Индира РАСЫЛХАН, Шәмші Қалдаяқов атындағы халықаралық конкурстың Гран-при иегері:
Осыдан біраз бұрын еріктілер ауыр дертке шалдыққан атыраулық Мәдина Серікованың еміне қаржы жинау мақсатында бірнеше мәрте қайырымдылық концертін ұйымдастырған болатын. Еріктілер тобының жетекшісі Болатбек Қоңырбаевтың қолқа салуымен осындай кештердің біріне белгілі эстрада жұлдыздары Индира Расылхан мен Бейбіт Көшқалиев арнайы келді. Индирамен сұхбатта кейіпкеріміздің ішкі жан дүниесін ашуға тырыстық…
− Қайырымдылық шараларына жиі атсалысасыз. Осындай қадамға сізді не итермеледі? Көп қателік жібердіңіз бе? Әлде, жүрек қалауы ма?
− Әр адамның болмысы, танымы өзгеше болады ғой. Десе де, менің қайырымдылыққа ден қоюыма ата мен әжеден, әке мен анадан алған тәрбиемнің өзегі әсер етті деп ойлаймын. Себебі, мен ес білгелі үлкендер қашан да өзгеге көмектесіп келеді. Анамның жүрегінде де мейірімділік өте басым. Оның үстіне, қайырлы амал істеген адамның жан дүниесі рахаттанады. Бұл өзімді әлдеқайда бақыттырақ сезінудің амалы болуы да мүмкін. Жақсылыққа септігіңді тигізудің өзі ғажап емес пе?
− Өмірге қайта келу мүмкіндігі берілсе, нені өзгертер едіңіз?
− Өмір болған соң, «әттеген-ай» деген тұстар әр адамда болады ғой. Кішкене кезімнен әнші болуды армандадым дей алмаймын. Рас, бала күнімнен сахнаға шығатынмын. Әкем асаба болғандықтан, той-думанның ортасында көп жүрдім. Отбасылық ансамбль ретінде түрлі мәдени шараларға қатысып жүрдік. Музыка жолын таңдауыма осы жағдайлар әсер етсе керек. Егер қайта туылу мүмкіндігі берілсе, өмірімді емес, болмысымды өзгерткен болар едім. Себебі, кез келген нәрсені жүрекке жақын қабылдап, тез ренжіп қалатын жағдайлар бар.
− Орындалмаған армандарыңыз бар ма?
− Өте үлкен арманым бар. Оған қол жеткізетініме сенемін. Менің мақсатым – бүкіләлемдік деңгейдегі әнші атану.
− Әлеуметтік желіге күніге қанша уақытыңызды арнайсыз? Интернет желісінде сізге жиі қойылатын сұрақ немесе талап-тілекті айта аласыз ба?
− Қазір «Инстаграм» желісі танымалдылыққа ие ғой. Осы желіде жеке парақшам бар. Оған күнделікті кіріп отырамын. Тыңдармандарым тарапынан жазылатын комментарийлерді де оқимын.
Осыдан біраз жыл бұрын отандық телеарналардың бірінде «Шіркін Life» деген жоба болған еді. Халық көп жағдайда сол жобадағы Индира мен шынайы өмірдегі Индираны шатыстырып алып жатады. Жобаның форматы бойынша Индира бұзықтау рольді сомдаған еді. «Ашушаң, ұрысқақ Индира» деген сияқты пікірлерді оқып жатамын. Бұрынырақта «ол адам мені білмейді ғой, неге қаралайды?» деп жылап та алатынмын. Қазір айналадағы адамдардың ой-өрісімен өмір сүрмеуді үйрендім. Әрине, бұл ойға келгенді жасау, шектен шығу деген сөз емес. Барлық жағдайда аралықты, шекараны ұстануға тырысамын.
Асылында, әлемде қанша адам болса, сонша мінез бар. Сонымен қатар, мінезсіз адам биіктікті бағындыра алмауы да мүмкін.
− Гастрольдерде жиі жүресіз. Есте қаларлықтай қызықты оқиғамен бөлісе отырсаңыз…
− Облыстардың біріне шақыртумен тойға бардым. Әдеттегідей қонақ үйге орналасып, кешке дайындалып жатқанмын. Той иесі қоңырау шалып, төменде көлік күтіп тұрғанын айтты. Ұзатпай тысқа шығып, көлікке міндім. Арада біраз уақыт өтті. Жүргізушім қозғалар емес. Әрі-бері отырған соң «біреуді күтіп отырмыз ба?» деп сұрадым. Сөйтсем жүргізуші «Индира шықты. Енді Расылхан келеді» деп күтіп отыр екен.
− Саясаткер болсаңыз, қоғамдық құрылыста нені өзгертер едіңіз?
− Мен үшін жаныма бататын бір-ақ нәрсе бар. Ол ана тіліміздің қолданыс аясының көңілдегідей болмауы. Қай қалада да, мейлі ол әуежай, қонақ үй болсын, сәлемдесудің өзі орыс тілінде басталатынына қынжыламын. Осының салдарынан ұлт болашағына күмәнмен қарайтындар бар. Менің ойымша, біздің ұлтымыз өлмейді. Қаншама жыл талай нәубетті бастан кешірген ұлтымыз сан жылдар бойы сақталды, ата-бабадан жалғасқан игі мұраны жалғады. Неге біз ұлтымыздың болашағынан қорқуымыз керек?
Ата-бабаларымыз кезінде ел болашағы жолында сенімділікпен күреспеп пе еді? Сол сияқты біз де өжеттілігімізді, сенімді жоғалтпасақ екен.
− Айқайлап айтқыңыз келетін шындық бар ма?
− Өнер жағына келетін болсақ, иә, айтқым келетін шындық бар. Мұны мен ғана айтып жүрмін деп ойламаймын. Қазақ эстрадасына келген арзан әндер легі шыны керек, қоғамдық санаға кері әсер етіп жатыр. Олай дейтініміз, арзан әндер адам санасына жеңіл ойлау психологиясын енгізіп тастады. Қазір адамдар философиялық тұрғыдағы әндерді тыңдағысы келмейді. Себебі, әннен бөлек проблемасы жетіп артылады. Сөйтеді де, жанның тыныштығын арзан әннен, тойдағы биден, иә ішімдіктен іздейді. Егер адам мәселенің өзімен, себебімен айналысатын болса, оның өмірі әлдеқайда жақсарар еді. Бірақ, көп жағдайда мұны мойындағымыз келмейтіні өкінішті.
Шыны керек, тойдың әнін жазсаң, хит әнші атанатын мүмкіндік бар. Бірақ, өз басым бұл мүмкіндікті пайдаланып жүрген жоқпын. Ән айтуда өзімнің стилім, таңдаған жолым бар. Қажет кезде дәстүрлі әнді, болмаса эстрадалық репертуарымды сахнаға шығарамын. Ағыспен бірге жүзу деген түсінік жоқ.
Бірде Атыраудан Оралға жол жүретін болып, көлік жалдағаным бар. Жол бойы таксиде біз айтып отырған арзан әндер қойылды. Сенесіз бе, Атыраудан Оралға жеткенге дейін кәсіби тұрғыда орындалған бірде-бір ән тыңдаған жоқпын. Арзанға әбден елітіп алғанымыз сонша, таңдау мен талғам деген дүниені ұмыттық. Әннің сөзі деген нәрсе тіптен керек емес болып қалды. Сондықтан, эстрадамызға есті әндер келсе екен деймін.
− Қазір әсіресе, әйел адамдар арасында рухани практика мәселесі үлкен танымалдылыққа, сұранысқа да ие болып тұр. Журналистикадан біржола кетіп, психологияны таңдаған әріптестеріміз де бар. Жалпы, осы мәселеге көзқарасыңыз қалай?
− Ересектерді баламен салыстырып қарайтын болсақ, баланың әлемі жарық. Сондай-ақ, ол арманшыл келеді. Есейе келе адамда армандар жоғала береді екен. Себебі, түрлі адамдарды, жағдайларды көресіз, негатив пікірлерді жинайсыз. Мұның барлығы көң сияқты қатып қалғаннан кейін, оны кері шығару да қиын. Егер адам күнделікті өтіп жатқан әр секундына шүкіршілік етіп, содан бақыт іздейтін болса, өмірдің мәнін ұғынар ма едік? Демек, өзіңізді өзгертумен, тәрбиелеумен айналысқаныңыз әлдеқайда қайырлы.
Сұхбаттасқан: Баян ЖАНҰЗАҚОВА.