Есен Тасқынбайұлы бүгін – 90 жаста
Ол – парасат биігіне көтерілген көрнекті тұлға, тәуелсіз елі мен қасиетті халқының алдындағы перзенттік парызын адал өтеп келе жатқан мемлекет және қоғам қайраткері, ғұмыр бойы қайраткерлік тереңдігін, азаматтық биіктігін, ар-ождан тазалығын, кісілік келбетін, ой кемелдігін сақтап, әдемі қартаюдың әдемі үлгісін көрсетіп отырған жүрегі таза, жолы киелі, сөзі жүйелі ел ағасы.
Ол өзіне көрсетілген жоғары сенімге селкеу түсірмей қаланы он жыл, облыстық кеңестің атқару комитетін он екі жыл үздіксіз басқарды. Аяулы Атырауын аялап, оның әрі мен сәніне, мәні мен нәріне, мерейі мен мәртебесіне ұланғайыр үлес қосқан басшы. Есен Тасқынбайұлы СОКП-ның XXV, XXVI, XXVII съездеріне, ҚКП-ның XII, XIII, XIV, XV, XVI съездеріне делегат болып қатысты. 1972-1987 жылдар аралығында ҚКП Орталық комитетінің мүшесі болып сайланып, төрт дүркін республика Жоғарғы Кеңесінің депутаттық мандатын иеленді. «Октябрь революциясы», «Халықтар достығы», «Еңбек Қызыл Ту», «Парасат», «Құрмет» ордендерімен және 15 медальмен марапатталды.
Атырау облысының, Атырау қаласының және Жылыой ауданының Құрметті азаматы атанды. Біз жуырда мерейгермен өз өмірінің кейбір кезеңдері мен есте қалған оқиғалар жөнінде сыр-сұхбат құрған едік…
– Жер басып жүрген жұмырбасты пенденің бəрі балалық дəуренді бастан кешеді. Одан аттап кететін ешкім болмаса керек. Сондықтан əуелгі сөзді балалық шағыңыздан, өскен ортаңыздан бастасаңыз…
– Кейін есейген кездегі бүкіл саналы ғұмырым қалада өтсе де өзімді қыр баласымын деп есептеймін. Ағам Мыңбай, апаларым Шолман мен Ұлдан жəне мен Жылыой ауданының Жаршық аталатын теңізге таяу, жайылымы мол, жылы елді мекенде дүниеге келіппіз. Менің туған жылым 1932 жыл, туған күнім наурыздың он жаңасы, əкемнің айтуы бойынша қой төлдеп жатқан қарбалас кезең.
– «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып» жататын сəт екен ғой.
– Қайдағы күлімдесу, қайдағы құшақтасу?! Мен тумастан екі-үш жыл бұрын-ақ елден тыныштық қашқан. Күнде дүрбелең. Шолақ белсенділердің көрсетпей жатқан құқайы жоқ. Ұрандары – ұжымдасу. Ол үшін əркім бар малын ұжымға өткізуі керек. Өз еркімен. Өз еркімен өткізбесе тартып алады. Əкеміздің қолында екі түйесі, бір сиыры, он шақты қойы бар екен, соларды түгелдей айдап əкетіпті. «Енді не істеу керек?». Əкеміз бауырларын жинап, біраз ойланып, «малдан ада болдық. Енді аштан өлеміз бе?» деп көшуге қамданады. «Қайда көшеміз?» «Шолақсайға!» Міне, осындай шұғыл пəтуаға келген əкем бар мүлкін арбаға салып, балаларын отырғызып, Бекбике арқылы, жолда Иманқара, Қойқара дейтін таулар бар, соларды басып өтіп, Миялыдан шығысқа қарай тоқсан шақырым, шөбі шүйгін, суы тұщы, қыста да қатпайтын бұлағы бар Шолақсайға жетіп бір тоқтаған ғой. Сол жерде əупірімдеп мал жинап, жағдайын біршама түзеген сыңайлы. Бірақ, менің жеті жасымда сұм ажал Балсұлу анамызды ортамыздан жұлып əкетіп, бəріміз бірдей жетім болып шыға келіппіз. Анам есіме түскенде «біздің қызығымызды көре алмай кетті-ау» деп, қазіргі тоқсан жасымда да іші-бауырым елжіреп кетеді. Содан бəріміз бірдей Сағыз стансасында теміржолшы болып жұмыс істейтін əкемнің ағасының баласы Алтайдың үйінен пана тауып, сонда оқи бастадық. Мен төртінші сыныпты сол үйден бітірдім. Соғыс басталды. Сүйеу көріп жүрген Алтай ағамыз соғысқа кетіп, ақыры оралмай қалды. Осындай қиын күндерде бала-шағасын асырау қамында ұжымшарға малшы болып орналасып, мемлекетке тапсыру үшін Орынборға мал айдаушылар сапында жүрген əкеміз «мал саны кем» деген жалған айыптау мен тергеуге ұшырап, ауылға алты айдан соң арып-аршып əрең оралыпты. Бұл бұл ма?! Əкеміз ауылдан жырақ жүрген кезде қаһарлы қыс Шолақсайдың малын аш бөрідей қамап, жан біткенін мұздақпен құрсап, жиған-тергендерін жалмап тыныпты. Осыдан кейін тек сүлдері ғана бар бір ат, бір түйесін жетектеген əкеміз баяғы ізімен кері көшіп, Жем бойындағы Ақкиізтоғайға маңдай тірейді. Біз əлгі қыспақ кезінде аман қалсақ, ол бізді ерте көшіріп əкеліп, барын аузымызға тосқан Шолман апамыз бен Оспан жездеміздің еңбегі. Неткен бауырмалдық десеңізші! Солай, шырағым! Балалық шағымыздың ажарын да, қызығын да соғыс ұрлады. Тамақ та, киім де жетіспеді. Қолға түскенді іштік, қолда барды кидік. Жұрттың қабағына қарап, көңіліне қарап өстік. Мұқағали ақын: «Бəрі есімде – далам да, тұрағым да. Тек есте жоқ, күлдім бе, жыладым ба? Балалық шақ жарбиып жүретұғын, өгіз жеккен соқаның құлағында» деп тауып айтқандай. Осылайша мен 5-7 сыныпты Қосшағылда ағайын-туыстың үйінде, 8-10 сыныпты «Мəскеуге барамын, Губкинге түсіп, геолог боламын» деген тəтті арманмен Құлсарыдағы интернатта жатып, Абай атындағы орта мектепті күміс медальмен бітірдім.
– Жаңа Сіз мектепті «Мəскеуге барамын, Губкинге түсіп, геолог боламын» деген арман қанатында бітіргеніңізді айтып қалдыңыз. Енді мынаған назар аударалықшы. Заманымыздың заңғар жазушысы Əбіш Кекілбаев бір жазбасында: «Бала кезімде геолог болуды армандадым. Маңғыстаудың байлығын зерттеу басталғанда менің көз алдыма олардың еңбегі кереметтей бір романтика болып көрінетін» деген еді. Бірақ, тағдыр оны əуелі əдебиетке, кейін саясатқа жетелеп əкелді емес пе? Ал, Сіздің геологтықты қалауыңызға не себеп болды?
– Əбіш екеуміздің балалық уыз арманымыздың бір арнадан табылғаны да, оған қозғау салған жағдайдың біршама ұқсастығы да қызықты. Мəселен, менің арманымды оятқан сол тұста машина мініп, ақ көйлек пен ақ шалбар киіп көлбектеп жүрген өзге ұлт өкілдерін көріп тұрып, «осылардай маман болу біздің қолымыздан келмей ме?» деген қазақы намыс болатын. Дегенмен арман дегеніміз бір жағынан – сезім, екінші жағынан – жоспар. Айтылуы – оңай, орындалуы – қиын. Мен Губкинге геологтықты көздеп барсам да одан механик болып шықтым ғой…
– Неге?
– Бұл орайда да көңілді қобалжытқан, жүректі шымшыған біраз шырғалаң бар. Жергілікті оқу бөлімі аттестатымды кешіктіріп, қолыма 21 тамызда ғана тигізді. Алып-ұшып Мəскеуге жетсем институттағы қабылдау емтихандары əлдеқашан бітіп кетіпті. Жағдайымды айтып институт директоры А.Г.Сердийге кірдім. Ол «бір-ақ мүмкіндік бар. Қазақстанның Мəскеудегі тұрақты өкілеттігінен, Өтешқали Атамбаевтан қатынас қағаз əкелсең ғана қайтадан қабылдау комиссиясын құрып, біліміңді сынақтан өткіземіз» деп, мəселенің жөн-жосығын түсіндіріп берді. Одан соң өкпем өшкенше жүгіріп, өкілеттікке келдім. Шіркін-ай, туған елінің мүддесін ұдайы жоғары қоятын азамат екен. А.Г.Сердийдің атына Қазақстанның мұнай өнеркəсібіне ұлттық кадрлар ауадай қажет екенін сөз етіп, «оқуға түсіп кетсең, үздіктер қатарында болуға тиіссің» деп, қолыма қатынас қағазын ұстатты. Содан үш күн мерзімде емтихандарымды ойдағыдай тапсырып, институтқа қабылдандым. Бірақ, механиктер тобына. Геологтардың қатары алғашқы лекте толығып қалыпты. Қазақ атам «бұйырғаны осы» деуші еді ғой. Институтты бітіріп келген соң «Қазақстанмұнай» бірлестігіне қарасты Құлсары бұрғылау конторында бұрғылау жабдықтарын жөндеуші слесарь, кейін құрастыру цехында прораб, бұрғылау конторында бас механик лауазымында еңбек жолымды жалғастырып, біршама тəжірибе жинақтадым. Əкем марқұм: «бес жыл оқыған оқуың осылай май-май болып жүретіндердің оқуы ма еді?!» деп əзілдеп күлуші еді. 1959 жылдың желтоқсанында бірлестікке бас механик қызметіне шақырылдым. Содан 1964 жылдың желтоқсанын қоса алған кезеңде бірлестікте мұнай өндіру деңгейі 1544,0 мың – 1700,0 мың тоннадан бір төмендеген жоқ. Қарсақ кен орны пайдалануға берілді. Прорва, Мартыши, Оңтүстік-Батыс Камышитовый мұнай-газ кен орындары ашылды. Таңатарды игеру жұмыстары басталды. Осылайша, 1965 жылы Қазақстанда мұнай өндірудің жылдық көлемі 2 миллион тоннаға жетті. Жаңа жөндеу базалары құрылды. Доссорда жергілікті зауыт, басқа кен орындарында механикалық цехтар жаңартылды. Ұңғымаларды бұрғылау мен пайдалануда озық əдістерді қолдану өрістеді. Ең бастысы, біз механиктердің тұтас тобын тəрбиелеп шығардық.
– Есен аға, Сіздің өрелі істің қазанында қайнап, көзге түскен кезіңіз де осы шама болар-ау…
– Кім білген?! Əл-Фараби бабамыз бір сөзінде: «Бір елдің болашағын көргің келсе, ол елдің жастары немен айналысады, соған қара» деген екен. Өзгелер секілді менің көкірегімдегі басты мақсат – елдің қамы, елдіктің қамы болды. Оған сенбеске амалым жоқ. Оны мұрағаттағы тарихи құжат та растайды. Мұхамбет Исенов өз қолымен жазған мінездемесінде: «Е.Тасқынбаев 1954 жылы оқу орнын бітіргеннен бері мұнай өнеркəсібінде еңбек етеді. Ол өзін сауатты маман, қабілетті басшы ретінде көрсете білді» деп көрсетіпті. Солай десе, еңбегімнің еленгені шығар…
– Жиырма алты жасыңызда Германия Демократиялық Республикасына жауапты іссапарға жіберіліпсіз…
– Иə, ол кезде мен «Қазақстанмұнай» бірлестігіне қарасты Құлсары бұрғылау конторының бас механигі болатынмын. 1958 жылдың 22 ақпанында Гурьевтегі халық шаруашылығы кеңесіне Мəскеуден «үкіметтік» деген ерекше белгісі бар, «Прошу обязать главного механика Кульсаринской конторы бурения Таскинбаева прибыть в Москву не позднее 24 февраля для въезда Лейпциг» деген мазмұндағы жеделхат келіп, өкшеміз жедел көтерілді де кетті. КСРО Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары А.Н.Косыгиннің басшылығындағы 100 сарапшыға, мен соның бірімін, Лейпцигтегі жəрмеңкеге қатысып, шетел мұнай өнеркəсібі жабдықтарымен танысу, оларды меңгеру жолдарын үйрену, батыс елдерінің жетекші фирмаларымен іскерлік байланыс орнату міндеттері жүктелді. Əрі сенім, əрі сынақ. Сондықтан оны мүлтіксіз орындап шықтық. Көп кешікпей өз өндірісімізде Германиядан алынған бұрғылау қондырғыларын пайдалана бастадық.
– Сіз қаладағы, одан соңғы облыстық атқару комитетіндегі жұмыс барысында талапшыл басшы ретінде танылдыңыз. Өзгелерден жұмыс стиліңіз өзгешелеу болған сияқты.
– Талапшылдық – бұл менің басты ұстанымым. Өзінің мойнындағы жауапкершілігін түсінген əр адам тəртіпті сүюі, оны сақтауы керек. Сонда ғана сүбелі нəтижеге жетуге болады. Жеңіс сонда ғана келеді. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығармасақ» пəтуалы іс тындыра алмаймыз. Мен сыртқы көрінісі де, ішкі көрінісі де адам шошырлық қала тізгінін қолға алғанда осындай қағидаларды басшылыққа алдым. Нəтиже жаман болған жоқ. Жайық өзені үстіне салынған алғашқы көпір мен полиэтилен өнімін шығара бастаған химия зауыты да, тəулігіне 30 мың текше метр су тазарта алатын қондырғының екінші кезегі мен тəулігіне 60 тонна бөлке-тоқаш шығаратын нан зауыты да, 100 автобусқа арналған парк пен жылдық қуаты 35 мың шаршы метрлік ірі панельді тұрғын үй құрылысы комбинаты да қаланың жаңа тарихының жаңа беттеріне айналды. Бүгін жиырма бес жылда өлкемізде атқарылған игі істерді түгел айтып шығу мүмкін де болмас.
– Жарайды. Сіз Жезқазған қаласында қаржы жоқтықтан «сүр» болып жатқан «Орбита» стансасы жабдықтарын əупірімдеп қолға түсіріп, 7-8 ай ішінде құрастырылуын қамтамасыз етіпсіз. Осы рас па?
– Рас болмағанда ше? Қалалықтар теледидар шымылдығын Мексикадағы футболдан əлем біріншілігін тамашалаумен ашты емес пе?!
– Жайық жағалауының бекінісі жөнінде №99 құрылыс басқармасының басшысы П.Г.Гогичашвилимен жүргізген көршілік əңгімеңізді естігенбіз.
– Иə, бір күні онымен жағада кездесіп, осы мəселені сөз ете бастағанмын. Жаңалыққа жаны құмар жан ғой. «Я возьму на себя берегоукрепительные работы по Уралу, а ты поддержи» деп ағынан жарылды. Уəдесін сөзбұйдаға салмай, өз басқармасына қарасты ұйымдардың күшімен бір жылда кеме тоқтайтын айлақтарымен қоса салып бітірді.
– Бір жылы республиканың үш министрі – Оқу министрі М.Бөлтірікова, Мəдениет министрі М.Базарбаев, Денсаулық сақтау министрі Т.Шарманов келіпті. Əзіл үшін айтамын, уылдырықтан дəм тату үшін бе?
– Қонаққа нендей құрмет көрсететініміз белгілі емес пе? Ал, ол кездегі менің ішкі жоспарым біраз өзекті мəселелерді шешіп алу болатын. Мəселен, Төрекелді Шарманов республиканың медициналық оқу орындарына жыл сайын конкурстан өткендерден тыс 100 студент қабылдатуға уəде беріп еді. Ол сол уəдесін орындап, бізді кадр тапшылығынан туындайтын қиындықтардан құтқарды. Жұмыс барысында осындай мəмілегерлік те қажет, төзімділік те қажет. Мен маңызды объектілерді жедел іске қосу, апатты жағдайларды жою жөніндегі штабтың бастығы болып, қуанышты да, қиындықтарды да көп көрген жанмын. Мəселен, су тазарту қондырғысын, химия зауытын, нан зауытын іске қосу кезінде екі-үш ай сол объектілердің басы-қасында болып, жұмыстың ұйымдастырылуын жіті бақылауымда ұстадым. Мұнай өңдеу зауытында электрмен тұзсыздандыру қондырғысын пайдалануға беру үшін еңбек демалысымның он күнін жоғалтқаным бар. Оған ешқандай өкініш білдірген жоқпын.
– Өмірде тосыннан келетін төтенше жағдайларды аз көрмеген шығарсыз?
– Иə, оларды да көрдік. 1979 жылы Каспий теңізі тасып, Новобогат, Теңіз, Индер, Балықшы аудандарының шаруашылықтары зардап шекті. 1980 жылдың 3-4 қазанында толассыз жаңбыр жауып, қаланың тұрғын үй қоры айтарлықтай бүліншілікке ұшырады. Еске түссе, жүрегім сыздайды. Бірақ, жаппай іске жұмылып, бірлігімізді көрсетіп, ол қиындықтарды да жеңдік. Мен осы қиын да ұзақ жолда бірге жүрген, үнемі тілеулес болған барша əріптестеріме ризамын.
– Анау келмеске кеткен Одақ кезінде «Бəрін Мəскеу ойластырады, бəрін Мəскеу шешеді» деген сөзді құлағымыз шалып қалатын. Осы қаншалықты шындық?
– Иə, олар, мəселен, министрлікте отырғандар бəрін белгілеп беретін ақылман да, біздер құлақкесті орындаушылар едік қой. Оларды жеңе алсақ намысқойлығымызбен, батылдығымызбен, табандылығымызбен ғана жеңе алатынбыз. Бірде қасыма «Ембімұнай» бірлестігінің бас директоры Бөлекбай Сағынғалиевты ертіп, Мəскеуге бардым. Ондағы мақсаттарымның бірі Мұнай министрі И.Мальцевке кіріп, əлеуметтік объектілер үшін қаражат сұрау еді. Тілегімізді айта бастағанда ол қырын қарап: «Это ваши проблемы» деп шалқалай кетті. Өмірі қызулана сөйлемеуші едім, Бөкеңнің «сабыр», «сабыр» деп ишарат білдіргеніне қарамастан: «Мына Сіз отырған шаңырақ – мұнайшылардың шаңырағы. Олардың мұңы да, мұқтажы да осында айтылып, осында шешілуі тиіс. Оларға лайықты өмір сүру мен еселі еңбек ету мүмкіндігін беру – бəрімізге ортақ парыз» деп министрді түңілмей түсінісуге, ұрыспай ұғынысуға икемдеген сəтті əлі ұмытпаймын. Мұндай оқиғалар талай рет кездесті ғой.
– Сіз əңгіменің реті келгенде Димаш ағаны – Дінмұхамед Қонаевты еске түсіріп, сол кемеңгер жанның жан шуағына бөленгендей, қанаттанғандай сезімде отырасыз. Мұны сағынышқа айналған жылдарда көңіліңізге түйген, көкірегіңізге құйған тағылымдардың əсері деуге болатын шығар. Димекеңнің Атырау өлкесінде қалған ізі, қолтаңбасы туралы не айтар едіңіз?
– Димекең ел бақытын – өз бақытым деген, алысты болжайтын, ұлтымыздың рухани ұстазы, мақтанышы болған жан. Сауалыңызға байланысты бірер жəйтты ғана еске түсіре кетейін. Бір сапарында Қазақстанда химия өнеркəсібінің тұңғышы, жылына 30 мың тонна полиэтилен шығаратын зауытта болып, оны алға қарай өркендету үшін білікті мамандар мен жұмысшылар жəне оларға тұрғын үй қажеттігін əдейі сөз еткен еді. Кейін Алматыдан жеткізілген құрылыс материалдарынан сексен пəтерлік бес тұрғын үй тұрғызылды. Сол «Восток» ықшам ауданын Д.Қонаевтың мұнайлы өлкеге қалдырған қолтаңбасы десек, əбден лайықты. 1982 жылы облысқа келген тағы бір сапарында ат басын əдейі Индер ауданына бұрды. Бұл осы аумақтағы жерасты байлығын игеру қолға алына бастаған кез еді. Индерліктер өз бастамаларымен кен байлықтарының үлгілерін бір төбенің басына жинап, арнайы көрме жасап, Дінмұхамед Ахметұлын үлкен құрметпен қарсы алды. Сол төбе басында белгілі академигіміз Муфтах Дияров көлемді баяндама жасады. Осынша игілікке риза болған, бұл қазыналардың бəрі де елдің келешегі үшін аса қажет байлық екенін көріп марқайған Димекеңнің нұрлы жүзі күні кешегідей көз алдымда. Қысқасы, Д.Қонаевтың біздің Атырауға деген көзқарасы оң болды. Асыл адам біздің тілек[1]өтінішімізді аяқсыз қалдырған жоқ, ұсыныстарымызды ұдайы қолдап отырды.
– Есен аға, Сіз көрнекті мемлекет жəне қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың тұтас қазақ еліне, соның ішінде Атырау өлкесіне сіңірген еңбегін жақсы білесіз. Сол Нұрекеңнің естелігінен мынадай жолдарды оқығаным бар: «Мен өз басым облысты басқаруға келгенде кейінгі басшылардың бəрін де сол топырақтың адамдарынан өсірдім. Өзімнің үстімнен қарайтын органдардан сескенген жоқпын. Партия органдарының облыстағы жетекшілерін солай тəрбиеледім. Өзіммен бірге ешбір адам əкелгенім жоқ» дей келіп, Оңайбай Көшековтың, Сіздің, Сағидолла Құбашевтың, Закаш Камалиденовтың, Саламат Мұқашевтың, Мəдина Ғабдісəлімованың жəне басқалардың есімдерін атап, «бұлар мен өсірген кадрлар» деп мақтаныш сезімін білдіреді. Сіз Нұрекеңнің аталған пікірлеріне қалай қарайсыз?
– Сен оқыған естелік маған да таныс. Нұрекең дұрыс айтады. Басшыны басқа жақтан алып келу барлық уақытта тиімді бола бермейді. Оның жергілікті кадрларға сенімсіздікпен қарау, олардың біліміне, іскерлігіне күмəн келтіру секілді кеселдері болатынын байқап та, көріп те жүрміз.
– Біздің арамызда аңшылар, əуесқой балықшылар деген қауым бар ғой. Сізді біршама уақыт солардың қоғамын басқарып, есте қаларлық жаңалықтар жасады дейді.
– Қысқартып айтайын. Бірінші кезекте қоғамның мəртебесін көтеру, қоғам мүшелерін қайта тіркеуден өткізу басты міндет болды. Арнаулы дүкен аштық. Француздың бір фирмасымен көлемі 50 мың гектар қорықты жалға беру туралы келісім-шарт жасастық. Бұл облыс бюджетін толықтырудың бір көзі еді. Біз сонымен бірге жан[1]жануарларды қорғау, сақтау, көбейту, осылар жөніндегі заңдар мен нұсқаулардың мүлтіксіз орындалуын жүзеге асыра бастадық. Кəнігі балықшылар мен аңшылар біздің қоғамның теріден тігілген жылы, жұмсақ ұлтанды етігін, ондатр бөрікті, механикалық зауытта дайындалған мұз оюға арналған сүйменді, кішкентай шатырды, қобдишаны ұмытпаған шығар… Бəрі де ыждағатта, шаруаны ойластыра, ұйымдастыра білуде…
– Есен аға, бір кезде ата шынардан балалаған бұтақтар діңгекті бəйтеректерге айналып, қара орман болып, қалыңдап, өсіп-өрбіп жатқан болар. Əулетіңіз, отбасыңыз, ұрпағыңыз туралы бір ауыз сөз айта кетсеңіз.
– Біразы əңгіме барысында айтылды ғой. Үш ағайындымыз. Ағам Мыңбай Алматы заң институтын бітірген. Жылыойда аудандық соттың төрағасы болды. Ұлы Қосан Атырауда, мамандығы геолог. Інім Жақсылық Шымкенттегі Қазақ технологиялық институтын бітірген. Ұзақ жыл құрылыс ұйымдарында еңбек етті. Қазір зейнеткер. 1957 жылы Құлсарыда Ермек Алдиярқызына үйленгенмін. Үш ұрпақ өсірдік: Гүлнəр үлкені, Гүлжан ортаншысы, Эльмира кенжесі. Үшеуі де тұрмыста. Үш немереміз, екі шөбереміз бар. Ермек ұстаз, ұзақ жыл ауданда, қалада, одан соң Х.Досмұхамедов атындағы университетте жұмыс істеді.
– Оқырман қауым тоқсанның лебізін естігісі келетін шығар. Көкірегіңізді кернеп тұрған қандай сыр, қандай тілек бар?
– Үміт пен сенім кім-кімді де алға жетелейді. Заман да өзгереді, уақыт та өзгереді. Осыған байланысты көп нəрсенің ұмытылатыны да ақиқат. Дегенмен бір-ақ рет берілетін нəрсе бар. Ол – өмір. Кеше бала едік, бүгін қартпыз, Тəңірі сыйға тартқан 90 жасқа келіп отырмыз. Ғұмырымның басты мақсаты – елім мен халқыма адал қызмет ету еді. Ол ниетіме жеттім, əлі де сол ниеттің үстіндемін. Баршаңызға бақыт тілеймін!
– Рахмет, əз-аға! Ұзақ жасаңыз!
Қаржаубай СҰЛТАНҒАЛИҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі