Жарнама
ЖаңалықтарМедицина

Энергетикалық сусындардың денсаулыққа әсері қандай?

Бүгінде шөл басатын сусындар түрі жағынан да, сапасы жағынан да сан алуан. Соның ішінде дүкен сөрелерінде көзге жиі түсетіні – энергетикалық сусындар. Мұны көбінесе жасөспірімдер, студенттер, ұзақ жолға шыққан автокөлік жүргізушілері жиі қолданады. Оны құмарлана ішкендер сусынның денсаулыққа кері әсерін біле ме? Олардың нарықта еркін сатылатынына қарап, тіпті еш зияны жоқтай көретін болар, бәлкім? Ал, шындығында мұны тұтынудың салдары шаш-етектен. Мәселен төңірегін зерделеп көрейік…

teens-energy-drinks-20170517

Медицина қызметкерлерінің айтуынша, аталған сусындар құрамында есірткіге ұқсас заттар болады екен. Бұл орталық жүйке жүйесінің бұзылуына әсер етпей қоймайды.

– Энергетикалық сусындарды қолдануға мүлдем қарсымын. Бұл қан қысымының немесе қан құрамындағы қант деңгейінің көтерілуіне әкеліп соқтырады. Басқа да ынталандырушылар секілді энергетикалық сусындардың құрамындағы кофеин жүйке жүйесін әлсіретеді. Оның әсері ұзақ уақыт сақталады, бұдан кейін ағзаға демалыс қажет. Сонымен қатар, кофеинге адам тез әуестенеді. Көптеген энергетикалық сусындардың құрамында көп мөлшерде В дәрумені болады. Бұл жүрек соғысын жиілетіп, аяқ-қолдардың дірілдеуіне себеп. Бүйрек қызметінің бұзылуына да әсері бар, — дейді біз тілдескен жоғары санатты невропатолог Майра Рахметуллина.

Оның айтуына қарағанда, жеткіншектердің құмарлана ішетін сусыны құрамындағы дәрумендер мультидәруменді кешенді алмастыра алмайды. Жүрегі ауыратын адамдарға оны тұтынуға мүлдем болмайды. Сондай-ақ, «энергетикалық сусындар шаршағанды басады, күш-қуатты арттырады» деген түсінік те қате.  Адамдардың, соның ішінде жастардың тез ашуланғыштығы, жүйке жүйесі ауруларына шалдығуының бір себебі осындай сусындарды пайдаланудың салдары екен.

Оны бір рет ішкен адам қайтадан ішуге әуестене береді. Бұл туралы қала тұрғыны Асылхан Сатыбалдиев айтып берді.

– Ұзақ жолда көлік жүргізіп келе жатып, ұйқы басқандықтан «Red bull» ішуге мәжбүр болдым. Содан бастап сусынды ішуге тәбетім ашылып, мұны бес күн қатарынан қолдандым. Кейін он шақты күн ауырғаным әлі есімде. Содан бері оның зияндылығын жақсы білемін. Біле тұра, тәбетім тартып тұрады. Анда-санда аз мөлшерде ішіп жүрмін, — дейді ол.

Бір қызығы, оның құтысында артықшылықтары туралы анық, көрнекі жазылған. Ал, зияндылығы туралы ақпарат өте ұсақ әріптермен берілген. Байқап қарасақ, қорқыныш, ұйқысыздық, үрейлену, ашуланшақтық, жүректің қатты соғысы сынды кеселдердің тууына себепкер болатынын оқуға болады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы балалар арасындағы жүрек-қан тамырлары сырқаттары мен жүйке жүйесінің бұзылуын, асқазан-ішек ауруларын болдырмаудың бір жолы – энергетикалық сусындарды шектеу екенін айтқан. Сондықтан, дамыған елдердің көбінде бұл сусындарды сатуға тұтастай немесе жартылай тыйым салынған.

Мәселен, Франция, Дания, Норвегияда оны сатуға ресми түрде рұқсат етілмеген. Тек дәрігердің нұсқауымен ғана дәрі ретінде дәріханалардан алуға болады. Ал, бізде қалай?

Мамандар энергетикалық сусындардың денсаулыққа зиянын айтып, дабыл қақса да, Қазақстанда жастардың бұған әуестігі жылдан-жылға артуда. Біз бас сұққан азық-түлік дүкенінің сатушысы оған жастар арасында сұраныстың көп екенін, әкелінген тауардың тез таусылып қалатынын айтты. Бағалары байқасақ, 250-700 теңге аралығында. Қалай десек те, супермаркеттер мен дүкен сөрелерінде «менмұндалаған» сусындар бағасының қымбаттығына қарамастан өтімді болып тұр. Тіпті жаз мезгілінде Жайық жағалауында мұндай сусындарды тегін таратқан акцияға кезіккендер де бар екен.

Интернет желісіндегі мәліметке сүйенсек, энергетикалық сусындардың адам өліміне әкеліп соқтырған алғашқы дерегі 2009 жылдың қазанында тіркеліпті. Пенза қаласының студенті мұны шектен тыс пайдаланғанның кесірінен көз жұмған. Міне, содан да болар, Франция мен Германияда бұл сусындарды өндіруге мүлдем тыйым салынған. Ал, Қазақстанда кез келген жерде емін-еркін сатылуда. Тіпті қала көшелерінде, теледидар мен ғаламторда жарнамалануда. Адам денсаулығын емес, өнімін көбірек өткізіп, табысын ғана ойлағандар оған қаржы аяп жатқан жоқ. Бұдан кейін теледидарға телміріп, интернетке үңілген жастар небір көзтартарлық роликтердің әсерімен дәмі тіл үйірер алдамшы сусындарға тәуелді болып қалмай қайтсін?

Айта кету керек, Қазақстанның бас санитарлық дәрігерінің 2013 жылдың 19 тамыздағы «Сергітетін компоненттері бар сусындарды сатуға тыйым салу туралы» қаулысымен орта және арнаулы орта білім беретін, жоғары оқу орындарында, денсаулық сақтау мекемелерінде, жасөспірімдер мен жастар көп жиналатын жерлерде мәдени-көпшілік шараларда мұндай сусындарды сатуға шектеу қойылған. Алайда, мұның орындалып жатқаны еш байқалмайды…

Түйін.

Энергетикалық сусындардың адам денсаулығына зияндылығын қанша айтсақ та артық емес. Нәтижесінде бүгінде оны сатуға шектеу қою туралы ұсыныс айтылып, сең қозғалды. Ендігі уақытта мәселе аяқсыз қалмай, шешімін тапса игі.

Сіз не дейсіз?

Ринат ҒИЛАЖЕВ, облыстық мәслихат депутаты:

Сатуға тыйым қажет!

– Кәмелетке толмағандарға мұндай сусындарды мүлдем сатпау туралы өкім болуы қажет. Бұл туралы жуырда Мәжіліс депутаты Сәкен Қаныбеков спирттік ішімдіктердің сатылу уақытын шектеп, тыйым салынған соң оны сату азайғанын, энергетикалық сусындарға да осындай шара керектігін қозғап, дабыл қақты. Сатушыларға қандай әкімшілік жаза қолдану қажеттігін қарастыруды да алға қойды. Бұл – өте орынды айтылған ұсыныс. Өскелең ұрпақтың саулығына алаңдасақ, расымен де мұндай сусындарды сатуға еш жол бермеген жөн. Біз де мәселені алдағы уақытта күн тәртібіне қоятын боламыз.

София САҒЫНДЫҚОВА, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті биология ғылымдарының докторы, профессор:

Ұлттық сусындарды алмастыра алмайды

– Газдалған тәтті сусындардың зияндылығын жас буынға айтып жеткізуге тиіспіз. Жалпы, адам тәттіге құмар болса, соған үйірлік, тәуелділік пайда болатындығы ғылыми тұрғыда дәлелденген. Мұндай сусынды ішкен адамның оған деген қызығушылығы арта түседі. Сондықтан, энергетикалық сусындардан бойымызды аулақ ұстап, шұбат, қымыз, айран секілді өзіміздің ұлттық нәрімізді ғана пайдалансақ деймін.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button