Елімізге туристер келе жатыр…

144,7 мың адам! Бұл – үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында елге келген туристердің саны.  Сарапшылар, халықаралық көрме қарсаңында мұның жақсы көрсеткіш екенін айтады.

Салыстырмалы түрде айтсақ, туристердің келу көрсеткіші өткен жылдың бірінші тоқсанына қарағанда, 13 мың адамға дейін өскен. Осылайша, шетелдік азаматтарға бір ғана қонақ үйлер 73 миллиард теңгеге қызмет көрсеткен екен.

«Астана ЕХРО-2017» Ұлттық компаниясы бұл көрсеткіштерді стратегиялық бонусқа теңеп отыр. Компания жолдаған мәліметке қарағанда, келер жылы елімізге бір миллион турист келеді деп күтілуде. Оның ішінде халықаралық көрме үшін ат басын бұратындар кемінде 300 мың шетелдік мейман болуы мүмкін.

«Астана конвеншн бюро» компаниясының мәліметінше, әр турист Қазақстанда орта есеппен төрт күн болады. Осы уақыт ішінде әрқайсысы отандық сервиске шамамен 1,5 мың доллар жұмсайды. Туристер Астана көрмесінен тыс, облыстарды да аралайтын болады» делінген «Астана ЕХРО-2017» Ұлттық компаниясы жолдаған баспасөз-баянында.

Сонымен, облыстардағы ахуал қандай? Шығыс Қазақстан облысы бір сәтте 120 мың мейманды қабылдай алады. Қазір бұл өңірде 378 қонақ үй жұмыс істеп тұр. Бұл облыстағы «Қатон – Қарағай», «Марқакөл», «Батыс Алтай» қорықтары еліміздегі ең тартымды  курорттық аймақтар санатында. Екінші орында Ақмола облысы. Бұл өңір бір сәтте 22,3 мың адамды  қабылдай алады. Ақмола  аймағы «Шортанды», «Зеренде», «Бурабай» зоналарымен, «Қорғалжын» қорығымен танымал. Үшінші кезекте Қарағанды облысы.  Бір сәтте 12,7 мың адам қабылдай алатын бұл аймақта «Қарқаралы» курорттық зонасы ерекше беделге ие. Алматы облысындағы «Алакөл», «Тамғалы» қорық-мұражайы, Шарын арнасы да көп жағдайда шетелдік туристердің таңдауы жиі түсетін орын ретінде аталып жүр.

Ал, Атырау облысы бұл рейтингтің ондығын аяқтап тұр. Облыс бір мезгілде 3 725 мейманды қабылдай алады. Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында аймаққа келген туристер саны 17 мың 682-ні  құраған. Сондықтан, халықаралық іс шара аясында өлкемізде тарихи туризммен бірге, экотуризм, саятшылық пен аң аулау орындарын дамыта түсу артық етпейді.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз