«Google Translate» жүйесі енді қазақ тілінде де қызмет көрсетпек
Латын әліпбиіне көшу жаһанға жол ашатынын қоғам жан-жақты талқылап, газет тілшілері жарыса жазып жатыр. Осы орайда, өзім куә болған мына бір жағымды жаңалықпен бөлісуді ұйғардым. Жуық арада «Google Translate» жүйесіне қазақ тілінде ауызша аудару қызметі енгізілмек. Яғни, бұрын өзге тілде жазылған сөз қазақ тіліне тек мәтін түрінде ғана аударылса, енді оның айтылу қызметі де қоса көрсетілмек.
Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы мәлімдеді. Ол өз сөзінде жаңа технология қазақ тілін сандық құрылғыларда кеңінен қолдануға жол ашатынын атап өтті.
– Ауызша айтылған сөзді қабылдап, оны өңдеп, басқа тілге аудару аса күрделі инженерлік және лингвистикалық шешімдерді қажет етеді. Осы мәселелерді сәтті шеше алған тілдерде аталған технология білім беруде, күнделікті қарым-қатынаста, бизнесте, аударма ісінде, тілдерді үйрену және сандық қызметтерді басқаруда кеңінен қолданылады, — дейді ол.
Айта кетейік, қазір 103 тілде жұмыс істейтін «Google Translate» жүйесін күнделікті 200 миллионнан астам адам қолданады. Ал, оның ішіндегі «Voice-to-Text» атты ауызша аудару қызметіне 32 тіл қосылған. Енді олардың қатарына қазақ тілі де енгізілмек.
– Бес жыл бұрын біздің компания қазақ тілін Google-дің аударма жүйесіне қосу жобасына әріптес болды. Инновациялық компания ретінде біз қазақ тілінің аударма жүйесінде ғана емес, қолдануға ыңғайлы болуына да мән береміз. Бұл жаңашылдық шетел туристерінің келуіне оң ықпалын тигізбек, — дейді «Beeline – Қазақстан» компаниясының корпоративтік коммуникация директоры Алексей Бендзь.
Мөлдір ҚҰМАШЕВА.