Жарнама
ЖаңалықтарМәдениетШаһар шырайы

«Фариза жұлдыздары»

Атырауда ашылған ақын клубы осылай аталды

Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қоғам қайраткері, поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың туған күніне орай Атырау  қаласындағы  «Алтын сарай» мейрамханасында «Фариза жұлдыздары» атты ақындар клубының ашылу салтанаты өтті. Оны халықаралық «Шабыт» фестивалінің Гран при иегері, белгілі ақындар Бақытгүл Бабаш пен Әлия Дәулетбаева ашып, жүргізіп отырды.

%d0%bb%d1%84%d0%b0%d1%80%d0%b8%d0%b7%d0%b0-%d0%b6__%d0%bb%d0%b4%d1%8b%d0%b7%d0%b4%d0%b0%d1%80%d1%8b%c2%ac-1

Поэзия мейрамы облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың кіріспе сөзімен ашылды.

— Бүгінгі шараға жиналған өнерді қадірлейтін, сөздің киесін түсінетін ағайын! Ақын апамыздың өзі бір өлеңінде:

«Тыныштықпен күн кешпей

жай жылымда,

белді буып ағысқа,

қайғы-мұңға

ақ желкен боп барамын

тағдырымның

дауылды айдынында!»  деп жырлаған болатын. Осы кешке қатысып отырған адамдардың да ішінде алақұйын дауыл жүріп жатқан шығар, сірә! Аласапыран сезімдердің қыспағында жан-дүниедегі бұрқанысты өшіруге әлі келмей отырған жандардың осынау күйі маған да өте таныс. Өйткені, менің өзім де осындай боранды, дауылды сәтті бастан кешудемін. Ол — сағыныш, өкініш, қуаныш сезімдерінің бір-бірімен жағаласқан, бірі басым түсіп, енді бірі саябырсығандай кейіп танытса, үшіншісі ортадан киіп кетіп, көңілді шырқау биікке көтергендей әсер қалдырып отырған жай-күйі.

Сағыныш сезімі түсінікті, бәріміз де Фариза апамызды жоғалтқаннан бері сағынып жүрміз, іздеп жүрміз. Өкініштің де өз орны бар. Иә, ақын ортамызда өзі жүрсе, дауылдатып, лапылдатып жыр оқыса, қандай ғажап болар еді! Бірақ, тағдырға не шара?! Ал, бұл жердегі қуаныш мүлдем ерекше! Ол – Фариза ақынның өлеңдерінің ел есінде, ұрпақ жадында мәңгілік сақталуын сезінгендегі көңілді кернеген шаттық.

Ол кісінің ізін басып жастар келе жатыр екен. Осы ізбасарлары тұрғанда Фариза ақынның ғұмыры жалғаса берері сөзсіз. Апамызды шырақ қылып, бой түзеп соңынан ерген сіңлілері отыр. Олардың бәрінен де ақын апамыз үміт күтті, бүгін сол үміт ақталғандай сезімде отырмын.

Әке қаны, ана сүтімен бойына дарыған, туабітті қайсарлығы, әділдікті ту етіп ұстап, батылдықпен жарып айтар мінезі өзіне ғана жарасып тұратын еді. Бақтықожа Салахатдинұлының таныстыруымен апамызға жақын іні болып, соңынан ердік. Сыртқа өр көрінгенімен, ішінде күн жатқандай жан жылуымен баурап алатын. «Қазақта «қарындас» деген сөз бар. Ол бір анадан тумағанымен, пікірлес, тілеулес, ниеттес адамдарды бір арнаға тоғыстыратын ұғымды білдіреді. Бірін-бірі қолдап, сүрінгенде демеп, жылы сөзбен жебеп жүретін адамдарды айтады. Олар – бауырмал, кішіпейілділікпен қиын кезде қол созатын жандар. Бүкіл қазақ баласы – бір-біріне қарындас» деген сөзі есімде. Олай болса, осы кеште жиналған жандардың мақсаты – бір, мұраты ортақ болғандықтан, бір-біріне қарындас деп білемін.

Осындай шара Атырауда ғана емес, Қазақ елінің түкпір-түкпірінде де өткізіледі деп сенемін. Өйткені,  Фариза поэзиясы – ұлт қазынасы. Ол кісіні насихаттау қиын да емес. Өйткені, оның жырын жатқа оқымайтын қазақ баласы жоқ. Бір кезде «Лениншіл жас» газетінде қызмет жасағанда,  меншікті тілші болып бүкіл аудандарды аралады, еңбекшілердің тұрмысын жарқырата жазды. Одан кейін «Қазақстан пионері» газетінде бас редактор болған кезінде талай талантты жастардың тұсауын кесті.

«Фариза жұлдыздары» деген жарқыраған ат қойып, клуб ашып жатыр екенсіздер, сол есімге лайық болғайсыздар! Бәрі де сәтті болсын! — деді  Нұрлан Асқарұлы толқып, тебірене сөйлеп.

Әдебиет әлеміндегі алғашқы жетістіктерімен қуантып жүрген облыстық Фариза оқуларының жүлдегері Венера Сәбитованы, Х.Досмұхамедов атындағы университеттің студенті Рахымжан Асқарды, облыстық  Исатай Тайманұлының туғанына 225 жыл толуына арналған «Елім менің» жыр мүшәйрасының жүлдегері Әнуарбек Садықовты Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев марапаттап, Алғыс хаттарды табыс етті. Аталмыш жас ақындар «Фариза жұлдыздары» клубына мүшелікке қабылданды.

%d0%bb%d1%84%d0%b0%d1%80%d0%b8%d0%b7%d0%b0-%d0%b6__%d0%bb%d0%b4%d1%8b%d0%b7%d0%b4%d0%b0%d1%80%d1%8b%c2%ac

Поэзия падишасының «Айша бибі» әніне композитор Болат Қоқаманов ән жазған болатын.  Оны филармония әншісі, Мәдениет саласының үздігі Ақмарал Машимова нақышына келтіре шырқады.

«Жырыммен жанға дауа,

дауыл екпін,

шуақты жыр аспанын

жауын еттім.

Ұғар ма нұр құшқандар

келетінін

баласын бар қазақтың бауыр еткім» — деп жырлаған Фариза Оңғарсынова өзінің соңынан үркердің шоғырындай талантты топты ертіп, оларды ұдайы қамқорлап, бағыт-бағдар беріп отырғаны ақиқат. Салтанатты шараға Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері, киелі Маңғыстау топырағынан келіп қатысқан қазақтың талантты ақыны Светқали Нұржан да қатысып, өлеңін оқыды, ақын апасының рухына бас иді.

— Фариза апамыздың өлеңдеріндегі рух, отты сезім оған сонау Нарынның киелі құмынан, Каспийдің тұңғиық тереңінен дарыған шығар, бәлкім! Қазақта «әруақты» деген сөз бар. Ол кісіге осы «әруақ» серт семсер ақинағымен Дәшті-Қыпшақ даласын жанын сала қорғаған Тұмар патшайымнан, аты ғасырдан-ғасырға аңыз боп жеткен Заринадан, немесе Әбілқайырдың жан серігі болып, бүкіл қазаққа ақыл-парасатымен, батылдығымен аты шыққан Бопай ханымнан, сонау ағасы Кенесарымен бірге бодандық бұғауын үзу үшін атқа қонған Қасым ханның қызы Бопай ханшадан, Домалақ Ана, Гауһар, Сапура, Бегім аналардан қонды ма екен?!

Күні кеше ғана  жылдық асын беріп, қаралы туын, аза туын жығып, мәңгіліктің туын қайта тіккен, алаштың абызы атанған Әбіш ағамызбен бірге мәңгіліктің көшіне ілескен Фариза ақынның өлеңдері – оның екінші ғұмырының айғағы, — деді ақын апасынан көрген жақсылықтарын айтып, дауылдата жыр оқыған ақын Светқали Нұржан.

Нарын құмының талантты қыздарының бірі, Исатай ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, күні кеше ғана Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған сандуғаш үнді әнші, Жетісудің Сарасы, Керекудің Майрасы атанған Гүлмайдан Сүндетова ақын апамыздың «Жақсы көру» өлеңіне жазылған әнді шырқады.

Осы кешке  әлемдік деңгейдегі әртіс атанған атақты скрипкашы Айман Мұсаходжаева да Фариза ақынмен қалай танысқанын, ол кісінің Парламент депутаты болып жүрген кезінде жасаған жақсылықтарын еске ала келіп, скрипкада өнер көрсетті.

Поэзия падишасының шарапаты тимеген ақын-жазушы жоқ шығар, сірә! Қазақстан Жазушылар Одағының хатшысы, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының төрт мәрте степендиаты, ақын Маралтай Райымбек те Фариза ақынның кісілігі, адамгершілігі, шығармашылығы туралы толғана тұрып, өлеңін оқыды.

Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония әншісі Ханзада Сақыпова мен Назым Шаймарданованың орындауындағы Фариза Оңғарсынованың сөзіне жазылған «Қыз ғұмыр» әні тыңдаған жанның көңіліне шуақ құйды.

Қазақ поэзиясының туы биіктеген осынау мерекеде  Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау филиалының директоры, Халықаралық әдеби «Алаш», Түркі дүниесінің «Мақтымқұлы» сыйлықтарының иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Қойшығұл Жылқышиев осынау шараның өтуіне мұрындық болған облыс әкімі Нұрлан Ноғаевқа қаламгерлер атынан алғыс айтты.

— Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Ағатай» баспасынан Атырау тарихының 5 томдығын шығартқыздыңыз. Тағы да алда бірігіп,  шығаратын кітаптар жоспарда тұр. Сізге алғысым шексіз, — деді ол ағынан жарылып.

Қоғам қайраткері Рәшила Мүрсәлиева Фариза ақынды еске алып, қазақ барда ол кісінің есімінің ұмытылмайтынын айтты. Фаризаның заңды жалғасы – жастар екеніне айрықша тоқталды. Шара соңында «Фариза жұлдыздары» клубы мүшелеріне билеттері тапсырылды.

Гүлзада Ниетқалиева

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button