Жарнама
ЖаңалықтарМәдениет

Ғасырлардан жеткен үн…

Atr.kz/8 шілде, 2019 жыл. Атырау облыстық Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде Ұлттық домбыра күніне орай «Домбыра – халық мұрасы» атты шеберлік сағаты өтті. Шараның мақсаты – ұлттық аспапты дәріптеу. Домбыра жасаушы шеберлермен кездесіп, осынау өнердің қыр-сырымен, өзіндік құпиясымен бөлісу.

Ежелден құлағымызға ата-әже әлдиімен құйылған аңыз-әфсана бойынша ер­теде елді бір қаһарлы хан билепті. Ханның жалғыз қызы болған екен. Ол қарапайым жылқышы жігітпен көңіл қосады. Қызының өзінің қоластындағы қарашасымен сезім жарастығын естіген хан тұлан тұтып, жігітті дарға астырыпты.

Ал, қызының сүйгенінен жүктілігі жайлы өсек жер бауырлап құлағына жеткен кезде мыстан кемпірді шақырыпты. Әлгі мыстанға әлі дүние жүзін көрмеген нәрестені қалайда құрту тап­сырылыпты. Мыстан кемпірді қыздың күтушісі етіпті. Бір күні толғатып, егіз ұл мен қыз дүние есігін ашады. Ана­сы талықсып жатқан кезде мыстан дереу шараналар­ды ұрлап алып, орманға ба­рыпты. Ормандағы алып бір бәйтеректің екі бұтағына екі шақалақты ілген мыстан үйге оралыпты. Есін жиған жас ана қанша сұраса да шындықты біле алмапты. Со­дан иығына дорбасын іліп, ел кезіп, сәбилерін іздепті.

Бір күні орманға келіп демалып, арқасын жапырағы қураған алып бәйтерекке тіреген ол мызғып кетеді. Сөйтсе, құлағына нәрестелердің жылаған үні сияқты бір ызың қайта-қайта естіле береді. Жан-жағына қараса, алып ағаштың екі бұтағында ілулі тұрған екі сәбидің қаңқасын көреді. Шараналардың ішегі ағаш бұтақтарына керіліп, желмен ызыңдап тұр екен. Сонда жас ана әлгі бәйтеректен аспап жасап, егіз ұл мен қызының ішегін соған таққан екен. Жоғарғы ішегі қызы Мұңлықтың үніндей жіңішке болса, төменгі ішегі ұлы Зарлықтың дауысындай жуан деседі ел аузындағы әңгімеде. Домбыра осылай пайда болған екен.

Ал, енді бір әфсанада ерте заманда ән мен күйдің мекені көк аспан болған деседі. Ақша бұлттардың жанында қос қанатты ән мен күй бүкіл дүниені шар­лап ұшып жүріпті. Қазақ сахарасына келгенде ән мен күй жер бауырлап ұшса ке­рек. Содан шығар, қазақтың бірі – әнші болса, екіншісі – күйші. Иә, өнер тура­лы мұндай аңыздар біздің халықта жетерлік. Қияғы мен балқұрағы ызыңдап, қурайы да ән салған, селеуі сол әуенге билей жөнелген біздің ұланғайыр кең да­лада домбыра қатыспаған қантөгіс майдан болмаған шығар.

Ақыны күйші, күйшісі батыр біздің елдің жігіттері жауға аттанғанда егеулі найза, алдаспан- ағинағымен бірге домбы­расын да тастамай, алып кеткен. Қандай ұланғайыр той жасаса да, ұланасыр ас берілсе де домбыраға кезек бірінші болып тиген. Домбыраның он екі перне, екі ішегінде ғасырлардың көз жасы шертілгенде Ұлы Тұран жерінің ұраны естіледі, бабалардың арманы ұрпақтарының жан-жүрегіне жетіп, тамыр-тамырын қуалай аққан қанмен бірге болашаққа аманат болып жетеді. Бұл – шындық, бұл – өміршеңдік, бұл – жасампаздық.

Аталған шара Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің басшысы Төлеген Орынбасарұлының кіріспе сөзімен ашыл­ды. Ол домбырашылар мен домбыра жасаушы шеберлерді құттықтап, Алғыс хат тапсырды. Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, күйші Құттыгерей Дүйсеев шәкірттерімен бірге күй тартып, қала шуынан қасаң тартқан сезімдерді серпілтті, он екі перне егіз шектен шыққан күмбірлеген күй дауысы рухты оятты.

Шара соңында домбы­ра жасаушы шеберлер Манарбек Дәулетов пен Тұрлан Бисенбаев домбыра жасау құпиясымен бөлісті.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button