
Халық қаһарманына тағзым
9 мамыр — Жеңіс күніне орай Атырау қаласында аты аңызға айналған ұшқыш, Кеңес Одағының және қазақ халқының батыр қызы, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың ескерткішіне гүл қою рәсімі өтті. Ерлік пен елдікке тағзым етілген салтанатты жиын батыр атындағы Атырау халықаралық әуежайында өтті.
Рухани маңызы зор іс-шараға облыс әкімі Серік Шәпкенов, зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.
Салтанатты рәсім барысында Хиуаз Қайырқызының майдан даласындағы жанқияр ерлігі мен соғыстан кейінгі қоғамға сіңірген еңбегі туралы естеліктер айтылып, батырдың өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі екені ерекше атап өтілді.
Облыс әкімі Серік Шәпкенов өз сөзінде батырдың елге сіңірген еңбегі мен рухани биік болмысын айрықша атап өтті:
– Даңқты жерлесіміз Хиуаз Доспанованың соғыста көрсеткен жанқиярлығы мен ерлігі ел есінде мәңгі сақталады. Бірақ оның бейбіт өмірдегі қажырлы еңбегі мен қайраткерлік қыры көзі тірісінде кең көлемде насихатталмай қалды. Ол – табиғатынан өр мінезді, батыр болмысты, ақыл-парасаты мол, сирек кездесетін тұлға. Тек еліміз егемендік алған соң ғана «Халық қаһарманы» жоғары атағына ие болды. Бүгінде туған жері Атырау қаһарман қызының есімін айрықша ардақ тұтып, оның ерлігін ұрпаққа ұлағаттауда, – деді аймақ басшысы.
Бұл тағылымды жиын – Жеңіс күнінің мәнін арттыра түсіп, ел қорғаған арулардың ерлігіне бас иіп, тарих алдындағы парызды еске салатын ерекше рухани сәтке айналды.
Тоғжан ЕРМЕК