Ертең Атырауда қоғамдық көліктер тұрғындарды тегін тасымалдамақ
Atr.kz/8 маусым, 2019 жыл. Атырауда сайлау күні қоғамдық көліктер тегін қызмет көрсететін болады.
9 маусымда қоғамдық көлік компаниялары жергілікті тұрғындардан жол ақысын алмайды, деп хабарлайды Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бұл туралы Атырау қаласы әкімінің орынбасары Шәкір Кейкін жиын барысында мәлімдеді.
Шәкір Кейкіннің айтуынша, жексенбі, 9 маусымда, қала ішіндегі және қала маңындағы ауылдық округ тұрғындары үшін қоғамдық көліктегі жол ақысы тегін болады.
— Бұл, ең алдымен, сайлауға қатысуға ниет білдірген тұрғындарға ыңғайлы болу үшін жасалады. Автобустар 7.00-ден бастап жолаушыларға қызмет көрсете бастап, 21.00-ге дейін жұмыс істейді, — деді Шәкір Кейкін.
Бүгінгі күні Атырауда 9 тасымалдаушы компанияға қызмет көрсететін 30 маршруттық бағыт бар.