
Ерен еңбекке — лайықты марапат
Биыл басқа салалармен қатар аймақтың энергетика кешенінде ауқымды жұмыстар атқарылды. Бұл туралы жыл сайын желтоқсан айының үшінші жексенбісінде атап өтілетін Энергетиктер күніне арналған салтанатты жиында баяндалды. Осыған орай Н.Жантөрин атындағы филармония ғимаратында өткен басқосуға жиналған энергетиктер мен сала ардагерлерін облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев құттықтады.

- Жыл басынан бері «ЭЧ-4» мекемесіне қарасты 160,9 шақырым электр желісі ауыстырылып, бір мезгілде 54 мың тұтынушыны тұрақты жарықпен қамтуға мүмкіндік туды. «Атырау Жарық» АҚ-ның инвестициялық жобасы шеңберінде 742 шақырым электр желісі жөнделді. Атыраудағы «Нұрсая» шағынауданында 20 шақырым жерасты электр желісіполиэтиленмен қапталған замануи кабельге ауыстырылды. Бұдан басқа да энергиямен қамтуды жақсарту, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жүзеге асырылған жұмыстар аз емес. Осындай ауыз толтырып айтарлықтай шаралар өңірдің энергетика кешеніне кіретін «Атырау жылу жүйелері», «Атырау жылу-электр орталығы» акционерлік қоғамдарында жүзеге асырылды. Әсіресе, осы жылы құрылғанына жарты ғасыр толған мерейлі жасын тойлап отырған Атырау жылу жүйелері кәсіпорны ұжымының тындырған істері өз алдына бір төбе екенін айрықша атаған ләзім. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бұл салада еңбек ететін мыңдаған жұмысшы-маманның бірлесе жасаған жұмысының арқасында мүмкін болып отыр. Сіздерді облыс әкімі Серік Шәпкеновтің атынан бүгінгі төл мерекелеріңізбен құттықтаймын. Дендеріңізге саулық. отбастарыңызға амандық, еңбектеріңізге толайым табыс тілеймін, — деді Қайрат Талапұлы.

Салтанаты шара одан әрі марапаттауларға жалғасты. Ең әуелі сахна төріне мереке қарсаңында облыс әкімінің қабылдауында болып, аймақ басшысының қолынан ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалін алған кәсіби мереке иелері көтерілді. Оларға ерекше құрмет пен қошемет көрсетіліп, гүл шоқтары ұсынылды.Мұндай жоғары награда иелерінің қатарында «Атырау-Жарық» АҚ қалалық электр желілері жедел диспетчерлік қызметінің диспетчері Серік Рыспаев, «Атырау жылу жүйелері» АҚ №3 жылу желілерін пайдалану ауданының жоғары санатты слесары Роллан Күлекешов, «Атырау жылу электр орталығы» АҚ электр цехының зертхана бастығы Асылбек Қуанов, «Атырау облысы су арнасы» КМК энергетика қызметінің инженер энергетигі Диас Аманов, «QAZAQGAZ AIMAҚ» АҚ Атырау өндірістік филиалының жоғары санатты газ желісін пайдалану және жөндеу шебері Анатолий Макеев сынды майталмандардың есімдері аталды.

Келесі кезекте ұжымының мақтанышына айналған бір топ өндіріс озатына Энергетика министрлігінің «Электр энергетикасы саласына қосқан үлесі үшін» медалі, «Еңбек сіңірген энергетик», «Құрметті энергетик» төсбелгісі табысталды. Сондай-ақ олардың әріптестері салалық министрліктің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатымен марапатталды. Сол сияқты, Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласындағы орталық жылу қазандығында орын алған апатты жағдайды ауыздауға қатысып, көмек көрсеткен азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатын иеленді. Соңынан Атырау энерго кешенінің төрағасы, Қазақстанның Құрметті энергетигі, «Құрмет» орденінің иегері Алтынбек Қаршегенов те әріптестеріне жылы лебізін жолдап, сый-сияпатын ұсынды.
Дәулетқали АРУЕВ