Жарнама
Жаңалықтар

Халық таңдаса – қателеспейді

26 наурызда шығып қалған облыстық және қалалық мәслихат депутаттарының орнына сайлау болып өтті. Облыс бойынша жұмыс істеген 38 сайлау учаскесіне  сайлаушылар белсенділікпен дауыс беруге келді.

сайлау-2017

Мәслихат институты – жергілікті өзін-өзі басқару  саясатының жарқын үлгісі. Себебі, жергілікті бюджетті бекіту, қажетті әлеуметтік, экономикалық шешімдер қабылдау, қазына қаражатын тиімді ұқсату сынды маңызды міндеттерді түрлі деңгейдегі мәслихаттар жүзеге асырады.

Айта кеткен жөн, депутаттық корпусқа кандидаттарды ұсыну 26 қаңтарда басталып, 26 ақпанда аяқталды. Бұған дейін облыстық және қалалық мәслихаттың бірқатар депутаттарының қоныс аударуына, жеке арыздарына байланысты олардың депутаттық өкілеттіктерін тоқтату туралы шешім қабылданған еді.

…Атырау қаласындағы №3 сайлау округіне жеті бірдей сайлау учаскесі кіреді. Солардың бірі Авангард мөлтекауданындағы №3 орта мектеп ғимаратында орналасқан №14 сайлау учаскесі болып саналады. Осындағы учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Ерік Оралбековтың айтуынша, тізім бойынша дауыс беруге қатысуға тиісті сайлаушылардың саны 2057 адамды құрайды. Әдеттегіше таңғы 7-ден басталған сайлаудың алғашқы екі сағатында аталған учаскеде 200-ден астам сайлаушы өз таңдауын жасап үлгерді. Бірінші болып келгендердің қатарында Людмила Ковалева, Ұлдай Кенжеғалиева сынды еңбек ардагерлерінің есімдері аталды. Сайлауға тұңғыш рет қатысып, азаматтық парыздарын орындап жатқан жастар да бар болып шықты.

Учаскедегі дауыс берудің барысын бақылауға келген, өзін облыстық мәслихат депутаттығына сайлану үшін додаға түскен үш үміткердің бірінің сенімді өкілі ретінде таныстырған Дулат Кенжеахметовтің ойынша, сайлау тиісті заңдылықтарға сәйкес өтіп, сайлаушылардың белсенділігі  жоғары  болыпты.

Жергілікті мәслихат депутаттарын сайлау жөніндегі №3 округтік сайлау комиссиясының төрайымы Гүлмаржан Бисембаеваның баяндауынша, округке қарасты учаскелердің барлығында да сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жоспарлы жүргізіліп, саяси науқанның ойдағыдай өткізілуіне жағдай жасалған. Осындағы жеті учаскенің бірі – №22 сайлау учаскесі облыстық перинаталды орталықта орналасқан. Мұнда есепке алынған 56 сайлаушының   дауыс беруіне жағдай жасалған.

Біз барған №14 сайлау учаскесінде сағат 16.00 шамасында сайлаушылардың тең жартысынан астамы қалаулы кандидаттары үшін дауыстарын беріп үлгерген.

***

Атырау қаласындағы №13 сайлау учаскесі бойынша облыстық мәслихат депутаттығына үш кандидат сайлауға түсті. Оның ішінде екі кандидат өзін-өзі ұсынғандар, бір кандидат партиялық тізім бойынша ұсынылған.

«Сайлау учаскесі бойынша, сайлаушылар саны – 1884. Дауыс беруге 1102 адам келді.  Бірінші болып дауыс беруге студент жастың келуі де ерекше жағдай болды. Ол – Әділбек Өмірзақов.  Бұл жолы дауыс беруге негізінен 27-35 жас аралығындағы азаматтар келді. Яғни, жастардың белсенділігі айрықша байқалып отыр» дейді №13 сайлау учаскесі бойынша сайлау комиссиясының төрағасы Ақылбек Мырзағалиев.

***

Атырау облыстық мәслихатының депутаттарын сайлау жөніндегі №23 сайлау округі бойынша Қызылқоға ауданының Сағыз, Мұқыр, Тайсойған ауылдық округтері және Жылыой ауданындағы Ақкиізтоғай ауылдық округі мен Құлсары қаласындағы Әуежай ықшамауданына қарасты сайлаушылар он бір сайлау учаскесінде дауыс берді.

Сайлау белгіленген күні ауылдардағы мәдениет үйлерінде, мектептерде орналасқан сайлау учаскелеріне дауыс беру тізіміне енгізілген 10429 сайлаушының  9734-і  конституциялық құқықтарына сәйкес өз таңдауын жасады.

— Сайлаушылардың белсенділігі әсіресе, №154, №158, №162 сайлау учаскелерінде жоғары болды. Әрі қандай да бір заң бұзушылық тіркелген жоқ. Тізімге енгізілгендердің 90 пайыздан астамы дауыс беруге қатысты. Сайлаудың өту барысы, ұйымдастырылуы жөнінде байқаушылар мен үміткерлердің сенімді өкілдері тарапынан  арыз-шағымдар болған жоқ, — деп мәлімдеді бізге Қызылқоға аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жолдас Ибрашев.

***

Облыс орталығындағы №41 сайлау учаскесіне тіркелген тұрғындар А.Чехов атындағы №14 орта мектепте өз таңдауларын жасады.

Сайлау учаскесінде белгіленген тәртіп бойынша таңғы сағат 7.00-де басталған жұмыс 20.00-ге дейін жалғасты. Осы учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Бекболат Ихсановтың айтуынша, бұл аумаққа тіркелген 1739 сайлаушының сексен пайызы келіп, дауыс берген. Олардың қатарында жастармен қоса, егде жастағы адамдар да көп.

— Науқан белгіленген мерзімде жүзеге асырылып, көрсетілген тәртіппен өткізілді. Ал, тұрғындар саяси шараға белсенді қатысты, — дейді Бекболат Оразұлы.

Репортажды дайындағандар:

Бақытжан ЖҰМАТ, Дәулетқали АРУЕВ, Баян ЖАНҰЗАҚОВА, Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суретті түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button