Ганюшкино селосының атауы Құрманғазы деп өзгертілуі мүмкін
Құрманғазы ауданының орталығы Ганюшкино селосының атауын өзгерту – жергілікті тұрғындар тарапынан біраз жылдан бері айтылып келе жатқан мәселе. Бүгін С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде жиналған халық аталған мәселені кең талқыға салып, өзгертуге қатысты ой-пікірлерін білдірді.
300-ге тарта тұрғынның басын қосқан алқалы жиынның күн тәртібінде қозғалған мәселеге орай, 15 адам сөз сөйледі. Ұсынылған жаңа атаулар қатарында «Бөкей, Құрманғазы, Жетіарал» секілді нұсқалар болды.
Жиын соңында қоғамдық кеңес мүшелерінің басым көпшілігінің қолдауына ие болған «Құрманғазы» атауы аудандық ономастикалық комиссияға жолданды. Аталған шешім аудандық деңгейде қаралған соң, қолдау танытылса, облыстық комиссияға жолданбақ.
Айта кетелік, өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен баспасөз конференциясы барысында Құрманғазы ауданының әкімі Б.Шаяхметов атап өткеніндей, «Бұл – елдімекендер атауын жаңарту бағытындағы жұмыстардың біріншісі. Бұдан кейінгі кезекте Сафон, Приморье, Кудряшово, Котяев ауылдарының атауын өзгерту мәселесі қаралмақ».
Г.Болат