Емі де, сөзі де дәру
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді дана халқымыз. Атырау облыстық ауруханасында жиырма сегіз жылға жуық уақыт бойы дәрігер болса, оның он үш жылында гемадология бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып келе жатқан Гүлфайруз Сайфоллақызы Дахиеваның есімі құрметпен аталады.
Осы жылдар ішінде талай адамның өміріне араша түскен ол өзінің еңбекқорлығы мен мамандығына деген қалтқысыз берілгендігінің, кең пейілінің арқасында емделушілердің алғысына бөленіп жүр. Ол уақытпен санаспай, науқастардың сауығып шығуы үшін бар білгенін аямайды.
Оның шипалы емі мен жылы сөзінің арқасында жыл сайын жүздеген науқас дертінен айығып, жанұяларына аман-есен қауышып жатады. Мен де осы ақ желеңді дәрігерге қаралып, көптен бері мазалап жүрген сырқатымнан айығып шықтым.
Қашан көрсем де Гүлфайруздың жүзінен жылылық төгіліп тұрады. Ол палатаға күлімсіреп кіріп, әр науқасты жүрек жылуымен, жақсы сөзімен жұбатып жүреді. Гүлфайруз Сайфоллақызы бастаған гемадология бөліміндегі ақ халатты абзал жандарды емделушілер орынды мақтан етеді.
— Мен үшін адамдарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, қызмет көрсету — басты міндет. Осы жолда еш аянбақ емеспін, — дейді Гүлфайруз ағынан жарыла.
Міне, бұл — өз ісін сүйген, өз кәсібіне адал жанның кіршіксіз ұстанымы.
Гүлбаршын РАХМЕТОВА.
Құрманғазы ауданы.