Артемнің жеке қорында ерекше валюталар бар
Дизайны мен келбеті өзге ұлттық валюталардан өзгеше теңгенің айналымға енгізілгеніне биыл – 30 жыл. Осы уақыт аралығында төл теңгеміз талай халықаралық деңгейдегі көрме-сайыстарға қатысып, әлемдік сарапшылардың жоғары бағасына ие болған.
Бала кезден әр елдің банкнотын жинауды сүйікті ісіне айналдырған Артем Кеорков та барлығының арасынан Қазақстан валютасы ұнайтынын айтады. Өйткені, сол арқылы еліміздің салт-дәстүрін үйреніп, қандай сирек кездесетін жануарлар мекендейтінін біліп, тарихымызды парақтауға болады екен. Бүгінде Артемның жеке қорында 1993 жылдан бері шығып келе жатқан еліміздің барлық банкноты бар.
– Менің қорымдағы ең бірінші валютам осыдан 30 жыл бұрын шығарылған қазақ ханы Абылайдың суреті бейнеленген 100 теңге болды. Оны маған әкем туған күніме сыйлаған. Сондықтан, ол мен үшін ең құнды банкнот болып саналады. Менің жеке қорымда әлемнің өзге мемлекеттерінің банкноталары жеткілікті. Айталық, экзотикалық елдер Тринидад және Тобаго, Эритерия, Джибути және басқа да мемлекеттің валюталары бар. Мен әлемдегі барлық елдің кем дегенде бір банкнотасы болса екен деймін,-дейді №17 мектеп-лицейінің 7сынып оқушысы Артем Кеорков.
Бүгінде оқуда озат болып, ата-анасын жақсы жетістіктерімен қуантып жүрген ол нумизматика әлеміне деген қызығушылығын әкесі оятқанын айтады. Қазір Сергей де дүние жүзіндегі мыңдаған елдің банкнотасын жинаған нумизмат. «Әке көрген – оқ жонар» деген қанатты сөз осындайда айтылса керек.
– Коллекциямда Еуропа, Африка, Оңтүстік Африка елдерін қоса алғанда 80 мемлекеттің банкнотасы бар. Мен оларға жиі қарап отырғанды ұнатамын. Себебі, валютада ол елдің тарихы жазылып, бүгінгі келбеті бейнеленеді. Мәселен, еліміздің алғашқы банкноталарында қазақ халқының ұлы тұлғалалары Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Құрманғазы Сағырбаев тағы басқалардың суреттері салынған.
Сондай-ақ, бос уақытымызда әкем екеуміз шағын көрмелер ұйымдастырып, қала тұрғындарын сүйікті ісімізге деген қызығушылығын оятып, төл теңгеміздің тарихын айтып отырамыз. Қазақстанның түкпір-түкпірінде банкноталар, монеталармен алмасып отыратын таныс достарым да бар. Мен өз ісімді өте жақсы көремін және осы салаға замандастарым да қызықса екен деймін. Өйткені, бұл бос уақытты телефонға телміріп өткізгеннен гөрі, әлдеқайда пайдалырақ іс қой, — дейді бізбен әңгімесінде Артем.
Кейіпкеріміз тәуелсіз республикамыздағы мерейлі даталарға орай шығарылатын монеталар сериясын да жинап қойыпты. Өйткені, ол да атадан балаға мирас болып келе жатқан мол мұрамызды кейінгі ұрпаққа жеткізу үшін таптырмас құрал екендігін жасырмайды. Мысалы, өткен ғасырларда үйлер топырақ астында қалып, ғимараттар жермен-жексен болған кезде де сол кезеңнің монетасы арқылы біраз мәлімет білгеніміз рас. Сондықтан, ұлттық валюта – егемендігімізді айшықтайтын басты атрибуттардың бірі екенін ұмытпағанымыз абзал.
Айбөпе САБЫРОВА