Еліміздегі ең биік Тутұғырлардың бірі Атыраудан бой көтерді (+ФОТО)
Бүгін Атырауда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай тарту-таралғы ретінде Мемлекеттік рәміздер алаңы салтанатты жағдайда ашылды. Шараға облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов, «Теңізшевройл» компаниясының бас директоры Имер Боннер, Мемлекет және қоғам қайраткерлері мен атыраулықтар қатысты.
Алаңда ақын Нұржан Өмірбаевтың «Мен қазақпын» әні әуелеп тұрды. Ашық аспан астындағы шараның ашылу салтанатында марш екпініндегі әуенмен Мемлекеттік Ту жоғарыға көтерілді. Шараға қатысушылар Мемлекеттік Туға қарай бет түзеді. Мемлекеттік Гимн ойнап, жаңа нысанның ашылуы атыраулықтарға ерекше көңіл-күй сыйлап, патриоттық рухын көтерді. Салтанатты жиында облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов барша атыраулықтарды айтулы күнмен құттықтады.
- – Бүгін, міне, қаламызға әр беретін айшықты нысандар қатары айбынды алаңмен толықты. Көк байрағымыз көкпен ұштасты. Өз дәуірінде даңқты бабаларымыз бөрілі байрақ ұстап, бағаналы орда құрған. Сондықтан да Ту біз үшін – қанымызда қайнаған намыс, рухты көтеретін құдірет. Атамекеніміздің төріне алып Ту тігу – біз үшін асқан абырой, зор мәртебе. Қаланың көркін ашқан байрағымыз өңірдің айбынын асқақтата түсуде,- деді Махамбет Жолдасқалиұлы.
Айта кету керек, осындай Мемлекеттік Ту Нұр-Сұлтан, Алматы секілді елдің ірі қалаларында орнатылған. Атыраудың сәулетіне ерекше көрік қосқан бүгінгі Ту тұғырдың биіктігі – 91 метр. Бұл биіктік өлшемі Қазақстан Республикасының дербес мемлекет атанып, Тәуелсіздік алған 1991 жылға негізделіп алынған. Тұғыр жалауды үнемі көрініп тұруы үшін қолмен немесе электр жетегімен көтерілетін көп қырлы болаттан жасалған конустық немесе дөңгелек конустық тірек. Ал, Тұғырға бекітілген Тудың ауқымы 15 метр де 30 метр көлемді құрайды. Мемлекеттік рәміздер алаңының төрінде Мемлекеттік Елтаңба мен Гимн орналасқан. Сондай-ақ, Алтай мен Атыраудың арасын алып жатқан қасиетті Ұлы Даланың картасы бейнеленген. Аталған тутұғыр құрылысы әлеуметтік инфрақұрылымдық жобалардың «Игілік» бағдарламасы аясында «Теңізшевройл» компаниясының демеушілігімен жүзеге асты.
Салтанатты шарада «Теңізшевройл» компаниясының бас директоры Имер Боннер құттықтау лебізін білдірді.
- Компанияның барлық қызметкері атынан баршаңызды айтулы мерекемен құттықтаймын. Қазақстан Республикасында бейбітшілік салатанат құра берсін. Елде молшылық болғай! Сондай-ақ, 2021 жылдың жақсылығы көп болсын деп тілеймін. Осынау еңселі Тутұғыр мәртебемізді асқақтата берсін, — деді Имер Боннер.
Салтанатты жиында Мемлекеттік рәміздер алаңының лентасын облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов пен «Теңізшевройл» компаниясының бас директоры Имер Боннер қиды.
Алдағы уақытта тутұғырдың айналасына 6500 шаршы метрге жасыл гүлзарлар, бұталы қоршау болатын 8500 бұталы көшеттер, 44 қылқан жапырақты және 70 жапырақты ағаштар отырғызылады. Жасыл желектерді суару үшін автоматтандырылған жүйе қолданылады. Нысанның қауіпсіздігіне де басым мән берілген. АҚШ инженерлері тутұғырдың компьютерлік моделін жасап, оны әртүрлі ауа райына, атмосфера мен жел жылдамдығына қатысты сынап көріп, техникалық қызмет көрсетудің ең қауіпсіз нұсқалары анықталған.
- Сіз не дейсіз?
Амангелді ШАМҒОНОВ,
тарих ғылымдарының докторы:
Рухты асқақтатар ерекше нысан
- Тутұғырдың салтанатты түрде ашылуына арнайы келдім. Өйткені, бұл көптен асыға күткен мереке болды. Дәл қазір «Көк Тудың желбірегені» әуенімен Атыраудың төрінде мұндай алып тутұғыр бой көтерді. Бұл – біз үшін зор мәртебе. Мұндай нысанның ашылуы, 91 метр биіктікте көк Тудың желбірей түсуі әр адамға ерекше патриоттық рух береді. Жастардың отаншылдық сезімін одан әрі арттыра түсері сөзсіз. Сондай-ақ, бұл қала көркіне ерекше көрініс қосқан сәулет өнері болып табылады.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ