Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

ЕНЕ мен КЕЛІН

Atr.kz/4 маусым, 2019 жыл. Ене мен келін жарастығы туралы қазақ арасында жиі айтылады.

Кейбір халықтарда айтылатын енені мазақ қылатын күлдіргі әңгімелер қазақ арасында мүлде жоқ десе де болады. Әрине, сиыспайтын ене мен келін әр ұлтта да бар шығар. Алайда, енелер өнегесі туралы әлі де аз айтылған секілді. Сондай ғибратты әңгіменің бірін өз көзіммен көрмесем де, елден естіп едім.

Атырау облысының Махамбет ауданының тумасы Әділбек Ізғалиевпен жастық шағымыздың қызығын бірге көрген едік. Алматы қаласындағы сайран күндерде «екеуміз бажа боламыз» деген ой қаперімізге де кірмеген секілді. Арада бірталай уақыт өткенде сүйген жары Алтынайға қосылып, келіншегі жеті қыз және екі ұл тауып, ардақты ана атанған, өзі зейнет жасына шыққан бажамның үйінде жолығып, аңызға бергісіз қызықты оқиғаларды құлағымыз естіп, айран-асыр болғанымыз рас.

Бес қыздың арасында жалғыз өскен Әділбек үйленуге бел байлап, ол ойын анасына айтқанда жарынан ерте айырылған ана байғұс қатты қуанса керек. Мұны білген соң Алматы облысының Кербұлақ ауданында тұратын қыздың үйіне баласын ертіп өзі аттанады.

«Құда түсіп келіпті» деген хабарды естіген ауыл адамдары мен ағайындары арасынан бірекі кісі: «Ауылыңызда алдымыздан өтуге арнайы келетін еркек кіндікті болмады ма?» — деп базына білдірсе керек.

Сонда Әділбектің анасы Бәтима апай: «Сіздер секілді сақалды шалдар біздің елден де табылады. Алайда, олардың айтар сөзін мен де айта аламын. Болашақ келінімнің туыпөскен жерін көруге өзім арнайы келдім. Жас-жастың тілегі бір болса, соларға батамызды беріп, сауабын алайық!» — дейді. Қыз жағы келісімге келеді.

Сөйтіп ұзатып әкелген келін босағадан аттасыменақ көп ұзамай Әділбекті әскер қатарына шақырады. Ол кезде әскерде қызмет ету мерзімі екі жыл. Сол жылдары төркінін сағынған келінін енесі бірнеше мәрте өзі ертіп апарады.

Аяғы ауыр болып, босанар сәт таянғанда әкесі: «Түнде қарауылда тұрғанда толып тұрған айды көрдім. Қыз болса есімін Айнұр деп қоялық» — деп хат жазады.

Әке сөзін екі етпеген жары селолық советтен баланың туу туралы куәлігін алып, анасына әкелсе, мейірімді ене аяқ астынан бұлқан-талқан болып: «Балаға ат қоюға оған кім рұқсат етті. Тұңғыш немеремнің есімін өзім қоямын!» — деп ашу шақырып, куәлікті жыртып тастайды.

Нәрестеге «Балам әскерден аман келсін!» деген ізгі тілекпен ырым қылып Бейбіткүл деген есім береді. Бейбіткүлден кейін Мереке, Бақтыгүл, Бибігүл, Ардақ, Гауһар және Ақболған есімді қыздар дүниеге келеді.

Алтынайдың енесі болса «Саған қыз беруге Алла ұялмаса, бала көтергенге сен де ұялма. Құдайдың берген жемісін тере бер, туа бер!» деп ақыл қосады. Алтынай келін болып түскенде 58 жасқа келген ана 73 жасында фәниден бақиға көшеді. Содан сегізінші балаға аяғы ауыр болған келін «үнемі қыз туа беретін болдым, енді бойыма біткен сәбиді алдыртып тастайын» деген шешімге келіп, күйеуін де көндіріп, ауруханаға келеді.

Алғашқы күні енесінің туған ағасы Бейсенбай деген кісінің үйіне қонады. Түнде түс көреді. Түсіне енесі кіреді.

«Үстінде ақ көйлек, басында ақ жаулық, таң сібірлеп а т қ а н мезгілде енем алдымнан ш ы ғ ы п келе жатыр екен» — дейді Алтынай. – Ә й , Алтынай! Бері кел! — деп мені шақырды. – Мама, мен қорқамын! Сіз өліп қалған жоқсыз ба? — деймін. – Ой, мен саған тіс салдыруға келіп тұрмын! — дейді енем. – Ол не қылған тіс? Қай жерде салдырамын? — деп кері қарай шегіншектеймін. – Қорықпа! Әй, міне, тіс! — деп ол екі бірдей жарқыраған алтын тісті алақаныма тастай салды. – Аузыңа салып көр, дәл келе ме екен?! Базарда тіс салатын частный жер бар, соған барамыз — деп қояды.

Аузыма салып едім, екі тіс те екі езу арасына жабысып қалды. Тіпті тартсам да алынбайды. Оянып кетсем, түсім екен. Көрген түсімді жеңгеме айттым. Ол кісінің де есімі Алтынай еді. Ол түсімді жақсылыққа жорыды және бірден кесімді сөзін айтты.

– Сөзді қой, тез жинал, үйіңе қайт! Баланы алдырам дегенді ұмыт. Сенің енең тегін кісі емес, Алланың беретін сыйын күт! — деді. Сөйтіп жүріп босанатын күн де келді. Аман-есен босанып, есімді енді жиып жатсам, Ермек деген бас дәрігер басқарған бірнеше дәрігер сау етіп кіріп келді. – Сүйінші! Перзентті болдыңыз. Сізді құттықтауға келдік! — деді. Көзімнен жас бұрқ ете қалды. – Тағы да қыз шығар. Оған несіне қуанайын? — деппін. – Жоқ, апай! Олай демеңіз. Сіз өмірге солдат әкелдіңіз! — деді дәрігер. Мен ол сөзге де сенбей: алдамаңдар — деп жатсам, медбике баланы алып келді. – Екіншісі қайда? — деп сұрасам керек.

Олар аң-таң. «Не айтып тұр?» дегендей бетіме қарайды. Менің ойымда баяғы көрген түсім. Егіз бала болса керек деген дәме. Сол маңайдағы Еңбекшіл, Ақжайық, Ортақшыл деген қатарлас жатқан ауылдарға сүйінші хабар тез тарады. Енемнің тағы бір ағасы елге қадірлі Жұмабай деген кісі еді. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, от пен оқты кешіп келген ардагер. Жақсы хабарды естігенде «Бұл ғаламат болды ғой!» деп мәз болыпты. Сол кісі ұлымыздың атын Ғаламат деп қойды.

Расында да барлығы Бір Алланың қолында екен. Кенже балам да ұл болды. Енемнің түсімде айтқаны өңімде дәл келді. Бекмақсат атанған кенжеміз де үйленіп, немере сүйгізді, — деп Алтынай көзіне жас алды. Енді жеті қыздан, Гүлсара мен Динара есімді келіндерінен ата-анасы ондаған немере-жиен сүйіп отыр.

Ғаламат ата-анасымен бір шаңырақтың астында бірге тұрады. Би-Бәтима, Нұр-Ғайша және Рашида есімді үш бүлдіршін желкілдеп өсіп келеді. «Келін де ене топырағынан» деген шындыққа саяды. Айы-күні жетіп отырған келіннің келесі перзенті ұл болады деген хабардан барлығы да құлақтанып алыпты. Баяғы заман емес, УЗИ деген осы заманғы технология бәрін алдын-ала айтып қойса керек. Осы Наурызда сүйінші хабарды да естідік. Келін шекесі торсықтай ұл туды.

Ал, Бекмағамбеттің шаңырағында атасы мен әжесіне қолғанат болған Немат пен Айзере жүгіріп жүр. Алтынай ардақты ана атанып отырса да енесін аузынан тастамайды. Кітапханада қызмет атқарып жүрген кезінде ауылдарына атақты актриса Әмина Өмірзақова басқаратын әртістер келетін болыпты.

Ауыл әкімі қарамағындағы мәдениет қызметкерлерін жинап, қонақүй жоқ болғандықтан келген қонақтарды бірнеше үйге бөліп орналастырғысы келсе керек. Бұл әңгіме Алтынайдың енесіне де жетеді.

Енесі келінінен «келетін кісілер нешеу еді?» деп сұрайды. «Он жеті» деген жауапты естіген соң, «Олай болса сөзді қой да, бір-бірінен бөлмей, барлығын біздің үйге әкел! Әмина апайың Жетісудың қызы болса, сенің төркінің емес пе?! Төркіндеріңе өзім қызмет көрсетемін!» дейді.

«Ауылдағы келін-кепшікке, көршікөлемге, ағайын-абысынға сөзі өтетін апай бүкіл ауылды жұмылдырып, бір тоқтысын сойғызып, келіншектердің біреуі бауырсақ пісіріп, біреуі қуырдақ қуырып, біреуі қазан қайнатып, үйдің ішін жайнатып, қонақ күтеді. Мұндай сый-құрметке ырза болған Әмина апай қонақасы беріп жатқан үйдің отанасына аяғына киіп жүрген, қазақы өрнекпен көмкерілген былғары етігін шешіп беріпті. Сол етікті анамыз шақырған жерлерге мақтанып киіп баратын», дейді келіні.

«Тағы бір қызықты айтайын» дейді Алтынай. Енеміз өмірінің соңғы жылдарында сырқаттанып жүрген кезінде қыздарын түгел шақыртып алды.

«Менің жасым келіп қалды, енді жылтырақ тағып баратын жер де азайды, өзімнің де әуестігім басылды» деп жинаған алтын және күміс бұйымдарын, тіпті білегі мен саусақтарына салып жүрген білезік пен сақиналарын, құлағындағы сырғасына дейін қыздарына таратып берді. «Апа-ау, маған ешнәрсе сыйламадыңыз ғой!» — деп наз айттым. – Қарағым-ай! Бұл бұйымдарды өзімдей болмаса да, көзімдей көрсін деп әдейі бердім. Ал, сенің жеті қызың ертең-ақ өзіңді үлде мен бүлдеге бөлейді. Олардың саған сыйлаған сақина, білезіктерін салуға тіпті қолыңдағы он саусағың да жетпей қалады — деді. «Енеміздің айтқаны айнымай келді. Сондықтан да оның көзі тірісінде айтқан әр сөзін сағынышпен еске аламын!» дейді келіні.

Шынында да ене мен келін арасындағы сыйластық кейінгі ұрпаққа да жұғысты болды.

Бір кеште айтылған осы әңгімені мен де қағазға қаз-қалпында түсіруге тырыстым. Бүгінгі қыздар да ертең ана атанады, олар да біреуге келін болса, кейін өздері келін түсіреді. Осындай ақылды енелер көп болса, келіндер олардың тілін алса, еліміз айрандай ұйып отырар еді…

Ақылбек ШАЯХМЕТ,

жазушы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button