ЕТ ҚҰТЫСЫ АТЫРАУДАН ШЫҒАДЫ
Цехта отызға жуық адам жұмыс жасайды. Қызметкерлердің барлығы да Атырау қаласынан. Ұтымды іс мамандарға байланысты болатыны белгілі. Шындығын айту керек, сала мамандары жетіспейді. Сол себептен өзіміз оқытып, тәжірибеден өткізіп алуға тура келеді. Басында келген мамандарымыз қазір өздері де іс-тәжірибе жинақтап, кәнігі шеберлерге айналды.
Қазір ішкі нарықта ет құтыларының түрлері өте көп. Шетелден әкелінгендерінің небір түрлері дүкен сөрелерінде толып тұр. Солай болуы керек те. Бұл – аралық бәсекелестікке үлкен себеп. Оның үстіне, жақында біздің мемлекетіміз Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болды. Бұл бізге бұрынғыдан да үлкен жауапкершілік жүктейді. Енді әр кәсіпкер өз өнімінің сапасы жоғары болып, әлемдік рынокқа шығуына тәуелді болуы үшін тынбай жұмыстанады.
Дұрыс тамақтану – денсаулық кепілі. Сондықтан, біз ең бірінші өніміміздің адам ағзасына пайдалы жағын қарастырамыз. Мәселен, пайдаланылатын еттің көбі өз еншіміздегі шаруа қожалығындағы малдардан алынады.
Заман ағымына орай жаңа технологиялардың қарышты дамыған қазіргідей кезінде қолданыстағы қондырғылардың жоғары талапқа сай болуы – қызмет бабындағы ең басты мәселелердің бірі. Цехтағы қондырғылар Германиядан, Ресейден әкелінген. Жұмыстың 90 пайызы компьютермен атқарылады. Бұл өнім сапасының қалыпты болуына, гигиеналық тұрғыдан үнемі таза болуына кепілдік береді.
Өнімнің санын көбейтіп қана қоймай, сапасын көтеріп, халықтың көңілінен шығу біз үшін өте маңызды. Бұл – Атырау өңіріндегі тұңғыш құтылау цехы. Сондықтан, біз бәсекелестік нарығында өз өнімімізді сыртқа сапалы ұсынуға тиіспіз. Бұл – өзіміздің ғана емес, өңіріміздің де абыройы.
Елбасымыз шағын және орта бизнесті қолдап, үнемі қамқор қолын созып, кәсіпкердің жұмысының алға басуына барлық жағдайларды жасап келе жатыр. Соның нәтижесін бүгінгі күні толықтай көріп отырмыз. Баршаға белгілі, қазір әлемдік экономикада ірі өзгерістер болуда. Ұлттық валюта еркін айналымға ауысты. Алдымызда үлкен мақсаттар мен жоспарлар бар.
Азық-түлiк өнiмдерiн тұтынудың қарқынды өсуін және тұтынушылардың неғұрлым сапалы өнiмдерге қол жеткізуін қамтамасыз ету – біз үшін басты міндет.
Қай қызметте болмасын еңбек көрігін қыздыратын – адам күші. Осы орайда, бізде жұмысшылар үшін жағдай жасалған. Медициналық пункт, демалыс орындары, асхана сияқты күнделікті тұрмысқа қажетті қызметтер мінсіз көрсетіледі. Еңбекақылары да уақытында төленеді.
Мемлекет басшысы елдi азық-түлiкпен қамтамасыз етудегi, халықты жұмыспен қамтуды арттырудағы және республиканы экономикалық дамытудағы ауыл шаруашылығының рөлiн және біздің алдымызда әлемдік азық-түлік нарығының көшбасшысы болу және ауыл шаруашылығы өндірісін арттыру мақсаты тұрғанын үнемі айтып келеді. Бұл біз үшін ең басты бағыт болып есептеледі. Және осы жолда өнікті еңбек үлгісін көрсететін боламыз.
Әмина АКДРАШОВА,
«Карат» ЖШС-нің
бизнесті дамыту
жөніндегі менеджері.