Ержан Нұриденов: «Менің жобама Еуропа қызығып отыр»
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің аумағында өнертапқыш Ержан Нұриденовтің «ақылды ағашы» орын тепкен. Оның биіктігі – 6 метр. Оның бұл жобасына «Тексан» компаниясы қызығушылық танытыпты. Қазір ол ғылыми жұмыстармен шетелде жүр. Сол себептен, онымен әлеуметтік желідегі «фейсбук» парақшасы арқылы сұхбаттастық.
– Білуімізше, күннен энергия алатын жалғыз ағаш қазір тек Атырау қаласында сияқты ғой?
– Иә, «Ақылды ағаш» әзірге осы университет аумағында тұр. Бірақ, бұл тек шағын нұсқасы ғана. Болашақта оның нақты өлшемдегі түрін ұсынғым келеді.
– Ноухау құрылғыны қондыруға қанша қаражат пен уақыт жұмсалды?
– Дәл сомасын кесіп айту қиын. Тұрпаты кәдімгі қайыңға ұқсайтын жасанды теректі орнату оңай шаруа емес. «Тексан» компаниясы оны оқу орнының әкімшілігімен бірігіп жасады. Бұдан басқа демеуші табылмады. Осыған дейін қанатқақты жоба аталған мекеменің зауытында бір жыл бойы сынақтан өткен болатын. Былтыр оны Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысу үшін дайындаған едік. Ол он күн ішінде көтерме кран көмегімен орнатылды.
Маған қазірдің өзінде оның бағасын сұрап хабарласатындар көп. Ол жағы тиісті аудит жұмыстары жүргізіліп, жұмсалатын энергия шығыны есептелгеннен кейін белгілі болмақ. Әр тұрғын үйде энергия көзі әртүрлі көлемде шығындалады. Сондықтан ағаштың құны оның қуатына байланысты. Одан бөлек, атқаратын қызметтері тағы бар. Шамалап алғанда, 10 мың доллардан басталып, 50 мың доллардан асуы мүмкін. Алдағы уақытта ағаштың әртүрлі қуаттағы жаңа түрлерін жасап шығарғым келеді. Ол үшін қаржылай көмек керек.
– Сіз қаражат іздеп жүргенде, идеяларыңызды басқа біреу пайдаланып кетеді деп қорықпайсыз ба?
– Менің бұл жобам заң аясында қорғалған. Ғылыми тілмен айтқанда, патенттелген. Сондықтан, менің келісімімсіз бұл өнімді жасап шығаруға және қолдануға қатаң тыйым салынған. Ағаш ең алдымен, өңір тұрғындары мен қонақтарына қолайлы жағдай туғызу үшін жасалған. Жалпы, қазіргі таңда «жасыл экономика» бағытында 15-тен астам жобам бар. Бүгінде соның екеуіне патент алынған. Бәріне де шетелдік фирмалар қызығушылық танытып отыр. Болашақта осының бәрі жүзеге асса, өңірде жаңа жұмыс орындарын ашып, «Қазақстанда жасалған» маркасын әлемге әйгілі еткім келеді.
Ең басты мәселе – инвестор немесе «бизнес-ангел» табу. Қазір республикалық және дүниежүзілік бес байқауда бағымды сынап жатырмын. Рас, ниет танытып жатқан инвесторлар жетерлік. Бірақ, олардың қоятын талаптары көңілімнен шыға бермейді. Мәселен, АҚШ және Батыс Еуропа елдері менің жобаларымды өздерінде ғана іске асыруды ұсынды.
– Ал, жасанды ағаштың нақты өлшемдегі нұсқасын қондыруға не кедергі?
– Энергетикалық ағаштың бірнеше моделі бар. Олар көп қаражатты талап етеді. Мұндай қондырғы аллея мен көшедегі жаяу жүргіншілер жолын жылы ұстайды. Қар басып, мұз қатудан сақтайды. Сондай-ақ, күз бен қыста жол жиегіндегі орындықтарды да жылытып тұрады. Жүйеге музыка ойнап тұратын колонка, ауа температурасын, ылғал мен уақытты көрсететін табло, түрлі жарнамалар мен бейнебаян көрсететін экран орнатылған. Бірақ, құрылғының ең басты функциясы – электр энергиясын өндіру. Бір ағаш бүтін аллеяны немесе кішігірім ғимаратты жарықпен қамти алады. Сыртқы тұрпаты Оңтүстік Америкада өсетін Саманеяға ұқсайды.
– «Ақылды ағаштың» қандай артықшылығы бар?
– Ол тәулігіне 50 киловатт электр энергиясын өндіреді. Электр өндірісінің қоршаған ортаға еш зияны жоқ. Әрі мұндай қондырғы шусыз жұмыс істейді. Бір ерекшелігі, халықты ешқандай коммуналды төлемді талап етпейтін энергиямен қамтуға болады. Араның ұясына ұқсайтын күн панельдері ағаштың ұшар басына ілінеді. Олар екі қабат антивандалді және соққыға төзімді поликарбонаттан жасалған.
Қондырғыны шаң-тозаңнан арылту сынды қосалқы жұмыстарға бола кісі жалдап әуре болмайсыз. Өйткені, қондырғы өзін-өзі тазартатын ақылды жүйемен жабдықталған. Жазда шаң мен кірден, қыста қар-мұздан өздігінен арылады. Пневматикалық компрессордың күшімен лақтырылатын ауа күн панельдерін аптасына әлденеше рет тазалап тұрады. Қондырғы әуелі арнайы тетік арқылы маңайда адамның бар-жоғын анықтап алады. Содан кейін барып өзін-өзі тазалауға кіріседі. Қар қалың түскен күндері бұл жүйені алыстан іске қосуға болады.
Амандық Сағынтайұлы