Елу жылдан соң Елтайға оралу
Таяуда Елтай ауылы бірнеше күн бойы мереке құшағына еніп, мектеп пен мәдениет үйлері адам танымастай өзгерді. Таңертең безендірілген мектеп ауласында әдемі киінген оқушылар мен ұстаздар және ауыл халқы бұдан елу жыл бұрын мектепті бітірген 1966 жылғы түлектерді әртүрлі ұрандар, қуанышқа толы гүл шоқтарымен қарсы алды.
Шәкірттер, ең алдымен, ауылдың негізін қалаған «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, Қазақ КСР еңбегі сіңген мұғалімі М.Сирановтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, дұға бағыштап, құрмет көрсетті. Кейін мектепті аралап, мұражайға беттеді.
Оқушылар мектеп пен ауыл тарихынан сыр шертетін мұражай жәдігерлерімен таныстырып, кездесу кеші «Білім ап саяңда, өткердік сан жылды» атты мектеп бітіргендеріне елу жыл толған түлектерге арналған салтанатты шараға ұласты.
Кешті мектеп директоры С.Ешмұханбетов ашып, Индер аудандық білім бөлімінің меңгерушісі Б.Жеңісұлы аудан әкімінің құттықтау хатын оқып, мектеп басшысына жаңа «Газель» көлігінің кілтін табыстады.
Түлектер атынан сөз алған Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің оқытушысы, профессор А.Сәрсенов зор алғысын айтты.
Бұдан кейін 1966 жылғы түлектердің елу жылдан кейінгі басқосу шарасы өтті. Шара барысында менің «Сағынышқа толы елу жыл» атты тарихи-зерттеу кітабымның тұсауы кесілді.
Елтай ауылындағы мектептің спорт залында 1966 жылғы түлектердің ұйымдастыруымен аудан бойынша үстел теннисінен аймақаралық жарыстың жеңімпазы, Спорт және туризм академиясын облыс бойынша қазақ қыздары арасында тұңғыш бітірушілердің бірі, құрдасымыз Нағима Жақсымбетова жүлдесі сарапқа салынды. Бұл жарысқа ардагерлер мен жастар және қыздар командалары шақырылды.
Бисен АТАЛЫҚ,
ҚР білім беру ісінің үздігі,
Индер ауданы.