Газ қайда бар?

kelgcukt Жаңалықтар

Газ тапшылығына байланысты атыраулық автокөлік иелері қажетті отынды талонмен алуға мәжбүр болып отыр. Автогаз іздеген жүргізушілер жанармай бекеттерін аралап, бірнеше күннен бері кезек күтіп сарсылуда. Ал, кейбір бекеттерде газ мүлдем жоқ.

Мамандардың айтуынша, өңірдегі газ тапшылығына қазан айынан бастап Атырау мұнай өңдеу зауытындағы (АМӨЗ) күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілуі себеп болған. Облыстық энергетика жəне тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Данияр Мұқышев газ жеткізу жағдайын тұрақтандыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы мəліметінде бұл туралы кеңірек тоқталған болатын.

Энергетика министрлігінің тоқсан сайынғы хатына сəйкес, облыстың ішкі нарығына қараша айына АМӨЗ кəсіпорнынан бөлінген газ көлемі 5 774 тоннаны құрады. Алайда, зауытта жөндеу жұмыстары жүргізілген уақытта газ жеткізу 35 пайызға қысқарып, барлық өндірілетін көлем 3 785 тоннаға дейін төмендеді. Осы жағдайларға байланысты қазан айының аяғында Энергетика министрлігімен бірлесіп, ішкі нарыққа АМӨЗ-ден қосымша 1177 тонна, ал Ақтөбе облысында орналасқан «Gas Processing» серіктестігінен 200 тонна көлемінде газ жеткізілді. Бүгінгі күні зауыттан өндірілетін газдың тəуліктік көлемі 30-40 тоннаны құрап, газбен қамтамасыз етуші құрылымдармен жасақталған кестеге сəйкес тасылып жатыр. Сонымен қатар, қала жəне аудандарда тұтынушылар арасында газ тапшылығын болдырмай, əлеуметтік шиеленістердің алдын алу үшін Энергетика министрлігімен бірлесіп Ақтөбе облысынан 1100 тонна газ бөлініп, оның 243 тоннасы жеткізілді, – деді Данияр Рахметоллаұлы. Бұдан өзге, ТШО компаниясынан 1100 тонна сұйытылған газ жеткізу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатқандығы белгілі болды.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз