Жарнама
ЖаңалықтарЭкономика

Есебі түзудің есесі кетпейді

Дағдарысқа қарсы басты бағыт ретінде Елбасы Жолдауында қарапайым үш қағида, яғни, өсім, реформалар, даму аталған болатын. Осы ұғымдарды сабақтастыра отырып, Президент экономикалық өсімнің тұрақтылығына бағытталған басымдықтарды айқындап берді.

Әлемдік масштабта орын алып отырған дағдарысқа қарамастан, Қазақстан «Мәңгілік ел» ұлттық идеясының, «Қазақстан – 2050» стратегиясының аясында белгіленген мақсаттар мен міндеттерді орындауды жалғастырып келеді. Әлемдік жағдайдағы экономикалық өсімнің баяулағандығына қарамастан, ел экономикасының қарқынды өсімі байқалады. Соның ішінде Атырау облысының да әлеуметтік-экономикалық ахуалы тұрақты даму үстінде.

2015 жылдың қорытындысы бойынша, Атырау облысының жалпы өңірлік өнімі — еліміздің жалпы ішкі өнім көлемінің 10,3%-ын құрап, 4216,8 млрд. теңгеге жетіп отыр. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,8%-ға жоғары.

Жолдауда Қазақстан экономикасының қарқынды дамуына бірден-бір үлес қосып отырған индустрияландыру картасына да баса мән берілген. Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырудың екінші бесжылдығына сәйкес, Атырау облысында да ауқымды істер атқарылуда. Өңірімізде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік және сауда, сонымен қатар инвестициялар тарту салаларында да жетістіктеріміз аз емес. Инвестициялық жобаларды іске асыру, жаңа өндірістерді іске қосу, мұнай-газ өндіру көлемін арттыру бойынша жұмыстар атқарылуда. Құрылыс индустриясы мен өңдеу өнеркәсібін, ауыл шаруашылығын, инфрақұрылым және әлеуметтік саланы дамыту мәселесі де басты назарда.

Индустрияландыру картасы шеңберінде, 2015 жылдың өзінде 751 жұмыс орнын құрап отырып, 24,7 млрд. теңгеге 10 жоба жүзеге асырылды. 2020 жылға дейін тағы 12 жоба іске асырылады деп күтілуде.

Инвесторларды тарту мақсатында жыл сайын халықаралық деңгейдегі инвестициялық бизнес форумдар, өңірлік көрмелер өткізіледі. Республика көлемінде тартылған инвестиция көлемінің төрттен бір бөлігі Атырау облысына тиесілі. Әсіресе, ауыл шаруашылығына тартылған инвестиция өз жемісін беруде. Бүгінгі күні облыс халқын жұмыртқа, сүт және сүт өнімдерімен қамтамасыз етуге толық мүмкіндік бар.

Стратегиялық құжатта Елбасы бүгінгі күні Ұлт жоспары аясында 80-нен астам заңдардың қабылданғандығын, олардың 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс жасап жатқандығын жеткізді. Шағын және орта кәсіпкерлікте әкімшілік кедергілер жойылуда.

Статистика органдары да статистикалық қызмет жүйесін жетілдіру арқылы өз үлесін қосып келеді. Қазіргі таңда статистика органдарының күш-жігері — Ұлт жоспарының «Мониторингтің, бағалау мен бақылаудың стандартталған және азайтылған ресімдері аясында мемлекеттік басқарудан нақты нәтижелер бойынша мемлекеттік басқаруға көшу» 91-ші қадамының іске асырылуына бағытталған. Бұл бағытта ҚР «Мемлекеттік статистика туралы» Заңына, ҚР Кәсіпкерлік Кодексіне және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Бүгінде «е-Статистика» интеграцияланған ақпараттық жүйесі құрылып, жобаны іске асыру аяқталды. Бұл жобада деректерді жинау, өңдеу, таратуды автоматтандыру және ақпараттық жүйелермен, соның ішінде өзге мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграциялану көзделген. Бүгінгі күні «е-Статистика» ақпараттық жүйесі мемлекеттік органдардың көптеген ақпараттық жүйелерімен табысты интеграциялануда.

Қазіргі таңда «е-Статистика» компоненттерінің ішінен «Деректерді онлайн режимінде жинау» ақпараттық жүйесін ерекше атап өтуге болады. Бұл жүйе респонденттерге статистика органдарына келмей-ақ, статистикалық есептерді электронды түрде тапсыруға,  яғни, кәсіпкерлік субъектілеріне түсетін жүктемені азайтып, уақыт пен шығынды үнемдеуге мүмкіндік беріп отыр.

Президент жыл сайынғы Жолдауында Қазақстанның білім беру, денсаулық сақтау салаларына ерекше назар аударып келеді. Жастарды ғылыми-инновациялық тұрғыда тәрбиелеу – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Президент «жалпы халықтың тұрмысының, денсаулығының түзелуі, санының өсуінің нәтижесінде қазақстандықтардың орташа өмір ұзақтығы 72 жасқа жуықтады» деп атап өткен болатын. Ресми статистикалық деректерге сүйенсек, 2015 жылдың қорытындысы бойынша, Атырау облысында халықтың туғандағы күтілетін өмір ұзақтығы 72,5 жасты құрап отыр. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға өсуде. Мәселен, 2014 жылы орташа өмір ұзақтығы 71,8 жасты құраған болатын.

Ендеше, Елбасының әр Жолдауы елдігімізді нығайтуға, әрбір қазақстандықтың өмір сүру сапасын көтеруге бағытталған негізгі құжат екендігі сөзсіз.

 

Галя МҰХАНҒАЛИЕВА,

Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің Атырау облысы

Статистика департаментінің басшысы.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button