Ескі құбырдың екінші «ғұмыры»
— Аталған жоба Еуропа елдерінде біраз жылдан бері қолданыста бар екен. Мұның өзі оның өміршеңдігін, қажеттілігін байқатса керек, — деді шараға қатынасқан облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев.
Құбыр желісін ор қазбай-ақ жөндеу әдісі жиынға жиналған жұрттың назарын аударды. Өйткені, оған қатынасқандардың дені коммуналдық саланың басшылары, тиісті құрылымдардың өкілдері болатын. Жаңа технологияға деген қызығушылық шындығында бекер емес еді. «Умирзак — Сервис» ЖШС-нің өкілі Руслан Мұстафиннің айтуынша, аталған құрылым АҚШ-тың «Инситуформ» компаниясының жобасын Қазақстан аумағында жүзеге асырушы болып табылады. Тоқтала кететіні, 40 жылдық тәжірибесі, әлемнің қырықтан астам елінде өкілдігі бар ірі компания 2011 жылы арнайы конкурс өткізген. Нәтижесінде, олар жылыойлық ЖШС-ін өздерінің серіктесі ретінде таңдапты.
Сапаны жақсарту әдісі (санация) негізінен диаметрі 100 мм-ден 2500 мм-ға дейінгі тұрбаларға қолданылады. Ол құбырлардың ішіне «шұлық» тәрізді орнығып, жарамсыз тұсын тығындайды. Мұнда арнайы аппараттың пайдаланылатынын да айтайық. «Білмейтін жердің ой-шұңқыры көп» демекші, серіктестіктің өкілі өздері қолданып жүрген технологияны көпшілікке жете түсіндіру үшін бейнекөрсетілім көрсетті. Әкелген тұрбаларын жұрт назарына ұсынып та көрді.
— Қазіргі күні елімізде жерасты құбырларының жайы алаңдатарлық деңгейде. «Оның 70 пайыздан астамы жарамсыз күйге түскен» деген мамандардың пікірі бар. Осы себептен желі бойында апаттар жиі орын алуда және ол жылдан-жылға өсіп келеді. Бұл өз кезегінде, мемлекетке орасан зор экономикалық, экологиялық залал келтіруде. Апаттың зардабын жою мақсатында жасалатын жер қазу жұмыстары тоқтатылып, ахуалды айықтырады деу де қиын. Оның кесірінен көшедегі көліктің қозғалысы шектеледі, қаншама жасыл желектер тамырынан қиылады. Осы жағдайда тұйықтан шығаратын жалғыз жол – ол құбырларды жатқан жерінен қозғамай жөндеудің жаңа әдісі деп білемін, — деді Р.Мұстафин.
Құбыр ішіндегі «шұлықтың» қалай кәдеге асатынын, қандай тұрғыда қолданылатындығын серіктестің өкілі тәптіштеп түсіндіріп берді. Дегенмен, ол бізге қаншалықты тиімді? Осы сауалдың жауабын облыс әкімінің орынбасары С.Нақпаевтың өзі айтты. Оның баяндауынша, жаңа әдісті жергілікті мамандардың қатынасуымен нақты өмірде сынап көрмекші. Соның қорытындысы талқыға салынып, нәтижелі болса, қолданысқа енгізудің мүмкіндігі қарастырылады.
Жиында естігеніміз, серіктестік өздерінің жұмыстарына 50 жылға кепілдік береді. Алайда, оның олқы тұсы да бар. Әңгіме – жаңа тәсілді пайдалану қазынаға қымбатқа түсетіндігінде. Мамандар мұны қолданылатын материалдар мен арнайы құрылғыларға кететін шығынның көптігімен түсіндіреді. Айтпақшы, соны әдіс қазірдің өзінде ТШО-ның өндірістік нысандарында пайдаланылған екен.