Елорда мен Елбасы – егіз ұғым
Atr.kz/20 наурыз, 2019 жыл. Елорда кешегі дотациялы аймақтан бүгінде табысты қалаға айналып отыр. Соңғы 20 жылда мұндағы жалпы өңірлік өнім шамамен 190 есеге артып, 5 трлн. теңгеге жетті. Өнеркәсіп өндірісінің көрсеткіші 30 есеге, мемлекеттік бюджетке түсімдер шамамен 80 есеге дейін көбейді. Кейінгі бес жылдың өзінде Астанада 9 млн. шаршы метрден астам баспана пайдалануға берілді. Бұдан өзге, мемлекеттің бас қаласында 1172 өндірістік, әлеуметтік-мәдени және қоғамдық маңыздағы нысандар салынған.
Кезінде Президент Жарлығымен «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы құрылған болатын. Ол жоғары технологиялық бәсекеге қабілетті өндірістік және заманауи инфрақұрылымды құруды, инвестицияларды тарту мен құрылыста озық технологияны қолдануды мақсат еткен еді. Бастаманың өміршеңдігін бүгінгі өмір дәлелдеді. Қазір Астана еліміздің экономикалық лидеріне айналып отыр. Ал, халықтың саны 1 миллионнан асты. Осының бәрі мемлекетіміздің Тұңғыш Президентінің есімімен байланысты.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев – қазақ халқы ғана емес, әлем мойындаған лидер. Әлемде әртүрлі қайшылықтар көбейген, санкциялық, «валюталық», сауда соғыстары белең алған тұста ол елімізді үлкен қиындықтардан аман-есен алып шықты. «Алдымен – экономика, содан соң саясат» деген ұстанымның нәтижесінде өндірістің дамуына кең жол ашылды. Сан салаға жаңа технологиялар енгізіліп, үздік тәжірибелер қолдануда. Мемлекет басшысының кешегі халыққа арнаған Үндеуінде айтылғандай, Қазақстан аграрлы экономикадан өнеркәсіптік-сервистік экономикаға өтті. Елді индустрияландыру және урбанизациялау үрдісі жүріп жатыр.
Елдің тұрақтылығын, қарыштап дамуын қамтамасыз еткен, болашағымызға жарқын жол ашқан айтулы тұлға Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін Астанаға беру туралы Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысы орынды деп білемін. Өйткені, Елорда мен Елбасы халық үшін егіз ұғым. Астана оның алақанға салып, мәпелеп өсірген сәбиіндей. Тұңғыш Президентке арналған монумент тұрғызу, облыс орталықтарындағы басты көшелерге Елбасының атын беру бастамалары да халықтың көңілінен шығады деп ойлаймын.
Хисма БИМҰХАМБЕТОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.