«Ерік Мостовой» каналы орталық кәріз жүйесіне қосылған үйлердің санын көбейтуге септігін тигізбек
Сонымен қатар бұрынғы гидротехникалық ғимараттардың бетін абаттандыру жолдары да қарастырылып жатыр, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жиырма жыл бұрын Атырауда салынған «Ерік Мостовой» дренаж арнасы осы күнге дейін өз мақсатында пайдаланылмады. Оның бір себебі — Жайық өзеніндегі судың азаюы. «Ерік Мостовой» су тасқыны кезінде осы өзеннің арнасын бұруға бағытталған еді. Соңғы онжылдықтарда «Ерік Мостовой» жаңбыр мен қар суының тұндырғысына, ал жазда шыбын-шіркейдің ұясына айналған. Бұдан бөлек бұл жерге тұрмыстық қалдықтар да жиналып тұрады. Мұның бәрі қаланың экологиялық жағдайына кері әсерін тигізді.
Облыс әкімдігі дренаж арнасының мәселесін шешіп, оны ел игілігіне пайдалануды көздеп отыр. Өткен сенбіде облыс әкімі Серік Шәпкенов, қала әкімі Мейірім Қалауи және облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев арнаның жағдайымен танысып қайтты.
Ғалымдармен ақылдаса келе облыс басшылығы арнаны қайтадан қалпына келтіру бойынша жобалық жұмыстарды қолға алуға ниетті. Арна түбіне дренаж және кәріздік коммуникациялар, жазғы су құбыры тартылады деп жоспарланып отыр. Бұл жерге веложолақтар және жаяу жүргіншілер жолын салу, көше шамдарын, орындықтар және тағы да басқаларын орнату жоспарланып отыр. Жаңартылған дренаж арнасы коммуналдық мәселелерді шешіп қана қоймай, жер асты суының деңгейін төмендетуге көмектеседі деп болжанып отыр.
Жобаның басты артықшылығының бірі — арна есебінен қаладағы кәріз коммуникацияларының ұзындығын ұлғайтуға мүмкіндіктің тууы. Бұл жеке сектордағы үйлердің 70-80% -ін орталық кәріз жүйесіне қосуға мүмкіндік береді.