Игерілмеген жер телімі мемлекетке қайтарылады
Биыл Атырау қаласында ауыл шаруашылығы мақсатында заңды және жеке тұлғаларға жалпы көлемі 65 026 гектарды құрайтын жер учаскесі пайдалануға берілді. Оның ішінде 46 868 гектары мақсатты түрде игерілсе, 18 157 гектарыигерілмеген жерлердің қатарын толықтырып отыр. Жалпы көлемі 7 844 гектар 36 жер учаскесі мемлекет қорына кері қайтарылды.
Бұл туралы Атырау қалалық мәслихатының Х кезектен тыс сессиясында айтылды.
Ауылшаруашылық мақсаттағы жерлердің пайдаланылуы, заң бұзушылық жолымен иеленуді болдырмау және пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесі қаралған сессияда шаруа қожалықтарына 26 764 гектар жер учаскесі беріліп, 16 782 гектары, яғни 63%-ыныңигерілгені белгілі болды. Ал игерілмеген жалпы көлемі 18 157 гектар жер учаскесінің ішінен 1 470 гектар болатын 40 жер телімі республика Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Атырау облысының жер ресурстарын басқару департаментіне жолданып, көлемі 741 гектарды құрайтын 9 жер учаскесінің иелеріне нұсқама берілді.
– Заң талаптарына сәйкес, нұсқама бір жылға ғана жарамды. Осы уақыт ішінде жер учаскесі игерілмесе, сот тәртібі арқылы жер телімін мемлекеттің қорына қайтару мәселесі қарастырылады, — деді Атырау облысының жер ресурстарын басқару департаменті РММ-нің басшысы Гүлзия Құрманова.
Айта кету керек, бүгінде қалған 729 гектар болатын 31 жер учаскесі заң талаптарына сәйкес Жер инспекциясымен тексерілуде. Сонымен қатар, жалпы көлемі 5 967 гектар жер учаскесінің игерілу жағдайы және нақты меншік иелері анықталуда.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА