өйткені, ұсыныс инфляциясы орын алғанда еңбек өнімділігі кеміп, өндіріс құлдырайды. Энергетикалық дағдарыс та осыған жатады.
P.S. Қайткенде де, инфляциялық құбылыс нарықтық экономикада ара-тұра кездесетін қалыпты құбылыс делінгенімен, ол сол аймақтағы әлеуметтік ахуалдың нақты көрсеткіші саналады. Азық-түлік пен күнделікті тұтынатын тауарлардың, коммуналдық қызметтердің бағасы бәсең болып, халыққа қолжетімділігі – осындай қатердің алдын алу амалы. Бұған барлық деңгейдегі атқарушы билік мүдделі.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ.