Елін танытқан, елі таныған Мария
Мария Жапаққызы Қаражігітова апаймен, қашан, қалай танысқаным есімде қалмапты. Әйтеуір, сонадайдан қылпымды көрісімен-ақ сәлемімді алуға оң пейіл бұрады. Жанары нұр шуақтана, маржандай аппақ тістерінің арасынан жаның қалаған үлкендік лебіз, назды үн естіліп жатады. Қара көз қазақ қызына тән, жасандылықтан ада табиғи болмысты осы Мария апайдың бойынан іздемей-ақ табар едің. Жалпы еліктеу-солықтауға көп берілмей, өз болмысынан артықты бойына жұқтырмай, табиғи таза қалпында өмір сүру кім-кімді де көріктендіре түсе ме деймін. Бұл Мария Жапаққызы арқылы ойыма бекіген байламды пікірім.
Мария Жапаққызы – «Теңізшевройл» алғашқы құрылғаннан бері жұмысқа қабылданып, бірге келе жатқан санаулының бірі. Бірі емес бірегейі. Өйткені, осында жұмысқа алынған жергілікті халық пен ТШО билігі, мамандары арасындағы алтын арқаудың тінін ширатушы ретіндегі орнын айтып жеткізудің өзі қиын. Елге қыруар пайда келтіріп, Тәуелсіздіктің іргетасын нықтауға өлшеусіз үлес қосып отырған ТШО-ның өңір тұрғындарына етене жақын болуын, әлдеқандай себептермен кіріккен араның ажырап кетпеуін түсіністікпен, жан-тәнімен қалайды. Адамдар денсаулығының жақсаруы, қоршаған ортаға қандай ма бір залалдың тимеуі, қазақстандықтардың еңбегіне сай табыс табуы, мұнайлы астананың көріктенуі, тағдырдан теперіш көргендерге қарайласуға ТШО билігін икемдеу, компанияның мол табысқа кенелуі үшін алдымен қажетті ауызбірлік, еңбек тәртібінің сақталуы – оның алғашқы күннен-ақ өзіндік мақсат-мүддесіне мықтап айналды. Осында алғаш келуін өз сөзімен айтсақ: «1993 жылы «Теңізшевройл» құрылуына, облыстық атқару комитетінің жанынан оны құруға арналған шағын мамандандырылған топ ұйымдастырылды. Мен ол кезде қалалық білім беру бөлімінде инспектор болатынмын. Сол топтың үш мүшесі жобаға қол қойылғаннан кейін жұмысқа алынды.
Мен бас директор Морли Дюпре мен Елбасының үкімімен тағайындалған директор Равиль Тәжіғараұлы Шырдабаевтың тілмашы әрі көмекшісі болдым. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, басшыларым Үкімет мүшелерімен, жұртшылықпен кездескен сәттерінде ағылшын тілінен тікелей қазақшаға, қазақшадан ағылшын тіліне бірден аударып жүрдім. Орысша оқығанмын ғой, ауызекі сөйлегенде болмаса, туған тілімнің терең қайнарынан қанып ішпегенімді жас кезімнен түсініп, әкем мен анамның оқитын қазақша газет-журналдарын, кітаптарды түннің бір уақытына дейін көз шырымын алмай отырып оқып өстім.
Ұлы Құрманғазының 175 жылдығына арналған салтанатты жиналыста ғұлама Әбіш Кекілбаев қазақша терең мағынада баяндама жасады, ол «Егемен Қазақстан» газетіне «Күй құдіреті» деген тақырыппен басылды. Өзімнің алған әсерімді сол жиналысқа қатысқан шетелдік басшыма айтып, шетелдік әріптестерімді де қазақтың болмысының биіктігіне, рухани кемелдігіне, Құрманғазының дархан өнерін сезінуіне септігімді тигізейін деп ағылшын тіліне аударуға кірістім. Қиналғаным соншалықты, шетелдік әріптестеріме «ағылшын тілінің сөздік қоры неткен шектеулі еді» дегенім еске түседі, өзімнің білімім жетіспей тұрғанын ұмытып. Дұрысында Әбіш ағамның астарлы, ажарлы, ырғағы бай тіліне ағылшын тілінде балама таба алмай қор болып тұрғаным ғой ол. Ізденістің, білмегенді қарапайым халықтан бастап сұраудың, оқудың нәтижесінде ол қиындықтар артта қалды. Баяндаманың жартысын аударғаннан кейін, оны түпкілікті бітіруге күнделікті жұмыстан қолым тимей қалды, басшылық қызметке тағайындалғаннан кейін аудармашылық жұмыс біртіндеп кейіндей берді. Бірақ, сол аудармамды көптеген шетелден келген көкірегі ояу әріптестеріме жіберіп тұрдым, ондағы мақсатым – қазақ деген қандай халық екенін түсініп жүрсін деп. Олар оны бағалай білді.
1995 жылдың 1 маусымында ТШО басшылығы менің кандидатурамды ұсынып, ТШО-ның серіктестер кеңесінің сол кездегі төрағасы, еліміздің белгілі азаматы Нұрлан Балғымбаев кандидатурамды бекітіп, ТШО-ның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері етіп тағайындады. Осы жұмысты үздіксіз 15 жыл атқардым».
Марияның қазіргі қызмет лауазымы, яғни, 2009 жылдың 1 маусымынан «Теңізшевройл» ЖШС-нің Атырау облысы бойынша үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің директоры. Аз-кем өмір жолдарына шолу жасасақ, 1950 жылдың 13 ақпанында бұрынғы Гурьев (Атырау) қаласында дүниеге келген. 1971 жылы Алматы педагогикалық шет тілдер институтын, 2004 жылы Халықаралық бизнес академиясын бітірген. Халықаралық бизнес академиясының магистрі және Маастрихт менеджмент мектебінің магистрі атағын алған.
1972 жылдан бастап ағылшын тілі пәнінің мұғалімі ретінде шәкірттерге дәріс береді. Алғашқы ұстаздық жұмысты Маңғыстау ауданының Каменный кентінде орта мектепте бастап, екі жылдан кейін Атыраудағы №18 мектепте ұстаздық жұмысын жалғастырды. Жолдасы Сергейдің Ауғанстанға жұмысқа ауысуына байланысты, еліміздің Ауғанстандағы елшілігі жанындағы мектепте 1979-1982 жылдары еңбек етеді. Елге оралғасын №17 мектепте, алты жыл қалалық оқу бөлімінде инспектор болып жұмыс жасады.
Сан ұлттың өкілдерінен
тұратын бірлескен кәсіпорында ағылшын тілінің маманына тіреліп тұрған жұмыс та, яғни бірегей аудармашының қажетті жері де, сол тілге тәржімалануға тиісті құжат та аз болмайтын. Міне, қазақтың Мария есімді ұлтжанды, әрі қайсар қызы қандай қиындықтарды да жеңе білді. Бұл солай деп айтуға ғана оңай болғанымен, ізденіске толы, қазақша-орысша, ағылшынша-орысша талай сөздіктерді зерттеп зерделеуге, көптеген кітаптарды тапжылмай отырып оқуға, өзін-өзі шыңдауға, жігерін жануға арналған албырт жылдар еді. Оның үстіне ұлттық намыс оты қанында бар Мария «жұмысымды тап-тұйнақтай атқарсам болды, өзгеде менің шаруам қанша» дейтіннен емес. Арман болған Тәуелсіздіктің аяғынан тік тұрып кетуі, жұмысқа лек-легімен келіп жатқан қазақ жастарының өзгелермен тең дәрежеде болуға тиістігі оның көкейінен бір сәтке де кеткен емес. Сол үшін ол алдына ұлттық мүдде, биік парыздан тұратын асқақ мұрат түзді. Асау мұхит төсінде ақжал толқынмен арпалысқан кеме капитанындай қайтсем де жетемін, жеңемін деп жігерлене тұра қиналысты сәттерді бастан кешкені де өзіне ғана аян сыр. Намысты, өжет, от жүрек қыздың қоғам қайраткері ретінде өзін облыс өңіріне танытуы «Теңізшевройлдың» дәуірлеу кезеңдерімен тұспа-тұс келеді-ау деп шамалауға болады.
Халқына танымал болып, мұнай өнеркәсібінің отымен кіріп, күлімен бірге шығуға бойы да ойы әбден үйренген Мария Жапаққызының салаға сіңірген ұшан-теңіз еңбегі біршама еленген де. Атақ, дәрежеге бүйрегі бұрып тұрмаған оны сол абыройдың өзі тауып жататыны да имандай шындық. Қазақстан Республикасының «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Құрмет» орденінің, «ҚР Президенті Құрмет грамотасының», «ҚР Тәуелсіздігіне – 10 жыл» мерекелік медалінің, «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісінің, «Тіл жанашыры» медалінің, «Теңізшевройл» ЖШС серіктестіктерінің медалі және «Құрмет грамотасының», т.б. толып жатқан марапаттардың иегері.
Көп балалы отбасында өскен оның да өзіндік болмысы, қиындау тағдыры, әрине, терме алашаның бедеріндей көз суырып, түрлі ойға жетелер ата-тегі бар. Оны Мария апамыздың өз әкесіне арнаған, жалпы үрім-бұтақ әулетін қамтыған «Әке туралы ән» кітабының желісімен баяндаған абзал. Шығарма: «Бірінші ән – Жүректегі жазулар», «Екінші ән – Әке арманы», «Үшінші ән – Балалық шаққа оралу», «Төртінші ән – Отанды сүю отбасынан басталады», «Бесінші ән – Ана алақанының жылуы» деп ары қарай он төрт ән он төрт тақырып болып жалғасады.
Қаражігітов Жапақ Есқабылұлы – заманының асыл тұлғасы, 60 жыл шамасы халыққа білім беру саласында үздіксіз, абыройлы еңбек еткен бірегей ұстаз, КСРО Халық ағарту ісінің үздігі, Отан соғысының ардагері. «Құнарсыз жерде дән өспейтіні» әбден шындық. Мария – құнарлы жерде өсіп, көкке бой созған шынар ағаш. Ол өзінің кітабын «Мен әкем туралы жазбаларымда күнделікті өміріміздегі ата-анамның балаларымен қарым-қатынаста «өмір сүру өнерінің сабағын» қалай жүргізіп отырғандығы мен көп балалы шаңырақтағы ерлі-зайыптылардың бақытты болып барша мұратына жеткен әдемі өмірін барынша суреттеп, айтып шыққым келді. Қоғамдағы және күнделікті тіршіліктегі жиі кездесетін қайшылықтар мен қиындықтарға қарамастан, жарық дүниені тек жақсы жағынан бағалап, айналадан әсемдік пен мейірбандықты көріп, өзі де жан-жағына сәуле шашып, қуаныш сыйлап, рахаттана өмір сүру үшін адам қандай болуы керек десе, мен айтар едім, менің әкем Жапақ Есқабылұлы сияқты болуы керек деп» бастапты.
Ұлағатқа толы бұл кітаптан
көбірек мысалдар келтірсек, негізгі тақырыптан біршама қол үзіп қаларымыз да анық. Десек те, өткен тарихымызбен өзектес мыналарды айтпасқа және болмады деп ойладық. «Атам, Есқабыл Қаражігітұлы оқыған, қазақша, арабша, орысша сауатты, білімді адам болыпты. Қазан төңкерісінен бұрын болыстыққа сайланған, Қаратөбе өңірінде ел басқарған деп айтады. Сондықтан да шығар, кеңестік биліктің большевиктік жарлығымен «халық жауы» ретінде ұсталып, ату жазасына кесілуінің бір сыры. Ол кісі маңдайына жазылған қысқа ғұмырында үш рет үйленген, үлкен жанұялы болыпты. Есқабыл атамның немере інісі – Қангерей атамды мен көре қалдым. Қангерей атамның айтқандарынан жадымда қалғаны – Есқабыл атамның бәйбішесінен туған – менің әкем Жапақ. Дүние есігін ашқан сәбидің азан шақырып қойған шын аты Дінекеш. Кейіннен үй ішінің еркелетіп айтқан атымен Жапақ аталып кеткен. Үшінші әжемізден туған қарындасы,марқұм Халила апамыз математика пәнінің атақты ұстазы болған, ал, соғыста қаза тапқан Қоңырбай ағамыздың қызы, апамыз Роза Қаражігітова Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры».
Ал, өз отбасы туралы Мария Жапаққызы біз сөз етіп отырған кітабында былай депті: «Сергей екеуіміз Алматыда оқып жүріп үйлендік, үш ұлымыз бар, үшеуі де ер жетіп, білім алып, үйленіп, біздерге немере сыйлап, өз міндеттерін ел қатарлы атқарып жүр. Сергей өз ата-анасының да, менің ата-анамның да алғысына бөленген азамат, ерте ер жетіп, артымыздан ерген бауырларымыздың бәрінің білім алып, бір-бір үй болып кетулеріне айрықша қамқорлық жасады. Геология мен мұнай өндірісіне ерекше үлес қосқан маман».
Мария Жапаққызы Қаражігітова өзі де ұлағаты мол аналық, әжелік дәуренді бастан кешіруіне қарамастан 2004 жылдың 6 ақпанында 76 жасында кенеттен дүние салған әз анасы Рәш Сағындыққызының алақан аясын, жүрек мейірімін әлі күнге аңсайды десек, бәзбіреулер мүмкін, иланбас та. Рәш ана да үлкен тағдыр иесі. «Анамның маңдайымнан сипағандағы ыстық алақан жылуынан әлемдегі бар жақсылық маған көшіп қонғандай күй кешетін сәттерді есіме алып, кейде сағынышымды басамын». Бұл да оның жүрекжарды үні, өз сөзі. Десе дегендей, аналары оларды басы артық еркелікке де, тым қатыгездікке де жібермей тізгінді тең ұстап тәрбиелеп «өмірде мейірімді әрі кешірімшіл болыңдар» дегенді ауызынан тастамай ұлығылапты. Ал, ана, әке аманатын бұлжытпай орындаған Мария бастаған ұрпақтың Аллаға шүкір, әзірге жаңылып жаза басқан жері жоқ.
Мария қызының «Әке ту-ралы ән» аталатын бүтіндей бір кітабына арқау болған Жапақ Есқабылұлының қандай азамат болғандығын сол кітаптағы есімдері елге мәлім шәкірттерінің пікірлерімен келтірсек кім-кімге де түсінікті шығар. Облыстық «Атырау» газетінің ұзақ жылдардан редакторы болған, ҚР-ның Құрметті журналисі марқұм Теңдік Жауырұлы Жапақ Есқабылұлы жайында: «Менің сүйіп оқитын пәндерім гуманитарлық сабақтар болды да, математиканы онша қатты жақсы көріп оқи қоймайтынмын. Училищеге келгеннен кейін осы пәннен Жапақ Қаражігітов деген ағай сабақ берген уақыттан бастап, математикаға деген көзқарасым күрт өзгерді. Азды-көпті қызығушылығым оянып, пән сабағына ден қоя бастадым. Себебі, сабақ өте түсінікті тілмен жеткізіліп, күрделі формулалардың өзі ойда оңай сақталып қалатын. Әдетте жалықтырып жіберетін алгебра әлемі оның әр сабағында өлеңмен өрілгендей әсерлі, өте тамаша өтетін, бізді баурап алып, қырық бес минуттың қалай тез біткенін білмей қалушы едік…
Біз Жапақ Есқабылұлынан студент болсақ та шәкірттеріне деген ерен құрметін, тең дәрежеде сөйлесетін адамгершілік ілтипатын, «ертеңгі болашақта білікті маманға айналып, еліміздің абыройлы азаматы болып шықса екен» деген әкелік мейірімін сезініп тұратынбыз».
Міне, осындай отбасыдан өсіп-жетілген, әлгіндей ата-ана тәрбиесін көрген Марияның қара жаяу екінің бірі болуы мүмкін бе?!
Мария Жапаққызы бір жылдары Атырау облыстық мәслихатының депутаты да болды. Депутат болғанда өңір тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық ахуалын көтеріссем, мәдениет атаулының мәндірек көрінуіне ықпалымды тигізсем, ақсау тұстарды қалыпқа келтіріссем, көптің тілегін тиісті орындарға, лауазым иелеріне жеткізсем деп болды. Күн ілгері өлшеп-пішіп қойған мәселелерге өз көзқарасын білдірді. Көруге, білуге, барып зерделеуге құмары ауды да тұрды. Өйткені, оның болмысында жасандылық жоқ, шынайылық үстем тұр. Ал, өз пікірін ашық айтып, ұсынысын білдіргендер көбіне-көп қолында билігі барларға ұнай қоймайды. Бірақ, Атырау өңірінде Мария Жапаққызы Қаражігітова деген есімге сергек саналылар елең ете түседі. Өйткені, ел-жұрт таниды. Кемел ойлылығын, келісті тірлігін, бүкпесіз ашық пікірін бағалайды. Тұжырымы нақты, сөзі өтімді. Халыққа да керегі осы. Ел мен жерге, туған тілге, дінге қатысты мәселелерде «тек жүрсем, тоқ жүремін» деп көрген емес. Тіміскілеп сөз термейді, кімге де жақсын-жақпасын пікірін ашық айтады. Ол үшін ортаның, иә мінбердің үлкен-кішісі жоқ. Мысалы, «Үш тұғырлы тіл» саясатына қатысты газет тілшісіне берген сұхбатында былай депті: «Үштұғырлы тіл саясатының қажеттілігін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Қазақстанның алып құрылыс алаңына айналуы, ірі кен орындарының игерілуі, жаңа кәсіпорындардың бой көтеруі, басқа да факторлар, елімізге шет-жұрттықтардың сан мыңдап келуіне жол ашты. Олардың баршасымен тілдесіп ортақ мәмілеге келу, ел мүддесін қорғау, пайымды пікір таластыру, жаңа технологияларды игеру оңай шаруа емес. Осындай күрделі істердің басында біздің еліміздің үш тілді де еркін меңгерген мыңдаған білімді азаматтары жүр. Ана тіліңді ардақтап, өзге жұрттың тілін білу үлкен мүмкіндіктерді пайдалануға жол ашады. Тәуелсіздік елімізді тұрақты даму деңгейіне шығарды. Әлемдік қауымдастыққа сенімді серіктес болуға жол ашты. Көкірегі ояу, көзі ашық әр адам үштұғырлы тіл саясатын осы тұрғыда түсінсе екен деймін». Біреуге ұнар, біреуге ұнамас, бұл – Марияның өзіндік жүрек байламы.
Студенттік шақта табысқан өмірлік серігі Сергей Ержанұлы Кенжеғариевпен қол ұстаса жүріп, талай «тар жол, тайғақ кешулерден» өтті. Сордың да дәмін татып көрді, бақыттың бақшасынан да бірге жеміс үзді. Сонау оқу бітірген 1970 жылдары күйеуінің мұнай барлау мақсатындағы жұмыстарымен 362 әулиелі өлке – Маңғыстаудың да биігін шарлап, еңісін аралады. 1979 жылы Қазақстанның бір топ геолог барлаушылары құрамында атақты мұнайшы Салтанат Балғымбаевтың басшылығымен Ауғанстанға қызмет етуге бірге барды. Азаматы осы Атыраудың тумасы, 1946 жылдың 26 шілдесінде жарық дүние есігін ашқан. Демек, 70-тің алтын зерлі шапанын айқара жамылып, қазақ мұнайының қара шаңырағына мықты бір уық болып шаншылып, қартаюды білмей, халқына қалтқысыз қызметін жалғастыруда. «Бәрекелді, ұзағынан болсын» демекпіз.
Сергей – Сәкеңнің мұнай
саласындағы лауазымын санамалап тауысу мүмкін еместей. Әйтеуір, үлкен өндірістің білікті де алғыр басшысы қажет тұсына жұмсалған да отырған. Ұқсатқаны – көп, ұқсатпағаны – жоқ, қысқа қайырып айтқанда. Бүгінгісі – «Экомұнайшы» ЖШС-нің директоры. Ел Тәуелсіздігіне ес жиғызып, еңсе тіктескен мұнай саласында Сәкең де, оның аяулы жары Мария да – алған мамандықтарына сай айтарлықтай еңбек сіңіріп, тұлға дәрежесіне көтерілген жандар.
Сонымен осы баянымызда дархан мінезді, ашық-жарқын
қабақты, қазақ деген халықты шет жұртқа таныстыру-
дың өрлеу биігін еңсерген, сол арқылы қоғам қайраткері болмысын қалаған, қайсар жүрек аналардың тәлімін түзуші, ата-ана өнегесін ұлықтаудан жаңылмаған, жады мықты, сезімі сергек, ұлтжанды перзент, ана, жар, әже, бауыр, кекшіл емес текшіл Мария Жапаққызы Қаражігітова туралы өз әліміз келгенінше әңгімелеген болдық. Бәрі жақсы, тек артық мадақты жаны сүймейтін апамыз «өзің сезіп біл» деген кісіше, атқарған қызметі жайлы көп ақтарылып сыр шерте бермейді екен. Аз-кем құжаттар ұсынғаны – «сөзің дәлелді болсын» дегені шығар. Адамдардың санасына жарық сәуле түсіруден жалықпаған жарқын жан, әулетіңнің нұрлы шамын жарқырата жандырып, затың әйел болса да қазағыңның намыс қайрағына айналған бекзаттығыңмен тар дүниеге кең болып жарасып, кемелдене түскейсіз әлі де. Жақында ғана туған жеріңіз Жылыой ауданы халқының өтінішіне сай билігі қолдап, мәртебеңізді ұлықтай түскен, сол ауданның Құрметті азаматы атануыңыз құтты болсын!
Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі,