Ғасыр тойға сый жасады
Биыл Мақат ауданының құрылғанына – 100 жыл. Ғасырлық белеске мұнайлы мекен толайым табыстармен жетіп отыр. Осынау елеулі оқиғаға орай NCOC компаниясы 30 жылдан астам уақыт бойына операциялық қызметін Мақат ауданында жүргізіп жатқан Солтүстік Каспий жобасының операторы ретінде жергілікті халыққа қолдау көрсетуге бағытталған бірқатар мәдени іс-шараға демеуші болды. Салтанатты жиынға облыс, аудан, NCOC компаниясының басшылары, мұнайшылар мен мұнай саласының ардагерлері, аудан тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Жерін түртсе май атқылаған аудан құрылған кезден бастап-ақ мұнай өнеркәсібінің, теміржол көлігі тасымалының орталығы болды. Ауданда Қазақстан мұнай өнеркәсібінің талбесігі болған және тарихи мұраға бай «Доссормұнайгаз» өндірістік басқармасы және Доссор автожөндеу зауыты (бүгінгі атауы – «Доссормұнаймаш») секілді кәсіпорындар жұмыс істеп келеді. Бұл кәсіпорындар Атырау өңірінің және ел дамуында маңызды рөл атқарып отыр.
Солтүстік Каспий жобасының құрлық кешені де «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысы (МГКДҚ) Мақат ауданында орналасқан. NCOC компаниясы ауданның ғасырлық мерейтойын тойлауға серіктес ретінде қуана қатысып, оның бай тарихы мен мәдени мұрасын паш еткен бағдарламаларға қолдау көрсетті. Мерекелік іс-шаралар қатарында атшабыс (аламан бәйге, құнан жарыс, тай жарыс), қазақша күрес сияқты дүйімжұрт тамашалаған және бірлік пен ынтымақ атмосферасын қалыптастырған жарыстар мен сайыстар болды. NCOC компаниясы спорттық жарыстарға қолдау көрсетіп, жеңімпаздарға қомақты жүлделер, соның ішінде, автокөліктер, мотоциклдер, үй кинотеатрларын және теледидарлар сыйлады. Бұл компанияның әлеуметтік жауапкершілік ретінде қолдауы ғана емес, қатысушыларды ынталандыруы болды.
Ал, орталық алаңда жергілікті эстрада жұлдыздары мен Kalifarniya, Ұлықпан Жолдасов, Өмірқұл Айниязов және Ақтоты Болышева секілді хедлайнерлердің қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылды. Мерекелік шаралар көрермендерді ұмытылмас әсерге бөлеген отшашумен аяқталды.
NCOC компаниясы Мақат ауданының дамуы жолына айтарлықтай үлес қосып, елеулі әлеуметтік қолдау көрсетіп отыр. Компания өкілдерінің айтуынша, басты мақсат – мұнай саласын дамыту ғана емес, жергілікті халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал ету. Кәсіпорын қоғамдастықты нығайтатын әлеуметтік жобаларға қатыса алатынын әрдайым мақтан тұтады.
Бірегей компания 2003 жылдан бері Мақат ауданындағы 17 инфрақұрылымдық жобаға, атап айтқанда, мектеп, балабақша, аурухана, инженерлік желілер мен тұрғын үйлер құрылысына 15,7 миллион доллар қаржы жұмсаған. Одан бөлек, NCOC компаниясы өңірдегі 240 жобаны қамтитын демеушілік және қайырымдылық жобаларына 4 миллион доллар бөлген. Солардың ішінде инватакси, медициналық жабдықтар, Монтессори кабинеттеріне арналған жабдықтар, спорттық керек-жарақтар, кітапханалар мен мектеп автобустары сатып алыныпты. Қазір компания әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар аясында 60 пәтерлік тұрғын үй құрылысын қолға алды. Сондай-ақ, алға қарай бірқатар инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Атап айту керек, компания өткен жылы меморандум жасалған Мақат мұнай және газ технологиялық колледжімен ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл бастама білім беру сапасын және білікті мамандар даярлау сапасын жақсартуға бағытталған және өңірдің одан әрі дамуына ықпал етпек. «NCOC компаниясы Мақат ауданында жұмыс жүргізу барысында сенім мен ізгі ниетке негізделген қарым-қатынасты қолдауға ұмтылып отыр.
Мақат ауданының барлық тұрғынына мықты денсаулық, бақыт және құт-береке тілейміз», — дейді NCOC компаниясының жергілікті мемлекеттік органдармен және жұртшылықпен байланыс жөніндегі менеджері Сұңқар Құлжанов.
Айбөпе САБЫРОВА