Еуразия жүрегінде: Астанаға 25 жыл
1998 жылы 6 мамырда атауы ресми түрде Астана болып өзгерген елордамызға 25 жыл толды. Ал, 2009 жылдан бері Астана күні елімізде 6 шілдеде аталып келеді.
Әуелі Астана күні 10 маусымда тойланатын. Өйткені, 1998 жылы дәл осы күні жаңа астананы ресми таныстыру шарасы өткен болатын. 2008 жылы «Мерекелер туралы» заңға түзетулер енгізілді де, ресми мереке ретінде аталып өтетін дата Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күніне ауыстырылды.
Жалпы, астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы ұсыныс елдің заң шығарушы органы екі палатаға бөлінбей тұрған кезде айтылған. 1994 жылы Жоғарғы Кеңесте Президент Нұрсұлтан Назарбаев осындай бастама көтереді. Осыдан кейін баспасөз бетінде «астананың Ақмолаға көшуі қаншалықты орынды?» деген мәселе қызу талқыланды. Идеяны сынаушылар да, қолдаушылар да баршылық еді. Мысалы, сол кездегі билікке оппозициялық бағыттағы журналист саналатын әйгілі қаламгер Марат Қабанбай астананы көшіруді жақтап, талай мақала жазды.
Бұл төңіректегі пікірталас 1997 жылы Ақмоланы астана ету туралы Президент Жарлығы шыққаннан кейін де толастамады.
2019 жылы 20 наурызда Президент өкілеттігін қабылдап алған Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Астана қаласының атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту жөнінде ұсыныс көтеріп, депутаттар тарапынан қолдау тапты.
Қала Нұр-Сұлтан атауын 2022 жылдың 17 қыркүйегіне дейін иемденді. Өйткені, осы күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының елордасы – Нұр-Сұлтан қаласының атауын Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласы деп өзгерту туралы» Жарлыққа қол қойды.
Аталған жарлық қабылданардың алдында Парламенттің бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады.
Елордаға «Астана» атауын қайтару туралы бастама ресми деңгейде 2022 жылдың қыркүйегінде айтылды. Мәжіліс депутаттарынан құралған «Жаңа Қазақстан» тобы БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізіп, қоғам талқылауына осындай ұсыныс тастаған.