ЕЛОРДАДАҒЫ ЖӘРМЕҢКЕ – ЕЛДІГІМІЗГЕ СЫН
Астана жәрмеңкесіне Атыраудан 30 тонна балық, 20 тонна көкөніс, 5 тонна ет, 2 тонна сүт өнімдерін, сондай-ақ, 10 мың дана жұмыртқа мен 250 кг бал жеткізіп, тұтынушылардың назарына ұсыну жоспарланған. Осылардың белгіленген көлемінде және көрсетілген мерзімінде қамтамасыз етілуін ұйымдастыру мақсатында қала мен аудан әкімдіктеріне, салалық бөлім басшыларына тапсырма берілген. Оның үстіне, мүмкіндігіне қарай жәрмеңкеге шығарылатын тауарлардың мөлшеріне өзгерістер енгізіліп, көбейтілетіндігі қаперленді.
Және бір мәлім болғаны, азық-түлік жәрмеңкесіне қатысушыларды сауда шатырымен қамтамасыз етуді Астана қаласының әкімдігі өз мойнына алған. Ал елордаға апарылатын ауыл шаруашылығы өнімдерін тиісті жеріне дейін сапалы да жарамды күйінде тасымалдап жеткізу үшін рефрижаторлы автокөліктермен қамту міндеті «Атырау» ӘӘК» ҰК» акционерлік қоғамының басшылығына жүктелген.
Соңғы мәліметтер бойынша Индер ауданының ғана Астана жәрмеңкесіне қамданысы ойдағыдай деп бағаланса, басқаларының атына біраз сын тағылды. Мәселен, Атырау қаласы мен Жылыой ауданы осы уақытқа дейін бас қалаға қалай барып, келетіндігі жөнінде ақпараттарын толықтай ұсынбаған. Облыстық әкімдіктің атынан алдын ала хат жолданып, ұсыныс жасалғанына қарамастан, Қызылқоға ауданы сауда жасайтын сатушының аты-жөні туралы мәлімет түсірмеген, үстеріне киетін арнаулы киімдерін тіктіруге де тапсырыс бермеген.
Осы жағын ескеріп, ендігі қалған аз уақыттың ішінде қолға алынған шаруаны ыждағаттап, тиянақтау қажеттігі туындап отыр. Қалай дегенде де елордадағы дәстүрлі жәрмеңкенің жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өткізілуі, жұртшылықтың көңілінен шығып, лайықты бағалануы елдігімізге сын екендігін, бірлігіміз бен тірлігімізді көрсететінін есте ұстағанымыз абзал. Салалық басқарма басшысы Сырым Мұратұлының да, мәжіліске төрағалық еткен облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Ислямұлының да түйіндеп айтқан сөздері осыны меңзеді.
Селекторлық мәжілістің күн тәртібіне енгізілген екінші бір маңызды мәселе өңірлік тұрақтандыру қорының жайы болды.
Бұған бірден-бір жауапты құрылым «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы фьючерстік келісім-шарт негізінде, биылғы жылдың өзінде облыстан 18 ауыл шаруашылығы құрылымына 209,3 млн. теңге көлемінде қаражат берілген. Соның қайтарымы ретінде қазіргі кезге дейін қаржыны иеленген шаруашылықтардан 3000 тонна картоп, 420 тонна сәбіз, 1700 тонна пияз, 50 тонна қызылша және 250 тонна қырыққабат қабылданған. Нақтырақ тоқталсақ, егістік басынан картоп пен қырыққабаттың бір келісі – 50, пияз – 45, қызылша – 55 және сәбіз 60 теңгеден сатып алынған. Ал, бұлардың тұтынушыға ұсынылатын шекті сатылу бағалары 10-15-20 теңге көтеріңкі болып белгіленген.
Қыркүйек айының басында тұрғындарды қолжетімді бағадағы азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету жөнінде картоп пен көкөніс дақылдарының бөлініс кестесі бекітілген. Сол бойынша жағдайды саралап қарағанда, Махамбет ауданында 2,7 тонна картоптың 13,5 пайызы, Мақатта 7 тоннаның 70 пайызы, Исатайда 0,15 тоннаның 0,3 пайызы, Индерде 0,8 тоннаның 5 пайызы және Қызылқоғада 9,15 тоннаның 8 пайызы ғана тасымалданған. Осылайша, облыста бұл көрсеткіш 9,9 пайызды құраған.
Мамандардың айтуынша, мұның өзі фьючерстік келісім-шартқа отырған тараптардың бірінің өз міндеттемелерін орындамауынан орын алып отырған жағдай көрінеді. Сөзіміз дәлелді болу үшін, Индер ауданындағы «Алға-1» шаруа қожалығына Өрлік селолық округінен – 2, Кулагиннен – 4 және Индербор кентінен 2 тонна картопқа тапсырыс берілгенімен, нақтысында оның тең жартысын қабылдаудан бас тартылған. Жалпы, осы аталған Индер, Исатай және Қызылқоға аудандарында жыл басында берілген тапсырма орындалмады деген қорытынды жасалынған.
Бұдан бөлек, тұрақтандыру қорын ауылда өндірілетін азық-түлік тауарларымен қамтуға бағытталған фьючерстік келісім-шартта белгіленген шекті бағалардың да жиі өзгеріске ұшырап, көрсетілген деңгейде сақтала бермейтіндігі мәжілісте ашық айтылды. Оған көптеген дерек-дәйектер де келтірілді. Күнделікті тұтынылатын және жоғары сұранысқа ие картоп пен көкөніс-бақша дақылдарының сатылымдағы орташа бағасы белгіленіп қойылған шекті мөлшерден 30-90 пайыз, кейде одан да жоғары көтеріліп кететіндігі де жасырын емес. Сол себепті де, жергілікті атқарушы билік органдары мен қадағалаушы құрылымдар бұл мәселені бақылаудан түсірмей, тиісті шараларын алып отырғаны дұрыс. Тегінде,тұрақтандыру қорының өзі тұрақты бағадан қалыптасатындығы даусыз, мұны да қаперден шығармаған абзал. Мәжілісте айтылған әңгіменің тоқетері де осы болды.
Дәулетқали АРУЕВ.