
Грузия мен Қытайға жаңа әуе рейстері ашылады
Қазақстандық әуекомпаниялар Грузия мен Қытай бағыттары бойынша жаңа рейстерді іске қосады. Бұл жаңалық республика Көлік министрлігінің жаңа халықаралық рейстерді ашу бойынша жүргізіп жатқан жұмысы шеңберінде жүзеге асырылады.
Аталған министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл 27 мамырдан бастап «Air Astana» әуекомпаниясы Атыраудан Тбилисиге тікелей рейстерді іске қосуды жоспарлап отыр. Рейстер аптасына 3 рет сейсенбі, жұма және жексенбі күндері Airbus типті әуе кемелерімен орындалады. Бүгінде Тбилисиге рейстер Алматы және Ақтау қалаларынан орындалады.
Ал 28 мамырдан бастап «SCAT» әуекомпаниясы Шымкент қаласынан Сианға тікелей рейстерді іске қосуды жоспарлап отыр. Рейстер сәрсенбі және сенбі күндері орындалады. Қазір Сианьға тікелей рейстерді Қытай әуекомпаниялары Алматы мен Астанадан орындайды.
Айта кету керек, жаңа бағыттардың ашылуы елдер арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, туристік және мәдени ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді деп күтілуде.
А.ҚҰРМАШЕВА