Қасымхан Бегманов: «Ескі сөзді білетін есті адамды іздеймін»
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері,
«Дәстүр» ұлттық-этнографиялық басылымының бас редакторы,
ақын Қасымхан Бегманов:
Жақында ата-бабамыздан мұра болған құндылықтардың сақталуына өз үлесін қосып жүрген ақын Қасымхан Бегманов іссапармен облысымызда болып, өлкетанушы-ғалымдармен, жастармен кездесті. Төмендегі сұхбатты ақынның Атырау өлкесіне сапарынан тәбәрік ретінде оқырман назарына ұсынып отырмыз.
— Атырауға «Қош келдіңіз» дей отырып, алдымен сапарыңыздың мақсатын біл-сек…
— Қазақтың салт-дәстүрін, бағзыдан келе жатқан ұлттық құндылықтарды сақтап, жас ұрпаққа аманат ету – баршамыздың қасиетті парызымыз. Осы мақсатпен «Дәстүр» ұлттық-этнографиялық журналын шығара бастағанымыз-ға жеті жыл толды. Жеті — қазақ халқының жанына өте жақын, киелі сан, филосо- фиялық ұғым. «Жеті саны – адамзат пен табиғат арасындағы тылсым байланыс, олардың терең тамырлылығы, әлем сәулеті (жеті ата, жеті ұрпақ, жеті ғалам, жеті амал, жеті керемет және басқалары)» деп атап көрсетеді белгілі этнограф Жәрдем Кейкин «Қазақы атаулар мен болжамдар» атты кітабында.
Осынау жеті жыл ішінде басылымның шығармашылық ұжымы адамзат пен табиғат арасындағы байланыстардың баршасы салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызда жатқандығын егжей-тегжейлі таратып жазып, дәріптеп келеді. Биылғы жылдың жаңалығы — жеті жыл бойы редакцияға келіп жатқан оқырман қауымның ойлы сұрақтарын сұрыптай келе, қазақы болмысымыздың қайнар көзі – салт-дәстүріміздің бүгінгі жай-күйі туралы, елдік ғұрыптың негізін сақтап, жаңғыртып, дамытып, болашаққа басы бүтін аманаттау туралы мәселелерді жан-жақты көтеретін «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» атты ғылыми-көпшілік жобасы. Редакция ұжымы осы жоба аясында бүкіл елімізді аралап, ел ішінен асыл жәдігерлерді жинауға кірісіп те кетті.
Атырау өңіріне келу мақсатым — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына орай аталмыш жоба аясында өлкетанушы-ғалымдармен кездесіп, сұхбат алу, жастарға тағылым тарату.
— Аса көрнекті этнограф, зерттеуші ғалым Жағда Бабалықов туралы «Этнографпен әңгіме» деген кітабыңыз 2010 жылы «Дәстүр» баспасынан жарық көрген екен…
— Менің аталмыш кітапты жазуыма себеп болған негізгі жай – халқымыздың жылдан-жылға елеп-ескерусіз қалып бара жатқан салт-дәстүрін жинастыру. Ол үшін ескі сөзді білетін есті адамдарды ойша сұрыптадым. Этнограф-ғалымдардың тізімін жасадым. Еңбектерін зерттеп, зерделей бастадым. Міне, сол тізімнің басына ең бірінші жазылған есім – Жағда Бабалықұлы.
Абыз ақсақалмен әңгімелесе, сөйлесе келе, біздің бұл қағаз бетіндегі сырласуымыз бір-екі сұхбатпен бітпейтініне көзім анық жетті. Қарияның басынан кешкен небір қызықты оқиғалары, жантүршігерлік жайттар, бұрынғы өмірі – бәрі-бәрі мені өзінің терең иіріміне ақырындап тарта берді, тарта берді…
Ескі, сарғайып кеткен газет қиындыларына, өзінің әр жылдары қолымен жазған кеңестік кезеңнен қалған, бұрындары журналда қызмет істеп жүргенде жиған, бүгіндері ескіріп, қоңырқай тартқан дәптердің ішіне фломастермен ірі-ірі етіп әр жылдары Ахмет Байтұрсыновтың төте жазуымен жазған, өзі ғана түсінетін жазбаларына қарап отырып, менің қойған сұрақтарыма нақты, енді бірде ширатып, әбден таратып жауап береді.
Бірде: «Қағазға түспеген көп ойларым өзіммен бірге кетер ме екен?» деп іштей қобалжушы едім…» деп, енді бірде: «Еңбегі еш, тұзы сор, қазақтың далада жатқан шалы едім» деп ара-арасында маған алғыс айтып қоюды да ұмытпайды.
Кезінде Мұстафа Шоқай жайында деректі фильм түсіріп, екі томдық кітапты жазу барысында жүз сағаттан аса бейнетаспа жинақталған. Менің архивімдегі осы бейнежазбалар қатарынан Жағда Бабалықұлымен жүргізілген сұхбаттар желісі үнтаспалары да орын алды.
— Аталмыш жоба қандай стильде жарық көрмек? Елге аты белгісіз ғалымдар мен этнографтарды таптыңыз ба?
— Дұрыс айттыңыз. Қолға алынып отырған тақырыбымызда ғалымдар, ізденушілер, халық этнографтары «Дәс-түр» басылымының Бас редакторы дайындаған сұрақтарға жауап береді. Сондай-ақ, сұхбат барысында өз ойларын ортаға жайып салады. Журналдың 2017 жылғы №1 санынан бастап қазақ халқының салт-дәстүрі мен ырым-тыйымдарының түп-тұқияны, шығу тарихы, олардың күнделікті тіршіліктегі қолданысы зерделенеді.
Қазақ этнографиясының бүгінгі өзекті мәселелері туралы ел ағалары – тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Гуманитарлық ғылым академиясының құрметті академигі Уахит Шәлекеновпен, жазушы, медицина және педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық Нострадамус атындағы академияның академигі Советхан Ғаббасовпен, педагогика және психология ғылымдарының докторы, профессор Құбығұл Жарықбаевпен және белгілі этнограф Болат Бопаймен жүргізілген көлемді сұхбаттар жыл бойы жарияланатын болады.
Оқырмандар алдағы сандардан заң ғылымының докторы, академик Сұлтан Сартаев, тарих ғылымының докторы Жамбыл Артықбаев, тарих ғылымының кандидаттары Нұрсан Әлімбай және Әлімғазы Дәулетханмен жүргізілген сұхбаттарды да оқи алады.
— Бір сөзіңізде Мұстафа Шоқай туралы айтып қалдыңыз. «Мұстафа Шоқай жолымен» деген кітабыңыз шыққанын және төрт сағаттық деректі фильм түсір-геніңізді білеміз. Мұстафа Шоқай өмірін зерттеуіңізге не себеп болды?
— Өзінің қыршын ғұмырын қазаққа арнап өткен Мұстафа Шоқайды «Түркістан легионын» құрып, өз еліне опасыздық жасады, қанды майданда неміс фашистері жағында елге қарсы соғысқан сатқын» деп қаралаған сөздер жанымды түршіктірді. Шындығында олай емес еді. Сондықтан, бірнеше жыл бойы Мұстафа Шоқай жүріп өткен жолдармен сапар шегіп, ол тоқтаған елді мекендерде, қалаларда болдым. Алаштың Мұстафасы жүрген жолдың картасын сыздым. «Ол туралы білуі мүмкін» деген адамдардың бәрімен жолығып, бейнетаспаға түсіріп алдым.
Менің қолымда ол туралы құнды құжаттар бар. Оқыған кезіндегі алған бағалары түсірілген табельден бастап, Мария жеңгемізге Баку қаласында берген анықтамаға дейін қолымда. Жас ұрпақ осы бір «елім» деп өткен ерді танып, «оның өмірін өздеріне үлгі қылса» деп армандаймын. «Мұстафа Шоқай жолымен» деген кітабымда осы жолда жолыққан талай ойшылдар, белгілі адамдардан алған сұхбатым жинақталып берілді.
— Алашорда көсемі Әлихан Бөкейхан рухына арнап «Алашорда аманаты» атты дастан жазыпсыз, «Дәстүр» ұлттық-этнографиялық басылымның 2016 жылы шыққан №6 саны да осы ірі тұлғаға арналыпты.
— Қазақтың тарихына қатыс-ты жайдың қай-қайсысына да бейжай қарай алмаймын. Биыл Алашордаға 100 жыл толады. Оқырмандарға осы тарихи шындыққа терең бойлап жазылған дастанымнан үзінді оқып берейін:
Ұйқас таппай жүр демегін шырағым,
Кім ұмытар Алашорда ұранын?!
Мола таппай жер бетінен дүние-ай,
Көкжиекке Құран оқып тұрамын.
…Ұмытылды қара бастың құлдары,
Ұмытылмас азат елдің құрбаны!
Әлихан мен Шәкәрімдей қажымыз –
Апа-сіңлі екі қыздың ұлдары.
Бейіт, бесік арасы тым тар екен,
Өмір деген күрес екен, зар екен.
Мұстафаны қолтығынан сүйеп кеп,
Мәңгілікке аттандырған Әлекем…
— Сонау тоқсаныншы жылдардың ұландары сіздің өлеңдеріңізді оқып өсті…
— Мен — ең әуелі ақынмын. Халқыма да ақын ретінде танылдым. Өлең-жырға ғашықтығымнан ақындық жолға түстім. Әйтпесе, о баста бітірген мамандығым инженер-технолог болатын. Анамның ақ сүтімен бойыма біткен ақындық қасиетімнен қалай қара үзіп кетейін. Жақында ғана «Күреңбел» атты жыр жинағым шықты. Оқырманын табады деген сенімдемін. Ақынның бақыты — оқырман махаббатында.