Ғаріптің күнін кешкен жан мүгедектік тобын қайта қарауды сұрайды
Редакциямызға хабарласқан Атырау облыстық «Демеу» қоғамдық қорының төрағасы Руслан Бисенқұлов мұқтаж жанға қолұшын беруге жәрдем сұраған болатын. Сөйтсек, қала іргесіндегі Ақжар ауылында тұратын Сұлтанбек Орынбасаров төсек тартып жатса да, І топ мүгедектігін ала алмай жүр екен. Қазір ол ІІ топ мүгедегі.
Ахуалды көзбен көріп қайту үшін, Ақжардың Ә.Уәлиев көшесіндегі шағындау үйге арнайы келдік. 56 жастағы азамат отырып-тұруға да, жүріп-тұруға да дәрменсіз, теледидарға телміріп жатыр екен. Біздің «Атырау» газетінен келгенімізді естіп, әупірімдеп тұрып отырды. 10 жыл бұрын басталған дерт меңдеп, атпалдай азаматты төсекке таңыпты. Тіпті, әңгіме арасында сөзін де ұмытып, шатасып отырды.
- – 2015 жылы қайта куәландыру мерзімінсіз ІІ топ мүгедектігін алды. Төсек тартып жатып қалғанына үш жылға жуықтады, дәретке де өздігінен отыра алмайды. Әрі көзіне ақ түсіп, тамақ ішкенде не тамақты, не қасығын таба алмай қалатыны бар. Күніне екі мезгіл бір реттік жөргегін ауыстырып, кішкене балаша өз қолыммен тамақтандырып отырмын. Онсыз мүмкін емес. Әкемді мұндай жағдайда тастап, жұмысқа да шыға алмаймын, — деді қызы Арайлым Орынбасарова.
Арайлымның да алты жасар қызы бар. Үшеуі аядай үйде Сұлтанбек ағаның 52 мың теңге зейнетақысына күн көріп отыр. Қызына арнаулы жәрдемақы алайын десе, тиісті орындағылар «қызыңыздың жасы алтыға толды, жұмысқа шығуыңыз керек» депті. Жұмысқа шығайын десе, әкесі қараусыз қалады. Ал, С.Орынбасаров ІІ топ мүгедегі болғандықтан жергілікті емхана дәрігерлері Арайлымға әкесін бағып отырғанын растайтын анықтама да беруден бас тартыпты. І топ мүгедектігін алуға жұмыстанғанда, №3 емхананың невропатолог-дәрігері Қайырғали Қаймақов «тұрып, жүруге тырысыңыз» деп кеңес берген. Шындығында, бұл отбасыға дәл қазір мұндай мотивация емес, қаржылық көмек ауадай қажет.
Осылайша тұйыққа тірелген отбасы жергілікті басылымдардың көмегіне жүгінуге бел буыпты. Жөндеу көрмей тозып кеткен үйге былтыр ғаріп жанның туыстары суын жүргізіп, оны жылытатын құрылғыны да тегін қондырып, жөндеп берген. Рамазан айы мен Құрбан айтта еріктілер де көмектесіп тұрады екен.
- – Өмір бойы біреуге алақан жайып отырудың дұрыс емес екенін білемін. Сондықтан, оны құп көрмеймін, нағыз қиналғанда қарызға аламын. Тек мемлекеттен тиесілі көмек-қолдауды ғана сұраймын. Әкеме І топ мүгедектігін берсе, зейнетақысы өсіп, менің де қосымша жәрдемақылар алуыма септігі тиер еді. Әкемді бағып-қағу – менің перзенттік парызым. Оны ешқашан қараусыз тастап кете алмаймын. Барлық жағдайға көршілерім куә, — деді әбден шарасы таусылған Арайлым.
Мұқтаж жанға қолұшын бермек болып, біз де бұл мәселеге араластық. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы ресми хат сұратқан соң, оны да дайындап жібергенбіз.
- «Науқас Сұлтанбек Орынбасаровтың (29.05.1964 ж.т.) диспансерлік бақылауға алынған диагнозы: мидың зақымдануы, жарақаттан кейінгі энцефалопатия (Травматическая болезнь головного мозга. Последствия перенесенной ЧМТ с ушибом г/м. Посттравматическая энцефалопатия. Состояние после операции – удаление субдуральной гематомы левой теменной области (2003 г.). 2005 жылдан бері – ІІ топ мүгедегі. Стационарлық емін тұрақты мекен-жайы бойынша үнемі үйден алады.
- Соңғы алты ай бойы көз көруінің нашарлауына және өз еркіндігімен жүре алмайтынына шағымданды. Үйден невропатолог-дәрігер Қ.Қаймақовқа қаралды. Невропатологпен әрі қарай тексеру ұсынылды (окулист пен МРТ г/м). Науқас тексеруге жолданды, бірақ, қызы пандемияға байланысты әзірге бара алмайтынын айтты. Тағы да қызымен түсіндіру жұмысы өткізіліп, келесі аптадан бастап тексеруден өткізуге келісті» деп жауап жолдады облыстық басқарманың баспасөз қыметі.
Жауап келген соң тағы бір мәрте Арайлымға қоңырау шалдық. Жергілікті дәрігерлер хабарласып, қажетті маманға тіркеп, апарып-әкелуге емхана көлігімен көмектесетін болыпты.
Шынында, мұндай оқиғалар көп. Мұқтажға көмектесу тек біржолғы ақша не тамақ апарумен шектелмейді. Олардың қолы жетпей жүрген құжаттары, барайын десе не көлігі, не ақшасы болмайтын кездер де болады. Тіпті, бір ауыз жылы сөз бен мейірімге зар адамдар да бар. Егер Сұлтанбектің шағымына өткен жазда құлақ асып, науқастың жүріп-тұруына көмек берілгенде, ендігі оның шаруасы аяқталып та қалар еді. Бірақ, «ештен кеш жақсы», өзгелерге сабақ болса дейміз.
P.S.
Біз Сұлтанбек Орынбасаровтың жай-күйін үнемі назарда ұстаймыз. Тексеру нәтижесін де газет бетіне жариялаймыз. Өйткені, халық үніне құлақ асу – Президент жүктеген маңызды міндет. Ең бастысы, мейірімді болайық, ағайын!
Салтанат АҚТӘЖИЕВА
Коллажды жасаған: Дәурен Мұхамбеталиев
БЕТ ҚАТТАЛЫП ЖАТҚАНДА:
- РЕДАКЦИЯНЫҢ АРАЛАСУЫМЕН Ж А Н — Ж А Қ Т Ы Ж Ү Р Г І З І Л Г Е Н ЖҰМЫСТАРДЫҢ НӘТИЖЕСІНДЕ СҰЛТАНБЕК ОРЫНБАСАРОВҚА ДӘРІГЕРЛІК ТЕКСЕРУДЕН ӨТУ ҮШІН АРНАЙЫ АМБУЛАТОРИЯЛЫҚ КӨЛІК ЖІБЕРІЛІП, ДЕРБЕС Ә Л Е У М Е Т Т І К Қ Ы З М Е Т К Е Р ТАҒАЙЫНДАЛДЫ. СОЛАРДЫҢ КӨМЕГІМЕН СҰЛТАНБЕК БАРЛЫҚ ТАЛДАУЛАРДЫ ТАПСЫРЫП, КӨЗ ДӘРІГЕРІНЕ ҚАРАЛДЫ. ТІПТІ, INVIVO ЗЕРТХАНАСЫНАН АРНАЙЫ ДИАГНОСТИКАДАН ӨТКЕН. БІРНЕШЕ АЙДАН БЕРІ ҚОЛЫ ЖЕТПЕЙ ЖҮРГЕН КӨМЕК-ҚОЛДАУ Ж Ұ М Ы С Т А Р Ы Б І Р К Ү Н Д Е АЯҚТАЛҒАНЫНА ШЕКСІЗ РИЗА БОЛҒАН ҚЫЗЫ АРАЙЛЫМ ДА ҒАРІП ЖАННЫҢ ЖАҒДАЙЫН ЖАСАУҒА СЕБЕПШІ БОЛҒАН Б А Р Л Ы Қ А З А М А Т Т А Р Ғ А ШЫНАЙЫ АЛҒЫС АЙТЫП, ЕНДІГІ НӘТИЖЕНІҢ ОҢ БОЛУЫН ТІЛЕП ОТЫР.