ЕСКІРГЕН ЖАТАҚХАНА:
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің ақпаратына қарағанда, тосын оқиға туралы телефон хабарламасы жексенбі күні 11 сағат 05 минутта түскен. Сол бойда құтқарушылар оқиға орнына жетіпті. Облыс, қала басшылығы да жергілікті прокуратура, полиция құрылымдарының жетекшілерімен бірге жағдаймен аяқтай барып, танысқан.
— Алдымен, жатақхана ғимаратының сыртқы жағындағы 6 х 6 шаршы метрді құрайтын қабырға мен бірінші-екінші қабат аралығындағы төбеге салынған үш плита опырыла бастады. 14 сағат шамасында үшінші қабат қабырғасының кейбір бөліктері құлады, — дейді Атырау қалалық төтенше жағдай басқармасының басшысы Михаил Хагай.
Оның айтуынша, бүлінген үйдің тұрғындары дер мезгілінде сыртқа шығарылған. Осы себептен жапа шеккендер жоқ.
Мәселенің мәнісі
Баймұқанов көшесі №39 үйге қатысты Атырау қаласының әкімдігі төмендегідей қосымша мәлімет берді:
Баймұханов көшесі бойындағы №39 жатақхана ғимараты, 1970 жылы салынған. 2010 жылдың 11-мамырындағы Атырау облысы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы мамандарының зерттеу қорытындысы бойынша «аталған тұрғын үй ескірген, әрі қарай пайдалануға келмейді» деп танылған.
Аталған жатақхана газбен жабдықталмаған, ғимараттың іргетасы кәріз жүйесі мен еріген судың кесірінен желініп, кейбір жерден төмен түсіп жатыр. Үйдің жертөлесін кәріз жүйесінен шыққан лас су басып кеткен. Қорытындыға сәйкес, аталған үйдің тозығы жеткен, қала бойынша апатты жағдайдағы көп пәтерлік үйлер тізіміне енгізілген.
«2014-2020 жылдарға арналған апатты үйлер» іс-шаралар жоспарына сәйкес, аталған үй тұрғындарын 2014 жылдың аяғына дейін көшіру жоспарланғанымен, облыстық бюджеттен салынып жатқан 240 пәтерлік коммуналдық тұрғын үйдің құрылысы уақытында аяқталмауына байланысты көшіру жұмыстары кейінге шегеріліп келеді. Жоспарға сәйкес, құрылыс жұмыстарының аяқталу мерзімі 2015 жылдың 15 маусымы деп белгіленіп отыр.
31 мамырдағы болған жағдайға байланысты жатақханадан 38 отбасы, яғни, 141 адам «PSN Казстрой» мекемесі ғимаратының жатақханасына (97 ересек, 44 бала) көшірілді. Барлығы да жатын орынмен, ыстық тамақпен қамтамасыз етілген, дәрігерлік бақылауға алынған.
Азамат БАЗАРБАЕВ.