Ескерткіш тақта ашылды
Облыстың медицина саласына зор үлес қосқан жанның бірегейі – Тұрар Чакликов. Ол – денсаулық сақтау саласының талантты ұйымдастырушысы, Атырау өңіріне танымал қайраткер.
Кеше дәрігер-эпидемиологты мәңгі есте қалдыру мақсатында өзі басқарған Атырау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ғимаратына ескерткіш тақта орнатылып, оның салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Шараны аталған департамент басшысының орынбасары Гүлназ Ирбатырова ашып, Тұрар Ескендірұлының өмірі мен қызметімен таныстырса, осы саланың ардагерлері – Мұхамеджан Сапаров, Ерболат Уайсов әріптестері жайында жылы естеліктер айтты. Марқұмның ұрпағы атынан ұлы Едіге Тұрарұлы сөйлеп, әкесінің әріптестеріне, жерлестеріне деген өзінің жүрекжарды алғысын білдірді.
– Біз бүгінде Алматы қаласында тұрамыз. Бәріміздің балалық шағымыз осы өңірде өткендіктен де Атырау сондай ыстық көрінеді. Анамыз Нурия Қуандыққызы бүгінде 79 жаста, жолдың ұзақтығынан, эпиджағдайдың қиындығынан келе алмады. Жанымызда әкеміздің, бәріміздің Жаңыл апамыз тұр, бұл кісі де 83-ке келді. Шүкір, асыл әке көзінің тірісінде немере-жиендерін көрді, тек шөбересін көре алмады… Алдынан жарылқасын, осынша құрмет көрсетіп жатқан жерлестерін желеп-жебеп жатсын дейміз, — деді бізбен арадағы әңгімеде Әсел Тұрарқызы.
Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Тұрар Ескендірұлы Чакликовтың елі үшін жасаған тынымсыз еңбегі мен құрметті есімі көп жүрегінде сақталады.
Лиза СЕЙТІМОВА