Индер ауданында бір үйір жылқы суға батып кетті
Қаңтар айының қақ ортасындағы үскірік аязды күндердің бірінде Индер ауданының Өрлік ауылдық округінен жайсыз хабар келіп жетті. Ауылдан 70 шақырымдай қашықтықтағы «Әділбектің котлованы» аталып кеткен суаттың мұзы ойылып, бір үйір жылқы суға түсіп, үсіп өлген. Бұл ақпаратты бізге атырау фермерлер одағы Индер аудандық филиалының жетекшісі Ақеділ Шалқаров жеткізген болатын.
Біз, мәселенің мән-жайын білу үшін Өрлік ауылдық округінің әкімі Мұратбек Қаженовке хабарласқан едік. Ол кісі бұл ақпаратты растап, өлген малдардың иесі анықталып жатқанын айтқан-ды.
Редакцияға жеткізілген бейнекөріністер мен фотосуреттерге қарағанда, мұз астынан жылқылардың бел омыртқасы ғана көрінеді. Жігіттердің мұзды ойып, жануардың бір-екеуін көлікпен сүйреп шығарып, белгісі арқылы иесін анықтамақ болған әрекетін көреміз.
– Бұл жер кешегі кеңестік шаруашылықтан қалған «котлованның» орны. Оны ауылдың шаруалары төрт түлік малына суат ретінде пайдаланатын. Мұнда қысы-жазы қар мен жаңбырдың суы жиналады. Шамасы жылқылар кешегі үскірік аяз бен ызғарлы желде осы «котлованның» ойына келіп ықтап тұрғанға ұқсайды. Бірақ, мұз бір үйір жылқыны көтере алмай, ойылып кеткен, — дейді Мұратбек Ермекұлы.
Ауыл әкімінің айтуынша, совхоздан қалған мұндай «котлован» жалғыз бұл емес. Өткен жылдары соның біреуіне мал жығылып, шаруалар әрең шығарып алған көрінеді. Жалпы бұл жерге Өрліктің ғана емес, көршілес Көктоғай ауылының да малы келіп су ішеді. «Әділбек котлованының» суы терең болған соң, оны «көміп тастау керек» деп ұсыныс тастап жүргендер де баршылық екен.
Алайда, ауыл әкімі жергілікті жұрт мал су ішіп отырған суатты көмуге қарсы екенін жеткізді. Тек айналасы қоршалуы керек дегенді құптады. Көп ұзамай арам өлген малдың иесі де анықталды. Ол махамбеттік Жанболат Жакупов деген азамат болып шықты. Мұз астында қалған жануарларының бір үйір жылқы екенін растаған ол бүгінде барлығының денесін судан шығарып алған.
– Бірде қырда, бірде ойда, еркін жайылып жүрген жылқы жарықтықтың ажалы шығар. Ол үшін ешкімге қояр талабым жоқ. Тек жергілікті билік ұйытқы болып «котлованның» айналасын мал өтпейтіндей етіп қоршатып, есігін құлыптаса деймін. Кілтін «котлованның» қасында отырған Әділбек деген азаматқа тапсырып, әркім қалаған уақытында сол кісі арқылы малын суарып отырса, алға қарай мұндай орынсыз шығын орын алмас еді. Қалай болғанда да, менің басымнан өткен жағдай өзгеге ащы сабақ болуы тиіс, — дейді махамбеттік тұрғын.
Иә, ата-бабамыз «Мал – бір жұттық», «Мал – жанымның садағасы» деп бекер айтпаған. Десек те, ақ адал маңдай термен тауып, өз басы есебінен көбейтіп отырған малдан бір күнде айырылу кімге де оңай соқпайды. Сондықтан құзырлы органдар кешегі кеңестік шаруашылықтың сарқыты саналатын «котловандардың» айналасын ретке келтіріп, Жанболаттың ұсынысын жерге тастамай, іске асырса, өгіз де өлмей, арба да сынбас еді.
Ербол ҚОШАҚАНОВ
фото: ашық дереккөзден