Грант қанша бөлінді?
Атырау облысының Білім беру басқармасы жоғары оқу орындарына қабылдаудың жүріп жатқандығына байланысты хабарлайды.
Жоғары білім алуға ақы төлеу үшін жергілікті бюджет қаражаты есебінен 2018-2019 оқу жылына 282 білім беру гранты беріледі.
Жергілікті бюджет қаражаты есебінен білім беру гранттары облыстың кадрларға қажеттілігі ескеріле отырып, талапкерлер өтініш білдірген нақты мамандықтар, тіл бөлімдері мен оқу нысандары бойынша жоғары оқу орындарында оқу үшін мамандықтар кезектілігіне сәйкес білім беру грантын беру туралы куәлікті бере отырып, ҰБТ немесе КТ нәтижелері бойынша сертификаттар баллдарына сәйкес конкурстық негізде беріледі.
Облыс бойынша бөлінетін білім беру гранттарының тізбесі:
Жергілікті бюджет қаражаты есебінен білім беру грантын алуға арналған конкурсқа қатысу үшін өтініштер 5-10 тамыз аралығында қабылданады. Конкурстық комиссияның отырысы 11-15 тамыз аралығында өткізіледі.
Білім беру грантын беруге арналған конкурсқа қатысу үшін азамат Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде орналасқан қабылдау комиссиясына төмендегі құжаттарды тапсырады:
1) белгіленген үлгідегі бланкіде өтініш;
2) білімі туралы құжат (түпнұсқа);
3) ҰБТ немесе КТ сертификаты;
4) Жеке басын куәландыратын құжат көшірмесі.
Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымының білім туралы құжаттары бар, біліктілігін растаған және мамандығы бойынша кемінде бір жыл жұмыс өтілі бар адамдар қосымша төмендегі құжаттардың біреуін тапсырады:
1) Еңбек кітапшасы
2) Жұмыс беруші қол қойған, ұйымның мөрімен расталған қызметтік тізім жұмыскердің еңбек қызметі туралы мәліметтер тізбесі) (болған кезде);
3) Жұмыскердің еңбек қызметі туралы мәліметтер қамтылған архивтік анықтама, сондай-ақ, аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді көшірме мен жүргізілген әлеуметтік аударымдар туралы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан мәліметтер.
Конкурс өткізу кезінде «Алтын белгі» белгісімен марапатталған адамдардың, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының білім туралы құжаттары бар, біліктілігін растаған және мамандығы бойынша кемінде бір жыл жұмыс өтілі бар адамдардың, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының, орындаушылардың халықаралық және республикалық жеңімпаздарының, жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың, баллдары тең болған жағдайда ғана артықшылық құқықтары берілетіндігі ескертіледі. Осыған орай, артықшылық құқық беруді дәлелдейтін құжаттар қоса тапсырылуы тиіс.