Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Индерде балалардың оңалту орталығы ашылды

Индер аудандық емхананың жанынан балалардың оңалту орталығы ашылды. Бұл игілікті іс аналар мерекесіне орай ұйымдастырылды.

индерде оналту орталыгы

Арнайы жасақталған екі бөлме емдік бағытындағы ойыншықтарға толы. Мұнда арнайы емдік ойын қондырғылары да орналастырылатын болады. Аудандық аурухананың бас дәрігері Анар Доспаеваның айтуынша, сенсорлық даму бағытында ашылған бөлмелердің мүмкіндігі шектеулі балаларға пайдасы көп. Оның жұмысын психологтар жүргізеді.

– Бұл бөлмедегі ойын түрлері баланың психологиясын сергітеді. Ынталандыру ойын түрлерімен баланың сезіміне әсер етіп, көңіл-күйін көтереді. Баланың түсінігін, ақыл-ойын дамытады, қимыл-қозғалыстарын жақсартады. Жарықтың да түрлерін қолдану арқылы  қорқыныш, үрейлерін  кетіруге болады, – дейді невролог дәрігер Айжан Ермекқалиева.

Сонымен қатар, орталықта  тек мүгедек балаларға ғана емес, жастан асса да жүре алмайтын, сөйлей алмай, дамуы кенжелеп қалған бүлдіршіндерге де жаттығу сабақтары  беріледі. «Немерем Арсен кішкентайынан оң аяғы мен оң қолын ауырсынады. Бұған дейін Астана мен Алматыда сауықтыру орталықтарында ем алып келді. Енді ауданда да осындай орталық ашылғанына қуанып қалдық. Үмітіміз зор, бәріне шипасы дарысын» дейді Маржан Өтешова ақжарқын пейілмен.

 Саламат БАЗАРБАЕВ,

Индер ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button