Индердегі Ақсай каналы күрделі жөндеуден өтті
Нәтижесінде шаруалардың кәсібіне, атап айтсақ, 1400 га суармалы егістік пен 60 мың га жайылымдық жерге сапалы әрі үздіксіз су жеткізуге мүмкіндік туды.
«Табиғат» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Асланбек Рысжанұлының айтуынша, канал 30 жылдан кейін күрделі жөндеуден өтті.
–Каналдың жалпы ұзындығы 80 шақырымды құрайды. Оның бас бөлігінде қос агрегатты НАПЭ-1,1 маркалы жүзбелі сорғы стансасы орналасқан. Алдымен каналдың арналары ашылды. Төрт су қоймасы жаңадан қазылып, төрт су қоймасы тазаланды. Ескі трансформатор жаңасына ауыстырылды. Каналдың бас бөлігіне су есептейтін гидробекет тұрғызылып, сорғы стансасының аумағы қоршалды. Сондай-ақ су реттегіш гидротехникалық құрылғы мен жаңадан тоғыз өткел тұрғызылды, — деді А.Рысжанұлы.
Еске сала кетейік, «Табиғат» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны облыс меншігіндегі гидротехникалық құрылыстарды күтіп ұстау, пайдалану, сондай-ақ олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құрылды.
Өңірлік коммуникациялар қызметі