Ет экспортының ӘЛЕУЕТІ ҚАНДАЙ?
Расын айтқанда, қазіргі таңда ауыл шаруашылығында өз кәсібін ашамын деушілерге Үкімет тарапынан үлкен қолдау мен көмек көрсетіліп жатқаны мәлім. Тек қаржылық жәрдеммен ғана шектелмей, іс қыламын деген ауыл адамдарын арнайы курстарда оқытып, бизнес жоспарын сапалы істеуіне қолұшын беріп, несиеге алған қаржысын қалай жұмсау керектігіне дейін кеңес беретін мекемелерді ашып отырғаны да белгілі. Осыншалық мүмкіндікті дұрыс пайдаланбай отырған ауылдағы ағайындардың кейбірінің бүгінгі тіршілігіне қарнымыз ашатыны жасырын емес.
Ал, енді негізгі тақырыбымызға қайта оралсақ. Министр келтірген мәліметке қарағанда, соңғы екі жылда ауыл шаруашылығы кәсіпорындарындағы ірі қара малдың өсу қарқыны – 15, сиыр 19,4 пайызға дейін өсіпті. Фермерлік шаруашылықтарда ол тиісінше 20 және 26,1 пайызға дейін артыпты. Былтыр ірі қараның үлесі ұйымдасқан шаруашылықтарда – 31, жеке қосалқы шаруашылықтарда 69 пайызды құрапты. Ведомство басшысы сондай-ақ мал шаруашылығын субсидиялаудың жаңа тәсілдері туралы да таратып айтты. Фермерлік шаруашылықтарды ынталандыру үшін биылдан бастап ірі қараның әрбір аналық басына 18 мың теңгеге дейін субсидия нормативтері ұлғайтылыпты. Бұдан басқа, отандық селекциядан шыққан асыл тұқымды ірі қараны сатып алуға субсидия көлемі 118 мың теңгеден 154 мың теңгеге дейін артқанын тілге тиек етті. «Осылайша, ынталандырушы мемлекеттік қолдау шаралары есебінен жобаның барлық технологиялық тізбегінің тиімді өзара іс-қимылы үшін негіз құрылды. Премиум санатты жоғары сапалы сиыр етін экспорттау басталды. 2013 жылы 4 мың тоннадан астам, оның ішінде, премиум санаттағы 340 тоннаға жуық сиыр еті бар ет пен ет өнімдері экспортталды» деді министр.
Үкімет басшысы баяндамашыны бір емес, бірнеше рет іркіп, түсініктеме талап етті. А.Мамытбеков фермерлік шаруашылықтардың аналық малын асыл тұқымдандырумен қамту көрсеткіші бойынша елімізде 10 үздік және 10 нашар аудан бар екеніне тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, үздік 10 ауданда асыл тұқымдандыруға 21-ден 34 пайызға дейін, көрсеткіші төмен аудандарда 2 пайызға дейін ғана мал тартылыпты. Осы арада Үкімет басшысы көрсеткіштері төмен 10 әкімді жұмысынан босату туралы мәселені облыс әкімдерінің алдына төтесінен қойды. «Біз өткен жылы министрліктің алқа мәжілісіне мал шаруашылығымен айналысатын барлық аудан әкімдерін шақырған едік. Олардың алдына экспорттық әлеуетті дамыту мәселесі қойылған болатын. Осы екі жылда мал шаруашылығын дамытуда сапалы ілгерілеу мақсаты жүктелді. Неліктен өткен екі жылда көрсеткіші нашар 10 ауданда тиісті жұмыстар атқарылмаған?» деді С. Ахметов.
«Неге сіз министр ретінде осы мәселені көтермейсіз? Бұл туралы облыс әкімдерінен де сұраймын. Негізгі жұмысымен, яғни мал шаруашылығын дамытумен айналыспаған ауылдық, аудандық әкімдер неге қызметінен босатылмаған!? Саулық мал басын жақсарту – негізгі мәселе. Бұл шаруа тікелей Мемлекет басшысының бақылауында екені де белгілі. Ал, мынадай нәтижемен сіздер министрлік ретінде мақсатты орындай алмайсыздар ғой. Сондықтан, облыс әкімдері көрсеткіші төмен аудан әкімдерін қызметінен босату туралы шешім шығаруы тиіс»,- деп қайырды сөзін Премьер-министр.
Ауыл шаруашылығы минис-трінен кейін «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-тың басшысы Д.Айтжановқа сөз берілді. Ол етті қара мал шаруашылығын елімізде дамыту мәселелері мен ет өнімін алыс-жақын шет елдерге экспорттау мәселелеріне тоқталды. Саланың еркін дамуына келіп жатқан кедергілерді атап, оларды ретімен шешу жолдарын да әңгімеледі. Сөйте келіп, 18 млн. тұтынушысы бар Мәскеу базарының ет сөрелері туралы да баяндап өтті. Оның айтуына қарағанда, қазіргі таңда сол базарға ет жеткізу шаралары қолға алынған. Нәтижесі айтарлықтай тәуір көрінеді. Мәскеудің азық-түлік сауда палаталары қазақтың қара малы мен асыл тұқымды қойының, сондай-ақ, күркетауығының етін алуға пейілді екен. Себебі, қазақтың ет өнімдері экологиялық жағынан таза болумен қатар, халықаралық талаптарға сай.
Өз кезегінде Премьер-министр «ҚазАгро» ұлттық холдингiне ірі қара мал етiнiң экспорттық әлеуетiн арттыру мақсатында жеке инвестицияларды тарту туралы тапсырма берді. «Салаға қаржы тартыңыздар, субсидиялау мәселесiн шештiк. Бiзде қаржы да жеткілікті. Бағдарламаға қатысушылар да қаражатсыз емес. Біздің болжам бойынша, бүгiнгi күнi агробизнес 80 пайызға дейiн субсидиялауға дайын. Мал бар. Оған қажет құрылғылар мен жем-шөп лизингiсін, бұқаларды сатып алу бағасының жартысына жуығын субсидиялап жатырмыз. Барлық жағынан алғанда субсидиялар жасалып отыр», дедi С.Ахметов.
Осындай игілікті пайдаланбай отырған адамдардың немкеттілігіне кейіген Үкімет басшысы, «Құлқы жоқтар ғана ірі қара мал етiнiң өндiрiсiмен айналыспайды. Әкiмдердiң бұл жұмыспен нелiктен шындап шұғылданбай отырғаны бел-гiсiз» деді. Мұнымен бірге, Ауыл шаруашылығы мен Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiктеріне, «ҚазАгро» холдингімен бiрлесіп, мал етін экспорттау бойынша нақты ұсыныстар енгiзудi тапсырды.
Үкімет отырысында ақ бас тұқымды мүйізді ірі қара мал республикалық палатасының директоры Қабыл Исабекұлына да сөз берілді. Ол жергілікті асыл тұқымның ерекшеліктері мен артықшылықтары туралы әңгімеледі. Оның сөзіне назар салсақ, малдың бұл тұқымының еті мол болумен қатар, өте дәмді көрінеді. Сондай-ақ, еліміздің кез келген өңірінің табиғатына тез бейімделетін қасиетін де айтып өтті. Премьер-министр жергілікті асыл тұқымды ірі қара жөніндегі баяндаманы тыңдай келіп, өзімізде осындай жақсы тұқымды мал тұрғанда шет елдерден несіне мал тасып әуре боламыз дегенді айтты. Ақ бас тұқымды малды көбейтіп, бүкіл республикаға тарату үшін Үкімет тарапынан қандай көмек болса да қымсынбай сұрау керектігін ескертті.
Отырыс қорытындысында Үкімет басшысы кешенді жоспардың ойдағыдай орындалуы көбіне жергілікті атқарушы органдардың басшыларына байланысты екенін атап айтты. Сөйтіп, бірқатар облыс басшыларының алдына осы бағдарламалардың орындалуын бақылауға тиісті, бірақ қадағаламайтын ауыл әкімдерінің атқарып отырған лауазымына лайықтылығы туралы мәселе қойды. Мұнымен қатар, тиісті мемлекеттік органдарға кешенді жоспарды орындау тиімділігін арттыру бойынша басқа да бірқатар тапсырмалар берді.