Елтіріні ешкім қажет етпейді
Облыстық «Атырау» газетінің биылғы шілдедегі 55-санында «Қой шаруашылығын дамытуға не кедергі?» атауымен өткен «дөңгелек үстелде» өңірдің өзекті мәселесі қозғалған. Сондықтан, осы салада бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан маман ретінде пікірімді білдіргім келді.
Жалпы, осы орайда облыстық әкімдікте қордаланған проблемаларды жан-жақты талқылайтын алқалы басқосу қажет тәрізді. Оған малбегілері мен фермерлерді, сала ардагерлері мен мамандарын, ғалымдар мен барлық деңгейдегі депутаттарды, оның ішінде Парламент мүшелерін, ірі және шағын бизнес өкілдерін жинаған жөн. Оның барысында, біріншіден, жерасты суларының жыл санап тартылып бара жатқан себебін сөз ету керек. Сусыз жер – нусыз жер. Атырау әуелден қуаң өңір саналғандықтан, табиғи су көздері жаз ортасында тартылып қалатындықтан шабындық пен жайылымды суарудың жалғыз жолы – жерасты суларын пайдалану. Ендеше, осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру керек.
Екіншіден, ауылға маман тұрақтамауының басты себебі – жалақының аздығы. Қосалқы табыс түсіруге өнімдері өтпейді. Мәселен, малдың жүні мен терісі кәдеге жарамай, текке жатыр. Кезінде солар алтынға бағаланды емес пе? Қаракөл елтірілері сол кездегі бағамен сатып алынып, одан әрі еліміздегі өңдеуші кәсіпорындарға, Ленинградтағы (қазіргі Санкт-Петербург) халықаралық аукционға шығарылатын. Атыраулық ірі кәсіпкерлер мейрамхана мен мейманхана сала бергенше, жүн-тері өңдейтін өндіріс ошағын қатарға қосса, жарасымды емес пе?
Үшіншіден, аймақта жем-шөп мәселесі өткір тұр. Пішенді көршілес Батыс Қазақстан облысынан тасимыз. Кеңестік кезде қажетті мал азығының 80-90 пайызы суармалы жерден алынатын. Жоңышқа, жүгері, тары тәрізді екпе дақылдар егілетін. Осы істі жалғастыруға болады емес пе? Ілгергі уақытта Индер ауданында екі шаруашылық қолға алып көріп еді, нәтижесі күткендегідей болмады. «Бағырлай» каналына су шықпады. Ендеше, Каспий теңізінің, Жайық өзенінің жағалауын пайдалану қажет.
Төртіншіден, жоғарыда айтқанымыздай, Атырау – қуаң өлке. Бұрын аймақтың жағрафиялық ерекшелігі ескеріліп, бізге 25 пайыз дотация беретін. Бүгінде республиканың барлық өңіріне ұсынылатын қаражат бірдей. Бірақ, біздің ахуалды Батыс Қазақстан немесе Ақтөбе облыстарымен салыстыруға болмайды ғой. Міне, осыны Парламенттегі атыраулық депутаттар қозғауы керек.
Бесіншіден, төрт түлікті түрлі дерт жайлаған. Оның дұрыс диагнозы да қойылмайды. Рас, тәжірибелі мал дәрігерлері анықтап та жатады. Бірақ, көбіне үйреншікті «пастереллез» деп айта салады. Кеңестік кезде жасалған жарылыстардың, бүгінде мұнай-газ өндіріп жатқан кәсіпорындар қалдықтарының әсері де бар. Өйткені, адамда кездесетін аурулардың кейбірі малда да ұшырасады.
Алтыншыдан, газетте малшыларға тұрмыстық жағдай жасау, оларды зейнеткерлікпен ерте қамтамасыз ету туралы мәселе дұрыс қозғалған. Әрине, орталықтан жүздеген шақырым жердегі малшыларға тас жол, табиғи газ бен электр желісін тарту өзін ақтамайтын шығар. Бірақ, қазіргі заманауи технологияның көмегімен де біраз шаруаны тындыруға болады. Мәселен, шағын қайталанбалы энергия қуаттары, газ баллондары бар емес пе?
Жетіншіден, қар мол жауатын қыста қашықтағы малшы ауылдарына қатынас қиындайды. Бұрынғыдай алыс учаскелерде фельдшерлік пункттер де жоқ. Немесе биыл жазда аймақта бұрын болмаған өрт орын алды. Оның түрлі себебі бар шығар, бірақ, жоғарыдағылар төтенше жағдай жариялап, шығынды өтеуге жәрдемдескені жөн еді.
Мұрат ШАХМЕТОВ,
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Атырау облыстық аумақтық инспекциясының бас маманы.