
Есірткіге қарсы күрес – ортақ міндет
Бүгін – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні. Осыған орай Атырауда кең көлемді мерекелік іс-шара өтті. Шараны облыстық полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Атырау қаласы әкімдігі бірлесіп ұйымдастырды.
Іс-шараның басты мақсаты – қоғам арасында есірткінің зияны туралы кең түсінік қалыптастыру, нашақорлықтың алдын алудың маңыздылығын насихаттау және салауатты өмір салтын дәріптеу.
Мерекелік жиынға қала әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов, облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Құттыбай Садықов, сондай-ақ өңірдің қоғам белсенділері қатысты.
– Есірткіге қарсы күрес – бұл тек полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Біз жастардың өмірін уландыратын бұл қауіпті індетке қарсы бірлесе әрекет етуіміз қажет. Осындай іс-шаралар арқылы өскелең ұрпақты дұрыс бағытқа тәрбиелеп, зиянды әдеттерден аулақ болуға шақырамыз. Профилактикалық жұмыстар үздіксіз жүргізіледі және қоғаммен бірлескен күрес жалғасын таба береді, — деді Қ.Садықов.
Бағдарлама барысында арнайы жасақ қызметкерлері қоян-қолтық ұрыстың элементтері мен өзін-өзі қорғау тәсілдерін көрсетті. Сондай-ақ спорттық қойылымдар мен күш қолданбай қарсы әрекет ету әдістері ұсынылды. Шара аясында патриоттық әндер шырқалып, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Салтанатты шара соңында нашақорлықпен күрес саласында белсенді жұмыс атқарып жүрген нарколог мамандар, Есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелері мен қоғам белсенділеріне Алғыс хат табысталды.
Майра ЕРҒАЛИ