Жарнама
Жаңалықтар

ЕШБІР МӘСЕЛЕ ЕЛЕУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ

Алғашқы болып қабылдауға келген қала тұрғыны, екі баланың анасы Жұмағыз Қизатова бас сауғалайтын жатақхана бөлмесінің тарлығын айтып және бір жастағы мүгедек баласына арба алып беруді сұрады. Депутат өз кезегінде мүгедектер арбасын алып беретінін жеткізді. «Тұрғын үй-шаруашылық бөліміне арызыңызды жазып, сұрайтын көмегіңізді нақты атап көрсетіңіз. Біз сол арыз негізінде тиісті орындармен байланысып, көмек көзін қарастыруды қолға алатын боламыз», — деді Сүйінішбек Құрманбайұлы. 

Халық қалаулысының қабылдауына келген жас кәсіпкер Аманжан Сидалиев: «Өткен жылы «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасына тіркеліп, тиісті жер телімін алдым. Бағдарламада көрсетілген оқу курсынан өтіп, күз айларының бірінде ақша бөлінеді деген хабар алдым. Сөйтіп, құрылыс жұмыстарын бастап та кеттім. Алайда, уәде етілген қаражат келмей, «Азия кредит» банкінен жеке шот ашып, несиеге 300 мың теңге қаражат алдым. Оған кондитерлік өнімдерді өзі дайындап, сатылымға шығаратын дүкен аштым. Бірақ, бүгінде мойныма ілінген борыш тым көбейіп кетті. Бағдарламаға тіркелген жолдасым Салтанат Нұржан қазір жұмыссыз, ол үшін мен кепіл болдым. Бағдарлама өкілдігіне соңғы рет хабарласқанымызда жауабын қаңтар айының соңына дейін күтіңіз деді. Енді не істерімді білмей, қып-қызыл шығынға батып отырмын», — деді.

Зейнеткер ана Балжан Төлемісова баспана, төрт мүгедек баласының ем-домына  аз да болса қаржылай көмек көрсетуді сұрады. «Көлік жүргізушісі болып қызмет еткен жолдасым 2001 жылы бақилық болған соң  мүгедек балаларыма қарау міндеті мойныма жүктелді. 1986 жылы туған мүгедек қызымды Астанаға емдетіп келдім. Қазірде ол 8 мың теңгелік дәрі-дәрмектің күшімен ғана отыр. Ал, одан кейінгі баламды емдету үшін Мәскеуге барып, алдағы наурыз айында ота жасатуға келісіп қойдық. Балам №13 мектепте оқып жүріп спортпен белсенді айналысты, бірақ тағдырдың жазғаны сол болды ма, қос қолынан жарақат алып еңбекке жарамсыз боп қалды. Енді оның отасы үшін 1 250 000 теңге қаражат керек. Үйде жұмыс жасайтын адам жоқ, қолымда  3 балам, 1 немерем бар, бәріміз бір мекен-жайда тұрамыз. Шатырдан су ағып, қарызға жөндеу жұмыстарын да жүргіздік. Ең кенже балам туғалы неврологиялық ауруға шалдыққан. Немерем де эпилепсиямен ауырады, талмасы ұстайды. Қандай да бір көмек көрсете алсаңыз, алдағы отаға қаражат табу жолдарын қарастырсаңыздар деген өтінішпен келіп отырмын», — деді ол.   

Қаладағы №3 мектеп-гиназиясының алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі Дидар Ғұбайдуллин «Нұрсая» ықшамауданында үй жалдап тұрған отбасына жатақхана сұрады. — Әке-шешем өмірден озған соң екі баламды құшақтап, далада үйсіз-күйсіз қалдым. Екінші баланы босанғаннан кейін психикалық ауруға шалдыққан әйелім күнделікті 2400 теңгеге дәрі қабылдайды. Екі банктен несие  алып, оны Қарағанды, Алматы, Ресейге апарып емдеткен едім. Ол борышымнан қалай құтыларымды білмей әлекпін. Жалдап жатқан пәтер ақысын да төлей алмай келемін. Үй кезегінде 4800-ші боп тұрмын, оған дейін жатақхана бөлмесі табылмас па екен, —  дейді ол.

Депутат қабылдауға келгендердің қойған мәселелері  еш  уақытта ескерусіз қалмайтынын, болашақта қолдан келгенше көмектесетінін айтты.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button