«FSM Social» мобильдік қосымшасы: тиімділігі қандай?
Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау жүйесі жеңілдей түсті. Енді мұндай қолдау түрі «FSM Social» мобильдік қосымшасы арқылы жүзеге аспақ. Ол атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау кезінде отбасылардың материалдық жағдайына зерделеу жүргізетін учаскелік комиссиялардың жұмысын автоматтандыру мақсатында әзірленіп отыр. Жақында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері мұнайлы өлкеге келіп, арнайы мамандарды оқытты.
–Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау кезінде жаңашылдықтар орын алып отыр. Соның ішінде учаскелік комиссиялардың жұмысын автоматтандыру бағытында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі биылдан бастап «FSM Social» мобильдік қосымшасын қолданысқа енгізді. Осыған байланысты, еліміздің түкпір-түкпірінде мамандар арасында арнайы оқытулар өткізуде. Бүгінде біздің өңірден 40-қа тарта қалалық, аудандық жұмыспен қамту джәне әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің, еңбек мобильді және мансап орталықтарының, ауылдық округтің маманы қатысып, жаңа қосымшаның тетіктерін үйренді.
Бұл мобильдік қосымшаны жеке азаматтар пайдаланбайды. Тек учаскелік комиссияның құрамына беріледі. Нақтылап айтсақ, атаулы әлеуметтік көмекке өтініш түскен кезде тұрғылықты жері бойынша ауылдық округ, мансап орталығы, портал арқылы өтініш береді. Өтініш қабылданғаннан кейін учаскелік комиссияға отбасын зерделеуге тапсырма беріледі. Бұрын мұның барлығы қағаз түрінде болатын. Енді бұл жүйе автоматтандырылғандықтан, мәлімет атаулы әлеуметтік көмек туралы ақпараттық жүйеден округтегі учаскелік комиссия төрағасына сигнал түседі. Оны қосымша арқылы басқа да комиссия мүшесі қарап, растайтынын немесе келісім бермейтінін қолтаңбасын қою арқылы жібереді. Ең соңғы шешімді уәкілетті орган — жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері шығарады, -дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының әлеуметтік нормативтер және әлеуметтік көмек бөлімінің басшысы Жанар Қайседенова.
Жалпы, өңірде атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін 69 учаскелік комиссия жұмыс істейді. Бүгінде облыста төтенше жағдай режимі болуына байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұйрығымен өтініш беру тоқтатылған. Яғни, таулы әлеуметтік көмекті өткен жылдың желтоқсан айында алғандарға пролангация жасалып, автоматты түрде тағайындалыпты.
–Біз оқыту семинарынан мобильдік қосымша тұралы көп мағлұмат алдық. Алдағы уақытта жаңа жүйеніқодану арқылы жұмысымызды жеңілдетеміз деген ойдамыз,-дейді семинар қатысушысы Айнагүл Сүлейменова.
Айбөпе САБЫРОВА