Индердің игілігі молайды
Индер ауданы әкімінің орынбасары Әлифолла Балахметовтің айтуынша, биыл ауданда құрылыс жұмыстары қарқын алуда. Есбол, Бөдене, Индерборда жаңа мәдениет үйлері және Құрылыс, Аққала, Ынтымақта жаңа мектептер салынуда. Индербордағы Болашақ, Шығыс ықшамаудандарына энергия мен су желілері тартылып, Өрлікте газ желісі жаңартыла бастады…
Елбасы тапсырмасына сәйкес қабылданған «Балапан-2020» бағдарламасы аясында аудан бөбекжайлары биыл күрделі жөндеуден өтті. Соның бірі – Көктоғай ауылындағы «Гүлдәурен-7» бөбекжайы. 1987 жылы іргетасы қаланған ғимарат әбден тозығы жеткен-ді. Игі іс «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының арқасында мүмкін болды. Мұнда 40 бүлдіршін тәрбиеленіп, 23 қызметкер еңбек етеді. Республикалық бюджеттен 34 млн. теңге бөлініп, атыраулық «ҚұрылысТайКонтракт» ЖШС жаңа нысанды өз уақытында тапсырды.
Жарсуат ауылының орталық мәдениет үйі де күрделі жөндеуден өтіп, тұрғындарды қуантты. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары іске қосылғаннан бері дұрыс жөндеу көрмеген нысанды «КерейКент» ЖШС танымастай етіп өзгертті.
Индербор кентінде жаңа кәсіпкерлік нысан – «Айкөркем» ет өнімдерін өндіру цехы іске қосылды. Оның иесі – кәсіпкер Гүлбарам Рахымқызы. Аталмыш жоба жергілікті бюджет қаражатының есебінен «Жұмыспен қамту-2020» және «Бизнес Аймақ» бағдарламалары шеңберінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» қаржыландырылып отыр.
Осыған дейін Индер аудандық балалар өнер мектебінің арнайы сыныбы болып келген Жарсуат ауылындағы өнерлі ұжымға биыл 70 орындық ғимарат салынып жатыр. Қажетті қаржы аймақ қазынасынан бөлінді. Құрылыс жұмыстарымен ақтөбелік «Грант Мастер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысуда. Келер жылы пайдалануға берілмек.
Аман ШАМАР.
Индер ауданы.