Ет тісімізге емес, түсімізге кіре бастады…
«Ет қымбат. Бірақ, оны жемей тағы отыра алмаймыз. Махамбеттен арнайы келіп, базарға бас сұқтым. Ауылдан келгендегі басты мақсатым да осы еді. Бүгінгі алған азғантай етім қанша уақытқа жететінін білмеймін? Енді үйге осы базарлығыммен барамын».
Облыс орталығына Махамбет ауылынан келген Алма Құдабаевамен «Дина» базарының ет сататын бөлімінің алдында жолықтық. Көп балалы ана азын-аулақ азық-түлігімен қоса, бес мың теңгеге сатып алған екі-үш келі етін алып, ауылға аттанып барады. Ал, біз Атырау қаласы бойынша арзан, әрі ең ірі сауда нүктесі саналатын «Дина» базарының ет бөліміне бет алдық. Мақсат – бағаны бағамдау, ахуалмен танысып, көкейдегі көп сауалға жауап алу.
Бәріне бензин кінәлі…
Білгеніміздей, базар сөрелеріне қойылған еттің басым бөлігі – көршілес Орал өңірінен. Жергілікті кәсіп иелерінен келіп түсетін мал өнімі азғантай. Сауда нысанында төрт түліктің де еті бар. Бірақ, сатушылар «сиыр еті қашан да сұранысқа ие» дейді.
Клара Ерғалиева бірнеше жыл қатарынан осы бағытта жұмыс жасап келеді. Саланың қыр-сырына қанық сатушымен аз-кем тілдестік
.– Ет қаншадан?
– Сиыр еті ме, түйе еті ме? Қайсысы керек?
– Бағасы?
– Түйе 1000-нан жоғары, сиыр еті – 1350, 1600 теңге.
– Қымбат қой.
– Қарапайым халық бізге осылай ұрса жөнеледі. Халықты қанап, ақшаның бәрін қалтамызға басып жатқандай көреді.
– Сонда сіздердің қымбатшылыққа қатыстарыңыз жоқ па?
– Кінәлі біз емес. Қазір сою цехы бағасын көтеріп жіберді. Мал сою құнының жартысын біз төлейміз.
– Сонда қалай?
– Қараңыз. Бұрын сиырды жеті мың теңгеге сойып беретін болса, қазір 10000 теңгеге көтеріп жіберді.
Түйе, жылқыны сою бағасы 10 мыңнан 15 мыңға көтерілді. Қой 1000 теңге еді, қазір 2500 болды. Ал, басын үйітіп берер болса, 3500 теңгеге шығады. Осы аталған соманың тең жартысын біз төлейміз. Оған қоса, жеткізіп беру көлігіне мал басына 1000 теңгеден төлейтініміз тағы бар. Соларға кететін шығындарды қосқанда, менің әр келіден бар көретінім 30-50 теңге пайда ғана.
– Олардың бағаны осылай көтеріп жіберуіне не себеп?
– Жол шығыны қымбатқа түсіп отыр дейді. Ал, негізгі себеп – бензин бағасының көтерілуі.
– Орынақы да төлейсіздер ме?
– Иә, айына 69 мың теңге.
— Барлық сауда түрі секілді еттің де өтпей тұрып қалатын «өлі кезеңі» бола ма?
– Әрине. Әсіресе, көктем, жаз айларында. Балықтың «сезондарында» ет көп өтпейді. Бір сиырды екі-үш күн сататын күндеріміз де болады.
– Баға базардың барлық жерінде де бірдей ме?
– Иә, бір баға. Кейде кешкі сауда деп соңғы еттер қалған сәтте «оптом» беріп жіберейін деп түсіргендер болмаса, барлығымыз бір баға ұстаймыз. Базар әкімшілігі бағаның жоғарыламауын назарда ұстап отырады.
– Қазіргі күні ішек-қарын сатылмайтын болған ба, көрмей тұрмын.
– Жоқ, ол не дегеніңіз. Ең өтімдісі – сол. Таңертеңгілік өтіп кетеді.
– Ет бағасы білуімізше, жаз айларында көтерілген секілді.
– Дұрыс айтасыз. Біз 4 айдан бері осы бағамен сатып келеміз.
– Күніне қанша келі ет сатасыз?
– Бұл жерде мынадай дейтін нақты көрсеткіш жоқ. Жеке өзім бір күнге бір сиыр сатып аламын. Мысалы, 1300 теңге көтерме бағамен алдым делік. Енді қараңыз, жоғары сұрыпты сиыр етін мен неге 1600-1800 теңгеден сатамын? Себебі, бір сиырдан 25 келі сүйек шығады. Ал, сүйектерді мен ондай бағамен сата алмаймын. «Мотолыжкаларды» 400-500 теңгеден береміз. Сондықтан, өзіміз шығынға батпау үшін осылай сатамыз.
Жылқы етіне қарайсың, бірақ, ала алмайсың
Аталған базардың ет бөлімінің әкімшісі Ақмарал Сатанқызынан білгеніміздей, бұл сауда нысанына бір күнде орта есеппен 50 сиыр, 7-10 жылқы, 3-4 түйе, 10-15 қой еті әкелінеді екен. «Арнайы екі зертхана бар. Барлық ет толық тексерістен өтпейінше, сатуға шығарылмайды. Бұл бөлімнің жұмысы таңертең 7-де басталады.
Сойылған мал етін қабылдап алу, оны зертханалық талдаулардан өткізу, рұқсат белгісі соғылғаннан кейін ғана сатуға шығару – күнделікті жүргізілетін жұмыс түрлері»,-дейді ол.
Мақаттан келген Жанәлі Өмірзақов та ет бағасының қымбаттап кеткеніне қынжылатынын жеткізді: «Ет тұрмақ, қазір кез келген тағам түрінің бағасы қымбаттаған.
Отбасымда еңбек ететін жалғыз өзім болғандықтан, ет сатып алудың өзі менің қалтама едәуір салмақ салып тұр. Бірақ, ет жемей отыра алмайтын қазақпыз. Қанша болса да, амал жоқ, сатып алуға мәжбүрміз. Міне, бүгін 22000 теңгеге ет сатып алып тұрмын. Бұл – бір қонақ шақыруға ғана алғаным. Ауылға барған соң, бір қойымды соямын»,-дейді ол.
Базарда бәсі шарықтап тұрған қымбат тауардың бірі – жылқы еті. Бір келісінің бағасы 1400 теңгеден басталып, 2500 теңгеге дейін жетіп жығылады. Аса бағалы ет түрін сатып тұрған Ақырыс Құсайынова «Қазы алайық, қазы. Өзім айналдырып беремін» деп жар салудан жағы талатын емес.
Жарнамасы келіскен жеңсік астың бағасы да келісті – 2500 теңгеден. «Алсаңыз, өкінбейсіз» дейді ол. Құны аспандап тұрған қымбат қазыға қарай-қарай талай адам сөре тұсынан өтіп барады. Біз де базардан шығуға бет алдық.
Қымбатшылық көшінің басында біз тұрмыз
Биылғы тоғыз айдағы статистикалық деректерге назар аударсақ, нарықтағы азық-түлік өнімдері ішінде еттің бағасы біраз жоғарылаған. Мысалы, Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, биылғы қаңтар-қыркүйек айларында қой етінің бағасы – 12,7, сиыр еті – 12,6, жылқы етінің бағасы 7,5 пайызға көтерілген.
Халықтың үштен бір бөлігі мал өсірумен айналысады, аталған сала жыл санап дамып келеді дегенімізбен, ет бағасы шарықтап барады. Таяуда өткен Үкімет отырысында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі артқандығы да айтылды. Бұл деректер ет пен сүт бағасы төмендеуі тиіс екендігін де айғақтайтындай. Алайда, баға арзандамақ тұрмақ, бір орында байыз таппай, шарықтап барады.
Ет бағасының қымбаттауы жөнінен біз біраз елдің де алдындамыз.
Ranking.kz агенттігі жүргізген есеп-қисап нәтижесі төмендегідей: Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстандағы еттің бағасы 6,1 пайызға қымбаттаған. Ал, Арменияда – 3,7 пайыз, Қырғызстанда – 3,2 пайыз, Ресейде 0,1 пайызға көтерілсе, Беларусь елінде керісінше 2 пайызға арзандаған.
Түйін: Ел ішіндегі деректерге сүйенсек, Қазақстан бойынша орта есеппен бір келі ет бағасы 1425 теңгені құрап отыр. Арзан ет алғыңыз келсе, арнайы сапармен Таразға барыңыз. Себебі, ең төменгі баға осында тіркелген. Ал, ең қымбат ет – Астанада. Екінші орынға табан тіреген қалалар тізімін Атырау мен Алматы жалғастырады.
Қалай десек те, күн санап құбылып, шарықтаған баға соңына жете алмай, етті тек түсімізде көретін жағдайға жетпесек жарар еді…
Гүлжан ӘМІРОВА