Енді жемқорлықпен ұсталған басшылар отставкаға кетіп, лауазымдарынан айырылады
Atr.kz/13 наурыз, 2020 жыл. Өткен жылдың 10 желтоқсанынан бастап бірінші басшылардың өздеріне тікелей бағынышты адамдарының сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін дербес тәртіптік жауапкершілікке тартылуына қатысты заң күшіне енгені белгілі.
Кеше ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Салауат Мүксімов «Мемлекеттік қызмет туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңдарындағы жаңашылдыққа түсінік берді.
Енді қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық әрекеті үшін басшылардың міндетті түрде отставкаға кетіп, жоғары лауазымдарынан айырылуы мүмкін.
«Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет басшылардың қол астындағы қызметкерлері үшін жауапкершілігі заңнамалық нормамен бекітілуі — жемқорлыққа қарсы күресте жаңа кезеңнің басталуы деп айтуға негіз болады. Қазіргі таңда біздің агенттік Жоғарғы сот, Бас прокуратура және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп жұмыс алгоритмін әзірледі» дейді Салауат Сыйлыбайұлы.
Бұдан былай мемлекеттік саяси қызметшілер сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған жағдайда отставкаға кетуге міндетті. Аталған санатқа квазимемлекеттік сектордың басшылары да енеді. Облыста мұндай 311 мекеме бар. Бұл нысандардың барлығы да тізімделіп, Мемлекеттік қызмет істері департаментімен мониторингтеліп отыр.
Жалпы, облыс, аудан, республикалық маңызы бар қала немесе астана әкімінің орынбасары – өзі жетекшілік ететін, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органның басшысының сыбайлас жемқорлық қылмыс жасауы отставкаға беруге негіз болып табылады.
Жаңа Заңға сәйкес, бірінші басшы тікелей бағынышты қызметкеріне қатысты соттың айыптау үкімі күшіне енгеннен соң күнтізбелік 10 күн ішінде немесе ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық іс тоқтатылғаннан кейін отставкаға кетуге міндетті. Сондай-ақ, шенеунік басшылық қызметіне тағайындалғанына 3 ай өткен жағдайда ғана отставкаға кетеді.
Сонымен қатар, С.Мүксімов саяси қызметкерді тағайындаған адам ғана отставка туралы шешім қабылдайтынын атап өтті. Алайда, ол әкімшілік жетекшілердің мұндай жағдайда тәртіптік жауапкершілікке тартылатынын жеткізді.
Жоғарыда аталған лауазымды тұлғалар өз құзырындағы мекемелерде сыбайлас жемқорлықты жою үшін алдын-алу шараларын жүргізбегені үшін де жауапқа тартылады.
«Біздің мақсатымыз – мониторингпен қатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талқылап, оның алдын алу шараларын күшейту» деп түйіндеді брифингті спикер.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА